«БІРЕУ ТОЙЫП СЕКІРЕДІ, БІРЕУ ТОҢЫП СЕКІРЕДІ»
2017 ж. 27 қазан
3743
3
Біздегі мемлекеттік мекемелер бағасы аса қымбат шетелдік көліктерді сатып алып жатыр. Мәселен, жуырда ғана Астана қаласы әкімдігі 54,9 миллион теңге тұратын «Mercedes Benz S-Class» көлігін арнайы тапсырыспен алдыртыпты.
«ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары кеңесінің басқарма төрағасы Олег Алферовтың айтуынша 2017 жылы шетелдік көліктерге деген сұраныс мемлекеттік мекемелері тарапынан күрт артқан көрінеді. Мәселен, 2016 жылы шетелден тек 67 дана көлік әкелінсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш бес жүзден асып кеткен.
«Ең қомақты сауданы Астана қалысының әкімдік аппараты жасады. Олар 54,9 миллион теңгеге «Mercedes Benz S-Class» автокөлігін сатып алған. Сондай-ақ, биыл 22 миллион теңге тұратын «Toyota Land Cruiser-200» жол талғамайтын көлігін Алматы, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері сатып алды. Бұл тізімді жалғастырып кете беруге болады, жыл басынан бері мемлекеттік мекемелерге барлығы 508 көлік шетелден әкелінді», – дейді Алферов.
Естеріңізде болса осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы шенеуніктерге шетелдік көлік мініп шіреніп жүруді доғару керектігі туралы қатаң ескерткен болатын. Министрлер мен әкімдерге тек отандық көлік сатып алуды тапсырған-ды. Алайда, Елбасының бұл тапсырмасын алғашқы жылдардың өзінде орындаған шенеуніктер саны тым аз болған-ды. Енді міне Елбасының сол айтқаны шенеуніктердің есінен шығып, өз білгендерін істеуге қайта кірісті.
Бұны қалай түсінуге болады? Елбасының тапсырмасын әкімдіктегілер мүлдем елемейтін болғаны ма? Әлде отанымызға орасан еңбегі сіңіп, соның қайтарымы ретінде өздеріне қымбат көлік қана лайық деп санай ма? Жоқ, оған мүлдем ұқсамайды. Әкімдіктегілердің қызметі өтіп бара жатса, халық әділ бағасын беріп, өздері-ақ айтар еді ғой. Әзірше көпшіліктің ондай ақ алғысын естіген жоқпыз. Бәлкім халық алдында жермен жексен болған беделін қымбат көлік мініп көтергісі келе ме? Олай ойласа оңбай қателескендері. Шын мәнінде әкімдер алдымен өздерінің емес, заң бойынша бірінші кезекте тұрғындардың қамын қарастыруға міндетті еді ғой. Тұрғындардың тұрмысын ойласа қымбат көлікке кеткен миллиондаған ақшаға балабақша салып берейік деп жүгірер еді. Басқасын айтпағанда дәп сол Астана мен Петропавл қалаларында қыста жағатын көмір таба алмай күзгі қара суықтан қалтыраған қарапайым адамдардың жанайқайынан шенеуніктерге деген ашу-ызаны ғана аңғаруға болады. Қақаған қыс алдында отынсыз, жанар-жағар майсыз қалу оңай емес. Оны реттеуге тиісті, қала тұрғындарын қыста отынмен, жанар-жағар маймен қамтамасыз ету шараларын дер кезінде ұйымдастыруға міндетті шенеуніктер шөп басын сындырмаған. Сөйте тұра, халықтан қымсынып, сәл де болса ұялудың орнына қымбат көлік мініп, олардың алдында жырғап жүрмекші. Қала халқының қымбаттаған азық-түлік пен отын сатып ала алмай отырғаны олардың ойына да кіріп шықпайды. Соған қарағанда халықтың арқасында өмір сүріп жатқан әкімдіктегілердің тұрмысы өте жақсы сияқты. Ал, қыста отын таба алмай бүрсеңдеген бұқараның жағдайы керісінше. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген осы емес пе?..
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz