Көкше келбеті
2017 ж. 27 қазан
2816
0
Ақмола облысы Ұлы даланың орталығында орналасқан аймақтардың бірі. Жері жағынан 150 мыңдай шаршы шақырым аумақты алып жатқан бұл өңірді миллиондаған адамдар мекен етеді. Еліміздің елордасы Астана қаласы мен жер шоқтығы атанған Көкше өңірі, атақты Бурабай курорты да осы облыс аумағында. Әкімшілік орталығы Көкшетау қаласы күн санап дамып келе жатқан шырайлы шаһарларымыздың бірі.
Ақмола облысының да өнеркәсібі өзге өңірлер сияқты негізінен өндіру және өңдеу салаларынан тұрады. Ауыл шаруашылық машиналарын жасауға, астық өндіруге, сүтті, етті төрт түлік мал өсіруге мамандандырылған. Аймақта ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдайлар қалыптасқан. Жергілікті өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту бағытында бірнеше мемлекеттік бағдарламалар іске қосылған. Оның ішінде шағын және орта бизнес пен ауыл шаруашылығы саласындағы фермерлік шаруашылықтар жақсы дамып келеді. Оларды қаржыландыруға мемлекеттік бағдарламалардың тигізер оң әсері мол. Облыста осы бағдарламалар арқылы өндірісті дамытуға үнемі баса көңіл бөлінеді. Демек жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндіктер бар деген сөз.
Дүниежүзілік банктің қолдауымен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен жергілікті атқару органдар өкілдерінің қатысуымен биыл Ақмола облысында «Өрлеу» жобасын қолданысқа енгізу бойынша екі күндік республикалық ауқымды семинар өткізілген болатын. Оның Ақмола аймағында өткізілуінің де өзіндік себебі бар. Жоба 2014 жылдан бері алдымен Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында, 2015 жылдың шілдесінен бастап өзге де 87 ауданда сынақ негізінде басталғаны белгілі. 2016 жылы 2015 жылмен салыстырғанда жоба ауқымы екі есеге кеңейіп, 182 аудан мен қалаларды қамтыды. Бұл ел аумағының басым бөлігі. 2017 жылы жоба Қазақстанның барлық облысын толықтай қамтып, кеңінен таралды. Жыл басынан бері еліміз бойынша пилоттық негізде қанат жайып келе жатқан «Өрлеу» бағдарламасына 122,9 мың адам қатысып үлгерді. Халық арасында кеңінен қолдау тапқан аталмыш бағдарламада көзделген басты мақсат - қайта оқыту мен нәтижесінде жұмысқа орналастыру арқылы аз қамтылған азаматтар мен олардың отбасына көмек көрсету немесе әлеуметтік шартқа қол қою арқылы дербес бизнес ашуға жәрдемдесу және шартты төлемдермен қолдау жүйесін іске асыру болып табылады. Семинар барысында өңірлерде «Өрлеу» жобасын жүзеге асыру, жұмыспен қамту орталықтары арқылы шартты ақшалай көмек берудің жаңа тетігі, жобаны тиімді жүзеге асыру тұрғысында ақпараттық-түсіндіру жұмысын одан әрі жүргізу тұжырымдамасы және 2018 жылдан бастап жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу мәселелері қаралды. Қазіргі уақытта, «Өрлеу» жобасы, аз қамтылған еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына міндетті қатысу талабымен, әлеуметтік шартқа отыру жолымен атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіру жүйесін жаңғырту аясында атқарылуда. Елбасы жариялаған бес институционалды реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 84-қадамын іске асыру бағытын басшылыққа алып, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Өрлеу» жобасының бастапқы сәттерінде қолданылған әдістер негіз болған атаулы әлеуметтік көмекті көрсетудің жаңа тәртібін енгізу қарастырылған ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заңы қабылданды. Аталған Заңның аясында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек қазіргі қолданыстағы көпбалалы отбасыларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысы және ескі сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек орнына жұмысқа жарамды отбасы мүшелерінің міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына белсенді қатысу талабымен, әрбір мүшесін санағанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыға төленетін болады. Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми интернет-ресурсы деректері бойынша 2017 жылғы 1 тамызға облыста әлеуметтiк төлемдердiң жалпы сомасы 694 138,9 мың теңгеге 28 149 қызмет алушыларға тағайындалды. Олардың iшiнде 28 002 адамға 677 862,2 мың теңге төлендi. Атап айтқанда: - АӘК — 8010,6 мың теңге сомасына 411 адам, МБЖ — 57702,8 мың теңге сомасына 5438 бала, МБМҚЕ — 8811,3 мың теңге сомасына 306 мүгедек-бала, ТҰК — 37759,3 мың теңге сомасына 2466 адам, қосымша көмек — 53245,3 мың теңге сомасына 3227 адам, жергiлiктi өкiлдiк органдардың шешiмi бойынша мұқтаж азаматтардың жеке санаттарына әлеуметтiк көмек — 478 326,3 мың теңге сомасына 14 183 адам, ШАК — 34 006,6 мың теңге сомасына 1971 адам қамтылды.
