ЖАҢА ӘЛІПБИДЕ ЕШҚАНДАЙ ҚАТЕЛІК БОЛМАУЫ КЕРЕК
2017 ж. 14 қыркүйек
1839
0
Бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин жаңадан жасалған әліпби жобасын талқылау барысында айтты.
«Баршаңызға мәлім, қазіргі уақыт ол бүкіл әлемде ақпарат технологияларының жоғары деңгейде дамуының кезеңі. Сондықтан біздің мемлекетімізде заманға сай «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес, барлық білікті мамандар бірнеше жылдың ішінде латын қарпі бойынша қазақ әліпбиінің жаңа жобасын жасады. Ең бастысы – жаңа әліпби барлық талаптарға сай болса, біз биік технологияларды меңгеруге, интернетке, ғылым мен білімге және әлемдік дамуға еркін кіретін боламыз. Бұл болашақ ұрпақ алдындағы біздің үлкен парыз және оларға қалдыратын мәңгілік мұра. Сондықтан латын жазуына көшу – зор мүмкіндік пен өте үлкен жауапкершілік. Сол үшін біздің үшінші сессиядағы алғашқы парламенттік тыңдау да Елбасының тарихи бастамасына арналып отыр», – деді Мәжіліс төрағасы.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та латын әліпбиіне қатысты пікір білдірді. «Қазіргі кезде латын әліпбиін енгізу мәселесінде тиімді пікір алмасулар жүріп жатыр, яғни алфавиттің біз үшін қолайлы нұсқалары талқылануда. Жалпы алғанда, әліпбидің барынша ықшам болғанын қалаймын және осыған байланысты ұсынылған жобаны қолдап отырмын», – деді Дәурен Абаев тілшілерге берген сұхбатында. Бұл тұрғыда министр алдағы уақытта сарапшылар мен сала мамандары әліпбиге байланысты қажетті ұсыныстарын жасайтынын атап өтті.
qazaquni.kz