Петропавл қаласының 200 тұрғыны пәтерлі болды
2017 ж. 25 қазан
2421
0
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық бөлімшесінің директоры Райхан Әбдірахманова Петропавл қаласында жаңа баспанаға қол жеткізген тұрғындарға қонаққа барып, кездесіп қайтты. Бұл пәтерлер «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына беріліп отыр.
– Бүгінгі жаңа пәтер иелері жеке баспанаға қол жеткізу үшін міндетті түрде жоғары жалақы алатын маман болудың қажеті жоқ екенін дәлелдеді. Ол үшін орташа мөлшердегі тұрақты жалақының иесі болып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» есеп-шот ашу керек. Банк пен мемлекеттік бағдарламалар іске асырып отырған тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесінің арқасында азаматтар нарық бағасынан төмен сомаға баспана алу мүмкіндігіне ие болып отыр, – дейді Райхан Әбдірахманова.
Жаңа баспанаға ие болған салымшылардың бірі – Петропавлдағы Облыстық дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқытушысы Сұрағанов Ақжан Жайықұлы. 2008 жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» есеп-шот ашып, 2000 теңге көлеміндегі алғашқы салымын жасаған кезде Ақжан небәрі 2-курс студенті болған. Бүгінде 29 жасар Ақжан екі бөлмелі пәтер бағасының 30%-ын жинап, жаңа баспананың иесі атанды. Енді ол 11 жыл бойы ай сайын 53 000 теңге төлеп тұрмақ.
– «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» есеп-шот ашуыма кеңес берген әпкем Айнагүл еді. Студент болғандықтан алғашқы 3 жыл бойы шәкіртақымнан ай сайын 2000 теңге салып отырдым. Ал 2011 жылы жұмысқа тұрып, ай сайынғы салым мөлшерін көбейттім. 2012 жылы өмірімде үлкен өзгеріс болып, жарым Зейнегүл екеуміз отбасын құрдық. Ол Облыстық перинаталдық орталықта акушер болып жұмыс істейді. Әрине, жас отбасы болғандықтан, біз өз баспанымыздың болуын армандадық. Міне, бүгін сол арманымыз орындалды. Біз өте бақыттымыз. Ең қызығы, мен байқау қорытындысын көруге қорықтым. Көптен күткен арманымның орындалатынына сену қиын еді. Пәтер иесі атану үшін 9 жыл бойы салым жасап, байқаудан өтпей қалсам, бұл жаңалықты қалай қабылдайтынымды білмедім. Сол себепті, байқау нәтижесін әпкем Айнагүл қарады. Оң нәтижені естігенде, қуанышымда шек болмады. Ал банк ұсынып отырған пайыздық мөлшерлеменің төмен болуы бақытымды еселей түсті, – дейді Ақжан Сұрағанов.
Ақжанның оқиғасы бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында пәтер иесі атану мүмкін екенін көрсетіп отыр. Ол үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» жеке есеп-шот ашып, ай сайын төлем жасап отыру керек. Әлеуметтік баспананы аралық және алдын ала тұрғын үй заемын төлеу арқылы алуға болады. Несие бойынша берілетін жылдық мөлшерлеме 3,5%-5% аралығында. Несие тек салымшының есеп-шотында пәтер бағасының 30%-ы жиналғанда беріледі.
qazaquni.kz