Атаулы әлеуметтiк көмек үшiн облыс бойынша 123 отбасы өтiнiшпен жүгiндi. Аталмыш көмек биылдың өзінде 411 мүшесі бар 107 отбасыға тағайындалып, ол дер кезінде төлендi.
Жұмыспен қамтудың қабылданған белсендi шаралары арқасында кедейлiк шегiне дейiнгi табысы бар аз қамтамасыз етiлген отбасыларды анықтап, есепке алуға мүмкiндiк бердi. Осылайша, облыстың 11 ауданында осы жәрдемақыны алушылар былтырғыға қарағанда азайды. Ақкөл, Астрахан, Егiндiкөл, Еңбекшiлдер, Ерейментау, Есiл, Жақсы, Қорғалжын, Сандықтау, Целиноград, Шортанды аудандарда бұл жәрдемақыны қажет ететіндер жоқ. Демек бұл аудандарда тұрғындардың жағдайы қалыпты деңгейде деген сөз.
АӘК алушылардың қатарынан еңбекке қабiлеттi азаматтардың саны 115 адамды құрайды, соның iшiнде күтiммен айналысатын адамдар 71 адам. Олардың қатарында 3 жасқа дейiнгi бала күтiмiмен айналысатындар — 55 адам, 3 жастан 7 жасқа дейiнгi — 16 адам. Қазiргi уақытта жұмыспен қамту бөлiмдерiмен «Өрлеу» жобасына 3 жастан 7 жасқа дейiнгi бала күтiмiмен айналысатын адамдарды тарту және жұмысқа орналастыру мәселесi одан әрі қарастырылуда.
18 жасқа дейiнгi балаларға арналған мемлекеттiк балалар жәрдемақысы 5304 адамға тағайындалды, қосымша шараларды іске асыру барысында 5438 адамға төлендi. Жәрдемақы алушы балалардың ең көп саны ауылдық жерлерде тұрады. Үйде тәрбиеленетiн және оқытылатын мүгедек-балаларға материалдық көмек 309 балаға тағайындалды, бүгінгі күнге дейін 306 балаға төлендi. Тұрғын үй көмегi 1784 отбасыға тағайындалып, 1732 отбасыға төлендi. Жыл соңына дейін жоспар толығымен орындалады.
2016 жылдың ұқсас кезеңiмен салыстырғанда отбасын жандандырудың әлеуметтiк келiсiмшартын жасаған отбасылар 577 адамға көбейдi. Бұл түсіндіру жұмыстары мен тұрғындар арасында нақты шараларды іске асыру барысында атқарылған жұмыстардың нәтижесі. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң белсендi нысандарына 510 адам тартылды соның iшiнде: тұрақты жұмыс орнына орналастырылғаны — 321 адам, НЖжЖК бағдарламасы бойынша — 189 адам.
Бағдарламалардың орндалуы бірінші кезекте қаржыға байланысты екені белгілі. Оны негізгі аса қажет салаға бағыттап, нақты орындалуын қатаң бақылау да аса маңызды. 2017 жылы облыста әлеуметтiк төлемдердiң жалпы сомасы — 1 159 100 мың теңге деңгейіне көтерілді. Жергiлiктi өкiлдiк органдардың шешiмi бойынша мұқтаж азаматтардың жеке санаттарына әлеуметтiк көмек ретінде748 618 млн. тн. бөлінді.
Мүгедектердiң орталықтандырылған қорының мәлiметi бойынша облыста 28 637 мүгедек тұрады. Ұлы Отан соғысының ардагерлерi мен мүгедектерiнiң саны — 100 адам, Ұлы Отан соғысының ардагерлерi мен мүгедектерiне теңестiрiлгендер — 1 378 адам, тыл еңбеккерлерi — 6 195 адам. Қазақстан Республикасында мүгедектердiң құқықтарын қамтамасыз ету және өмiр сүру сапасын жақсарту жөнiндегi 2012-2018 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарын жүзеге асыру аясында облыста 1 672 әлеуметтiк инфрақұрылымдық маңызы бар нысандар мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетiмдi етiлдi. 2015-2017 жылдарға арналған «Паспортталған нысандарды бейімдеудің жалпы санын ұлғайту» жоспары толықтай орындалды.
