Әйелдердің зейнеткерлікке ерте шығу бойынша жеңілдіктері сақталады
2017 ж. 27 қазан
11886
19
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қазақстандық әйелдердің 50 жасында зейнеткерлікке шығу мүмкіндіктеріне толығырақ тоқталып өтті. 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап, Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» идеясы мен халыққа Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік-еңбек саласын жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге аспақ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі келер жылдан бастап базалық зейнетақы тағайындау тетігі өзгеретіндігін тілге тиек етті.
Қазіргі таңда базалық зейнетақы зейнеркерлік жасына толған барлық азаматтарға бірдей мөлшерде төленсе, ынтымақты немесе еңбек зейнетақысы 1998 жылдың 1-қаңтарына дейінгі еңбек өтіліне байланысты төленуде.
Толық зейнетақыны немесе айлық еңбекақысының 60%-ын (47 АЕК-тен аспайтын) 20 жылдық еңбек өтілі бар әйелдер мен 25 жылдық еңбек өтілі бар ер азаматтардың алуға мүмкіндігі бар. Егер еңбек өтілі осыдан аз болса, сәйкесінше зейнетақы мөлшері де аз болады. Аталған айырмашылық еңбек өтілінің аздығына байланысты ұлғая береді. 1960 жылдары туғандарға бұл еңбек өтілі орташа – 18 жыл болса, 1970 жылы туғандарға – 10 жыл, ал 1980 жылы туғандарға ешқандай еңбек өтілі жоқ.
«Әйелдер арасындағы зейнетақының азаю бөлігін өтеу үшін Қазақстан Үкіметі бірқатар шаралар қабылдады. Соның бірі – 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап базалық зейнетақы төлеу тетігінің өзгеруі», – деді министр.
Осы өзгеріс негізінде базалық зейнетақы тағайындау мөлшері азаматтардың 1998 жылдың 1-қаңтарына дейінгі еңбек өтілі мен 1998 жылдан бері қарайғы бірыңғай зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысуына тікелей байланысты болмақ;
Зейнетақы жарналары салымдарының үзіліссіздігін қамтамасыз ету мақсатында, 2014 жылдан бастап жұмыс істеп жүріп, 1 жасқа дейінгі бала күтімінде отырған әйелдердің зейнетақы жарналарының 10%-ын республикалық бюджеттен субсидиялау жүзеге асып келеді.
Жинақ мөлшерін ұлғайту мақсатында, 2020 жылдан бастап жүзеге асатын зейнетақы жинақтау жүйесінде жұмыс берушінің өз қызметкерінің жинақтау есебіне тағы да 5 % мөлшерінде зейнетақы жарнасын аударуы заңмен міндеттелген.
Бұл жүйе бойынша, әйел азаматтардың алатын зейнетақы мөлшері зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысу мерзімі мен зейнетақы жинақтау жарнасын үзіліссіз аударып отырғанына тікелей байланысты болмақ.
Сол себепті де, алдағы жылдан бастап енгізілгелі отырған зейнет жасын кезең-кезеңімен жоғарылату жүйесі зейнетақы жинақтарын да ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл жүйе жыл сайын 6 айға өсе отырып, 2018 жылдан 2028 жылға дейін 10 жыл қатарынан жүзеге асырылмақ.
Сондай-ақ, әйелдер қауымының зейнетке шығу мәселесіне алаңдауына ешбір негіз жоқ. Өйткені, әйелдердің зейнеткерлікке ерте шығуы бойынша жеңілдіктер сақталмақ. 5 бала тәрбиелеген және 20 жылдық еңбек өтілі бар әйелдердің зейнеткерлікке 53 жасында шығуына мүмкіндік бар. Бұл тұрғыда мемлекет әр бала үшін жалпы алғанда 12 жылдан аспайтын, 3 жылдық еңбек өтілін есепке алмақ.
50 жасында зейнеткерлікке шығу мүмкіндігі жеке зейнетақы есебінде міндетті зейнетақы жарнасы мен міндетті кәсіби және ерікті жарналары жеткілікті мөлшерде жиналған әйелдерде сақталатын болады.
qazaquni.kz