БОЛАШАҚТЫҢ ІСІ БҮГІННЕН БАСТАЛАДЫ
2017 ж. 27 қазан
3053
7
Жақында ғана Елбасы алдына латын әліпбиінің соңғы үлгісі ұсынылып, Мемлекет басшысының, негізінен, оны құптағанын аңдағанда, қазақтың жаңа әліпбиі бекітілді-ау деп, әлеуметтік желіде жаңа жазу үлгісімен таныса отырып, алғаш қазақ жұртынан сүйінші сұрай кетіп едім. Себебі, осы уақытқа дейін талай үлгілерді талқылап келдік, соның арасынан үздік ретінде озып шығып, көңілге жаққаны бір әріппен бір дыбысты беретін осы әліпби нұсқасы болатын.
Осы саланың маманы болмасам да, төл әліпбиімнің үлгісінің иесі болуыма мен сияқты қазақ жастары толық құқылы әрі келешек қолданушысы һәм сақтаушысымыз. Сол себепті қос қолдап қолдауымыз да заңдылық. Биылғы жылы ұлт тарихындағы елеулі тарихи шешімдердің бірі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында, біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау керектігін жариялап, аталған мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап, және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындықпен тоқталғандығын айтқанда төбеміз көкке жетіп, мерейіміз тасыды. Сонау 1929 жылғы 7-тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулысымен қабылдана салысымен, латын әліпбиінің жазу үлгісі 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылғанын аракідік білеміз. Ал, 1940 жылғы 13-қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданып, қайта тілдік шұбаландырумен қатар, тұтас сол кезгі шаш ал десе, бас алатын тілдік қиянат саясатымен жалғасып тынғаны белгілі.Яғни, бұл жымысқы қадам, сол 1929 жылы шыққан заңның «бірыңғай түркі әрпіне көшу туралы» деген бұйрығы Мұстафа Шоқай, Нәзір Төреқұл бабаларымыз аңсаған түркітілдес халықтарын жақындастыратын, бірақ Мәскеуге ұнамайтын қаулысы бетке шыққан сүйелдей Кремльдің мазасын қашырды. Сөйтті де, 1940 жылы 23-қазанда кирилл қарпіне көшірілген тілдік саясаттағы реформа нәтижесі жасыратыны жоқ, халықты бір әріптен екіншісіне секірткен, артынша онсыз да сол кезде қалада алты пайызды құрап, қалғаны киізүйде жүрген басым қазақтың жадынын тіптен сауатсыздыққа ұшыратуға итермелеген озбыр саясаттың бірі болды ғой.
Міне, осы себептен қазақ жастары латын әліпбиіне көшуді – ұлт үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі деп санаймыз. Ұлы Дала елінің бірінші тұғырлы байлығы – жері, екіншісі – тілі, үшіншісі – мемлекеті және оның тарихы болуы керек. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиін әлемде кеңінен қолданылады.
Ұлт болып, жұрт болып, келешек ұрпақтың мүддесін қорғаудың басты тетігін де – латын әліпбиіне көшу бастамасы уақыты әрі өміршең болуы тиіс. Сонда саяси жағынан да, рухани құндылық жөнінде де ел тәуелсіздігінің мерейі үстем, керегесі биіктей түспек.
Латын әліпбиі хақында қарама-қайшы пікірлердің болуы заңдылық. Қиындықтар келеді, кетеді, тіл тазалығы, өркендеуі, әлемдік кеңістікке шығуы сақталады. Сол себепті, «шешінген судан тайынбас» деген даналы сөз бар. Әлемдік тәжірибеде, Түркия құрылған кезде түріктер 30 пайыз ғана болған. Сол кезде Мұстафа Кемаль Ататүрік «Бұл түріктер құрған мемлекет, сондықтан, бұл жерде бәрі түрікше болады. Түрікше сөйлеген адам ғана – түрік» деген. Түбінде Елбасының сарабдал, салмақты жүргізген саясаты, қазақ шаңырағы астындағы барлық халықтың бір елде, бір тілде, бір арманмен өмір сүретіндігіне әкеле жатыр. Түсіне білгенге маржан.
«Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген екен тағы да Ахмет Байтұрсынұлы. Қазір қолға алып жатқан дүниенің бәрі жастар, ұрпақ үшін жасалып жатқан тірлік. Ол үшін қазақтың жазуы ұлттық болуы керек. Латын әліпбиінің арқасында жүретін елдегі тілдік реформа – үлкен үміт пен мүмкіндіктердің алдында тұр. Латын әліпбиі – ертеңнің құралы, келешектің жетістігі, осыны ұмытпайық!
Мақсат ЖАҚАУ,
«Абай жолы ұлттық құндылықтар мектебі»
Қоғамдық қорының президенті
qazaquni.kz