Жыл сайын мүгедектердi құрылғылар және оңалту қызметтерiмен қамтамасыз ету үшiн облыстық бюджеттен ақшалай қаражат бөлiнедi. 2017 жылға осы мақсатта жалпы сомасы 303 млн.теңге қарастырылған-ды. Бұл қаржыға санаториялық-курорттық емделуге 128,7 млн. теңге сомасына 1 662 мүгедек, оның iшiнде 27 бала жiберiлдi. Тифлотехникалық құралдардарға 17,6 млн. теңге бөлініп, 378 құрал берiлдi, 382 бiрлiк сурдотехникалық құралдар, 528 арнайы жүрiп-тұру құралдар (арбалар) алынды.
Мүгедектердің қала ішінде шұғыл шаруаларына бару да көптеген қиындықтар әкеледі. Кейбір құжаттарды рәсімдеу үшін кеңселерге олардың өздеріне баруға тура келеді. Осы қиындықтарды жеңілдету мақсатында «Инватакси» қызметiне 13,7 млн.теңге бөлінді. Арнаулы таксилер мүмкіндігі шектеулі жандарға қалаған уақытында сапалы қызмет көрсетеді.
2017 жылы республикалық бюджет есебiнен үкiметтiк емес ұйымдары көрсетiлетiн арнаулы әлеуметтiк қызметтермен 305 адамды қамту жоспарланған-ды. 69,1 млн.теңге. қарастырылған бұл қызметпен 340 адам қамтылған. Мемлекеттiк сектор аясында облыста үйде әлеуметтiк көмек көрсетудiң 26 бөлiмi жұмыс iстейдi, 595 әлеуметтiк қызметкер 2 809 адамға қызмет көрсетедi. Оның iшiнде, жалғыз басты мүгедектер — 127, психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек-балалар — 167, ҚҚК бұзушылығы бар — 167, 18 жастан үлкен психоневрологиялық сырқаттары бар — 137, қарттар — 2 211. 2017 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша — 331,4 млн.теңге игерiліп, мiндеттi гигиеналық құралдарымен 1 953 мүгедек қамтылып, 218,8 млн. теңге өз мақсатында жұмсалды.
Әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қорғауды қажет ететін тағы бір топ –зейнеткерлер. Олардың саны 111 мыңға жуық. 2017 жылғы маусымдағы жағдай бойынша Ақмола облыстық филиалында келесi төлемдер алушыларының саны мынандай деңгейде болды: мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы — 29296, мемлекеттiк арнайы жәрдемақы (№1,2 тiзiмi) — 659, арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы — 50702, бала тууына байланысты бiржолғы жәрдемақы — 1092, республикалық бюджеттен төленетiн 1 жасқа дейiнгi бала күтiмi жөнiндегi ай сайынғы жәрдемақы — 3605, мүгедек баланы тәрбиелейтiн алушылар — 2561, МӘСҚ-нан төленетiн 1 жасқа дейiнгi бала күтiмi жөнiндегi ай сайынғы жәрдемақы — 7165, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша — 1893, еңбек ету қабiлетiнен айырылуы бойынша — 2974, жұмысынан айырылуы бойынша — 158, жүктiлiк пен босану бойынша — 722. Ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап маусымға дейiн облыс бойынша республикалық бюджеттен берiлген зейнетақы мен жәрдемақы төлемдердiң жалпы сомасы — 38,904.млрд теңге болса, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан 1,822.млрд. теңге аударылды.
Бүгінгі күні ішкі және сыртқы халықтың көшіп-қонуы толассыз жүріп жатқанын байқау қиын емес. Оның да әртүрлі себептері бар. Шетелдегі қандастарымыз ата-жұртына оралса, ішкі қоныс аудару да одан кем түспейді. Оларды жұмыспен қамтып, түрлі әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасау маңызды мәселе. Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтiк бағдарламаларды үйлестiру басқармасының деректеріне сүйенсек 2017 жылдың 1 тамыз айына 21 отбасына (50 адам) оралман мәртебесi берiлген екен. Соның iшiнде Өзбекстаннан 15, Қытайдан 22, Қырғызстаннан 4, Моңғолиядан 12, Түрiкменстаннан 1 адам ата жұртына оралып тұрақты мекенін тапты. Оралмандар қатарынан өтiнiш жасаған 28 адам жұмыспен қамтылды. Бұл жұмыс әлі де жалғаса бермекші.
Еліміздегі барлық азаматтар секілді көркімен көз арбаған Көкше халқының бүгінгі заманға сай, лайықты тұрмыс кешуіне толық құқығы бар. Рухани және материалдық байлықтарды жасайтын да сол көкшеліктердің өзі. Қазақққа қашан да құт мекен болған, қасиетті Көкше келбеті міне осындай.
Бек МЫРЗАҰЛЫ
qazaquni.kz