Атыраулықтар алдағы күнге сенімді
2017 ж. 06 қазан
3765
0
Атырау аймағы еліміз Тәуелсіздік алған кезден бастап қайта түлеп, өзінің жаңаша экономикалық даму дәуірін бастағаны баршамызға белгілі. Кеңестік кезеңде ауызға алына бермейтін бұл қойнауы қазба байлыққа толы берекелі өлке өзінің екінші өмірін бастады десек қателеспейміз. Мұнайдың мол қоры ежелгі қазақ жерін әлемге әйгілі етіп қана қоймай, ел байлығын еселеп келеді. Демек, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға толық мүмкіндік бар деп айтуға негіз бар.
Еліміздің өзге өңірлері сияқты атыраулықтар алдымен біздің қоғамға ортақ «Өрлеу», «Жол картасы – 2020», «Нұрлы жер», Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы сияқты бірқатар мемлекеттік нақты жоспарларды іске асыру жолында еңбек етуде. Тұрғындардың тұрмыс деңгейін барынша көтеріп, қазіргі заманға сай қоғам қалыптастыруға өздерінің мол үлестерін қосып келеді. Әрине, мұнайдың мол қоры болған соң бұл өңір тұрғындарының өмірі ертегідегідей ғажайыпқа айналды десек ақиқаттан алыс кеткен болар едік. Нарықтық қатынастар орын алған жүйеде тұрғындарды жүз пайыз миллионер ету мүлдем мүмкін емес. Біріншіден, жаңа жүйеге адамдарымыздың бәрі бірден қалыптаса алған жоқ. Екіншіден, нарық табалдырығын тұрғындарымыз түгелдей біркелкі мүмкіндікпен аттамағаны да белгілі. Еліміздегі жаппай жекешелендірудің қалай өткенін еске алсақ та жеткілікті. Сондықтан әлеуметтік жағынан нашар қамтылған адамдар Атырау аймағында да баршылық. Мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бөлігі еліміздегі осындай топтарды қолдау үшін құрылған. Ал, ондай топты негізінен жұмыссыздар, зейнеткерлер, мүгедектер, кәмелетке толмаған балалар және әке-шешесіз қалған жетімдер құрайды.
2017 жылдың 1-қаңтарынан бастап жасына байланысты зейнетақы мөлшері 9 пайызға, шілде айынан бастап 11 пайызға өсіп, облыс бойынша барлығы 55334 адам зейнетақы алады. Мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 1-қаңтардан бастап 7 пайызға өсірілді. Аймақта 30975 адам мемлекеттік жәрдемақы алады. 2017 жылғы 1-мамырға Атырау облысы бойынша базалық зейнетақының орташа мөлшері 55 417 теңгеге көтеріліп, мемлекеттік жәрдемақы алушылар мен зейнеткерлердің жалпы саны – 77 774 адамға жетті.
Қуат көздерінің және дүниежүзілік бас ауруына айналған доллар бағамының қайта-қайта көтерілуіне байланысты тұрғын үйлердегі коммуналдық төлемдердің бағасының қымбаттауы халықтың жағдайына тікелей әсер етуде. Сондықтан әлеуметтік жағынан нашар қамтылған отбасыларына тұрғын үй көмегі ауадай қажет. 2017 жылғы 1 шілдеге Атырау облысы бойынша тұрғын үй көмегі 702 отбасына тағайындалды. Тағайындалған тұрғын үй көмегінің мөлшері 20,2 млн. теңге көлемінде болды. Өткен жылдың сәйкесті кезеңінде аталмыш жәрдемді алушылар саны 700 отбасы болған. Орташа айлық мөлшері 5468,0 теңге.
