Қазақтың мүддесін қорғап жүрген өзге ұлт өкілдерін құрметтеуіміз керек
2017 ж. 31 қазан
2694
6
Ұлт тілі әрқашанда сол халықтың өсуі мен өркендеуінің құралы, халық рухының негізі, ана тілісіз ұлттың дамуы мүмкін емес. Бұны ғұламалар мен даналар ежелден шексіз айтып келді, қазір де айта береді, өйткені тіл өшкен жерде ұлт жоғалады. Бұл қағидаларды ешкімде ұмытпауы керек және қайталаудан қазір де жалықпауымыз қажет.
Қазақтың қадырын асырып, оның жан дүниесін жырлаған, өмірлік шығармаларын мәңгі қалдырған ақын-жазушыларымыз-тілдің қасиеті мен құдыретін аса ерекше сезінді, қазақ тілі туралы тәтті де, қатты айтып кетті.
Тәуелсіздік алдық деп төс қаққалы 26 жыл болса да, 1989 жылы 22 қыркүйекте – Тіл туралы Заң қабылданса да, Конституцияның 7-бабында: "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі" деп анық жазылса да, ана тіліміз өз ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ жетім баланың күйін кешіп отырғаны баршамызға аян. (Əрине, қазақ тілінде бала-бақша мен мектеп ашылып жатқандарын жоққа шығармаймыз).
Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Алайда, мемлекеттік тілдің дамуы көбіне қағаз жүзінде іске асып, қоғамдық қолданыста қазақ тілі, ресми тіл-орыс тілінің көлеңкесінде қалып отырғаны ащы болса да шындық. Бұл сөздеріме ақпарат құралдары мен əлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатқан Кереку қаласындағы қоғамдық көліктерде Тіл туралы Заң талаптарының сақталмауы жəне "Эйр Астана" АҚ ұлттық әуекомпаниясын мемлекеттік тілді құрметтемеуі дəлел болады.
Қоғам белсендісі, тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегі патриоттық сезіммен, ана тілі тапталғасын қоғамдық көлікті тұрғызған еді. Ал, түрік азаматы, қазақ тілінің жанашыры, журналист Оғыз Доған әуе компаниясын мемлекеттік тілді құрметтемегені үшін айыптап, моральдық өтемақы талап етті.
Р.Бейсенбайтегі мен О.Доғанның бұл заңды талаптары, үлкен азаматтық, екінің бірі қолынан келмейтін батылдық және жоғары патриоттық сезім. Екеуі де қазіргі заманның халық батырлары.
Өкініштісі сол, БАҚ пен əлеуметтік желілерде өз кейбір қазағымыз бен билігіміз Руза апамыз бен Оғыз биге қарсы əртүрлі арандату жəне қолдан жасаған жағымсыз сөздері арқылы оларды халыққа жексұрын етіп көрсету үшін қитұрқы əрекеттерін жасауда. Əлеуметтік желіні қолданушы (ол фейк немесе үш əріп адамдары) Оғыз Доғанға "сатқынсың" деп тіл тигізген жəне "аңқау елге арамза молда" кебін киіп қазақты алдап жүрген түрік азаматын несіне қолдайсыңдар"- деп жазған.
Жетім күйін кешіп жүрген ана тіліміздің мәртебесін шетел азаматы қорғаса, неге қуанбасқа? Егер Оғыз Доған соттан 10 млн теңге сұраса онда мемлекеттік тілімізді жеке қара басына пайдаланып жүр деп ойлар едік. Түрік азаматы олай істеген жоқ, өзіне келтірген моралдық шығынды 1 (бір) теңгеге теңеп, алып компаниядан 1 теңге ғана моралдық өтемақы талап етті. Оғыз Доған тіл құндылығын ақшадан жоғары қойып, қазақ ұлтының мүддесін ғана көздеп отыр. Бұл оның азаматтығы және адамгершілігі. Өзге ұлт өкілі болса да, мұндай азаматты қолдап аспанға көтеруіміз керек.
Себебі, елімізде өзге ұлт өкілдері Е.Г.Брусиловский, А.В.Затаевич, Л.Хамиди қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына орасан үлес қосты.
"Қазақтың нанын жеген адам, тілін де үйренсін!" деген белгілі қоғам қайраткері, ғалым, тіл жанашыры өзге ұлт өкілі Асылы Осман мемлекеттік тілдің дамуына үлкен тер төгіп жүр. Бұлардың барлығын сатқындар, жеке мүдделерін ойлап жүр деулері үлкен əбестік, надандық және өз тарихын білмегендік, өз ұлтын сыйламағандық.
Оғыз Доғанның есімінде ұлтымызға орасан еңбектері сіңген өзге ұлт зиялары Е.Г.Брусиловский, А.В.Затаевич Л.Хамиди, А.Осман қатарына жатқызамыз.
Сотта Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі жеңіп, ана тілімізді құрметтемеген "Эйр Астана" АҚ ұлттық әуекомпаниясы халықтан кешірім сұрайды деп сенейік. Осы азаматтық істі сотқа берген Оғыз Доғанды және мемлекеттік тілімізді қорғайтын қорғаушы Абзал Құспановтың кәсіби біліктілігіне сенеміз және қолдаймыз.
Талғат Қатауов, қоғам белсендісі
Орал қаласы
Abai.kz