АЛЫП ҚАЛАНЫҢ КҮНГЕЙІ МЕН КӨЛЕҢКЕСІ
2017 ж. 22 қыркүйек
3553
0
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыны аралап көрді. Жиында Нұрсұлтан Назарбаев қала басшылығының жетістіктерін айтып, кемшіліктерін де атап көрсетті.
Президент алдымен қалада атқарылып жатқан оң істерді атап өтті. Елбасы соңғы екі жыл ішінде қалада 100 мың ағаш отырғызылып, 42 шақырымдай арық жүйесі қалыпқа келтіріліп, 60 шақырымнан астам велосипед жолы салынғанын, соңғы бес жылда оның дамуына бюджеттен 430 млрд. теңгеден астам қаражат игерілгенін, 30 жолайрық желісі салынып, 330 шақырым инженерлік желі іске қосылғанын атап өтті.
«Бүгінде шетелдік туристің әрбір екіншісі Алматыны келіп көреді. Қалада көптеген қонақүйлер, театрлар, мұражайлар мен спорт нысандары бар. Биыл туристер санының артқаны байқалуда. Бұған «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің өтуі де септігін тигізді», – деді Қазақстан президенті. Сол сияқты Алматының экономикалық орталық рөлін жақсы атқарып келе жатқаны үшін, қаланың тарихи келбетін жасау жұмыстары үшін жылы лебіз білдірді.
«Алматының тарихи орталығының үштен бірі жаңғыртылды. Бұл қала тұрғындарын қуантып, туристерді тартады», – мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев алып қаланың жетістіктерін атай отырып, кемшін тұстарын да атап көрсетті. «Қазір Алматының шағын және орта бизнесі негізінен банк несиесі есебінен қаржыландырылуда. Бұл орайда биыл шағын бизнеске берілген банк несиесінің 43 пайызға азайғаны байқалып отыр. Әкімдік пен «Даму» қорының бизнесті қолдау көлемі небәрі екі пайызға тең», – деді Елбасы. Сонымен бірге инновациялық жобалардың жоқтығы, «Алатау» технопаркін пайдалана алмай отырғаны, қалада пайдаға аспай жатқан жерлердің көптігі, Алматыдағы көлік кептелісі проблемасы шешілмегені үшін сын ескертпелер жасады. Елбасы алып мегополистың күнгейі мен көлеңкелі тұстарын қала басшыларына ашып көрсетіп берді.
qazaquni.kz