Әлеуметтік қолдау көрсетілуге тиісті тағы бір топ – оралмандар. Оларды баспанамен, жұмыспен, түрлі білім, медицина тағы басқа қызмет түрлерімен қамту да үлкен іс пен қомақты қаржыны талап етеді. 2017 жылғы 1 жартыжылдықта Атырау өңіріне 99 адамнан тұратын 59 отбасы көшіп келіп, оралман мәртебесін беру туралы өтініш берді. Көшіп келген оралмандардың ішінен Өзбекстан Республикасынан 85 адамнан тұратын 48 отбасы, Ресей Федерациясынан 1 отбасы, Қытай Халық Республикасынан 11 адамнан тұратын 8 отбасы, Түркменстан Республикасынан 2 отбасы көшіп келіп, оралман мәртебесін алды. Көшіп келген оралмандардың құрамында еңбекке қабілетті жастағы 62 адам, 30 адам 18 жасқа дейінгі балалар, 7 зейнеткер бар.
Қазіргі әлемдік нарық талабына сәйкес, отандық өндірісті дамыту үшін шетелдермен экономикалық қарым-қатынас та қажет. 2017 жылы Атырау облысына 8090 шетелдік маманды жұмысқа тартуға квота бөлінді. Жыл басынан бері 5084 шетелдік маманды Атырау облысы аумағына жұмысқа тартуға рұқсат берілген-ді. Оның ішінде 54 адам 1-санатты мамандар, 816 адам 2-санатты мамандар, 2357 адам 3-санатты мамандар, 1251 адам 4-санатты шетелдік мамандар. Маусымдық жұмысқа тартылған шетелдік қызметкерлер саны - 600 адам.
2017 жылғы 1 шілдеге Атырау облысы бойынша жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен 330 отбасындағы 1575 азаматқа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, бұл көмек түрін алушылар саны 2016 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 28,3%-ға төмен, тағайындалған әлеуметтік көмек сомасы 26,5 млн. теңгені құрады. Атаулы әлеуметтік көмектің айлық орташа мөлшері 2809,0 теңге.
Сол сияқты жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен отбасылардағы 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақымен 3644 отбасындағы 11209 бала қамтылды. Мемлекеттік балалар жәрдемақысын алушылар саны 2016 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 12,7 %-ға төмендегенін айта кеткен жөн. Бұл бағыттағы тағайындаулардың жалпы сомасы 126,2 млн. теңгені құрады. «Өрлеу» жобасына 199 аз қамтылған отбасындағы 1151 адам тартылып, оларға 35,5 млн. теңге шартты ақшалай көмек тағайындалды. Жобаға тартылған отбасылардағы 216 жұмыссыздың 199-ы жұмыспен қамту шараларына тартылды.
Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы белгiленген кедейлiк шегiнен төмен жеке адамдарға мемлекеттен ақшалай нысанда берiлетiн төлем. Бұл көмектi Қазақстан Республикасы азаматтары, оралмандары, босқындары, шетелдiктердiң және елімізде тұрақты тұратын, азаматтығы жоқ адамдардың алуға құқығы бар.
Мүгедектердi және стационарлық емделуде бiр айдан астам уақыт кезеңiнде болатын адамдарды, магистратура мен аспирантураны қоса алғанда, күндiзгi оқыту орнында оқитын оқушылар мен студенттердi, тыңдаушылар мен курсанттарды, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектердi, сексен жастан асқан адамдарды, жетi жасқа дейiнгi балаларды бағып күтумен айналысатын азаматтарды қамтиды. Жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органдарда тiркелмеген жұмыссыздарға және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң белсендi шараларына қатысудан жазбаша түрде бас тартқандарға атаулы әлеуметтiк көмек тағайындалмайды.
Отбасының жиынтық табысына, тұрғын үй көмегi мен атаулы әлеуметтiк көмектен, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң белсендi шараларына қатысу шеңберiнде мемлекеттiк қолдау шараларынан басқа, белгiленген уақыт кезеңiнде ақшалай немесе заттай нысанда нақты алынған табыстардың барлық түрi енгiзiледi.
