Әліпби қабылдау бір белес, алда негізгі екінші белес тұр - Рахман Алшанов
2017 ж. 21 қараша
2236
18
Бүгінгі таңда еліміздегі ең өзекті мәселе - ол латын әліпбиіне көшу. Белгілі зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері латын әліпбиіне көшуді қолдауда. Сондай-ақ, қабылданған әліпбиді іс жүзінде қолдану мәселесі де назардан тыс қалмай, ел арасында үміті мен күдігі қабаттасқан сан сауалдар тудыруда.
Осыған орай Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі.
- Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің ұсынылған жобасын бекітуге байланысты саяси шешім қабылданды. Өздеріңіз білесіздер, латын әліпбиін қоғам болып қызу талқыладық. Мұндай жағдай бірде-бір елде болған емес. Әрине, әліпби қабылдау бір белес болса, алда негізгі екінші белес тұр. Ол өте үлкен жауапкершілік. Өйткені, қабылданған әліпбиді іс жүзінде қалай қолданамыз, оқушыларға қалай білім береміз, оның грамматикалық, орфографиялық ережелері қалай болмақ, ертең газет-журналымыз бен кітап, оқулықтарды қалай шығарамыз, ұстаздарды қалай оқытамыз, оқушылар ҰБТ-ны қалай тапсырады деген секілді сан сауалдарға жауап керек, - дейді Алшанов.
Оның сөзінше, мұның бәрі 2025 жылға дейін өз шешімін табуы тиіс сауалдар. "Өйткені, бұл жерде сауаттылық мәселесі жатыр" деп түйіндеді сөзін Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы.
qazaquni.kz