Балаларға арналған жәрдемақы отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы ескерiле отырып ағымдағы тоқсанға тағайындалады және өтiнiш берген айдан бастап ай сайын төленедi. Балаларға арналған жәрдемақыларды тағайындау үшiн, өтiнiш берушi тұрғылықты тұратын жерi бойынша балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау және төлеу жөнiндегi уәкiлеттi органға немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына өзiнiң және барлық отбасы мүшелерiнiң ЖСН болған кезде өтiнiштi ұсынуы қажет.
Облыстағы барлық санаттағы мүгедектердің саны 2017 жылдың 1-ші шілдесіне – 19 920 адам, оның ішінде бірінші топтағы мүгедектер-1549 адам, 8689-ы екінші топтағылар, 6632-і үшінші топты құраса, 3050-і мүгедек балалар. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру бағытында «Мүмкіншілігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту картасы» жасақталып, әлеуметтік қолдау жөніндегі болжамдық іс-шаралар жоспарланды.
Ағымдағы жылдың 1-маусымына халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласқан мүгедектер - 340 адам, оның ішінде 293 мүгедекке әртүрлі әлеуметтік көмек түрлері көрсетілді:
– тұрақты жұмысқа орналасқаны 53 адам (оның ішінде квота бойынша – 22 адам);
– қайта даярлау курстарына жіберілгені – 28 адам;
– ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілгені – 189 адам;
– әлеуметтік жұмыс орнына – 15 адам;
– жастар тәжірибесіне – 7 адам;
Қазір облыстық мүгедектерді сауықтыру және 3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жұмыс iстейдi. Олар: «№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы», «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы», «№4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемелері. Бұл мекемелер бір мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Үйде әлеуметтiк қызмет көрсетудi 8-аумақтық бөлімшелер, 6 селолық, аулдық округтер арқылы жүзеге асырады. Бұл бөлімшелерде 215 әлеуметтік қызметкер 549 астам мүгедек балаға, 611 – мүгедектер мен жалғызiлiктi қарттарға, барлығы 1160 адамға тұрақты түрде қамқорлық жасайды.
Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жалпы еліміздің немесе белгілі бір аймақтың экономикасына тікелей байланысты екенікі түсінікті. Бұл жағынан алғанда Атырау облысы өзге өңірлерге қарағанда жан-жақты даму мүмкіндіктері мол. Әрине, алдымен мұнайдың мол қоры ауызға алынары заңды. Бір ғана мұнай өндірісі емес, аймақта өзге де салалар жақсы дамып келеді. Биылғы жылдың алғашқы айларында өнеркәсіп өнiмiнің көлемi 1 862,4 млрд. теңге болып, нақты көлем индексi – 116,5 пайызға жетті. Тау-кен өнеркәсiбiнде 1 677,2 млрд. теңге сомасына өнім өндiрiлді. 13 674,9 мың тонна мұнай және 6 687,7 млн. текше метр ілеспе мұнай газы өндіріліп, бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға көтерілді. Өңдеу өнеркәсiбi өнiм көлемiн 163,3 млрд. теңгеге жеткізді.
Химия өнеркәсібі, машинақұрылысы, басқа да металлдық емес минералды өнімдер өндірісі айтарлықтай артып келеді. 2017 жылы Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде 269 жұмыс орнын құрумен құны 4,4 млрд. теңгеге 3 жоба іске асырылуда, оның ішінде 2 жоба іске қосылды.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 9,4 млрд. теңгені құрады, соның ішінде мал шаруашылығында – 9,2 млрд. теңге және егін шаруашылығында – 203,9 млн. теңге көлемінде болды.
Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 42 500 бірлікке жетті. Бұл да өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға өз септігін тигізері сөзсіз. 2016 жылы жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құраса, оны төмендету жолындағы жұмыстар жалғасуда. Облыс бойынша орташа айлық еңбекақы 2017 жылдың 1 тоқсанында 256 232 теңгеге жетті. Бұл еліміз бойынша жоғары көрсеткіш. Демек экономикасы дамып, өндірісі өрге басқан атыраулықтар алдағы күнге сенімді.
Бек МЫРЗАҰЛЫ
qazaquni.kz