Ақтауда қызымен бірге балконнан секірген әйел полицейлерден жәбір көргенін айтты
2017 ж. 22 қазан
2849
7
Ақтауда қызымен бірге балконнан секірген әйел полицейлерден жәбір көргенін мәлімдеді. Ауруханада жатқан 40 жастағы Зарина Байдосованың айтуынша, Шымкенттен барған тәртіп сақшылары бұларды кепілге алып, қорқытып, ұрып-соққан. Тіпті қызын зорламақ болған көрінеді. Содан соң құлағанда жұмсақтау болсын деп қызымен бірге жастық ұстап үшінші қабаттан секіріпті. Жамбасы сынып, миы шайқалған ол бірден полицейлердің үстінен шағым жазды. Ал оңтүстіктің ішкі істер департаменті өз қызметкерлерін жақтап, балконнан секірген әйелді күдікті деп отыр. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ұрлық жасаған Байдосова полицейлерден емес, заңнан қорқып қашқан. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Зарина Байдосова қызымен бір палатада жатыр. Екеуінің де жамбасы сынып, миы шайқалған. Дәрігерлер анасы мен қызы екі айсыз аяққа тұрмайды деп отыр. Десе де, Заринаның өзі балконнан секіргеніне бір сәт те өкінбейді. Себебі, жалдамалы пәтерге әкелген полицейлер қызы екеуіне білгенін істепті. Заринаның өзін ұрып-соқса, қызын зорлауға пиғыл танытыпты.
"Полицейлердің өзі үшеу болған. Оларға кейінірек тағы үш жігіт кеп қосылды. "Қазір ішімдік пен тіске басар бірдеңе әкеліп, тойлаймыз" деп, бізге қарап ыржыңдады. Олардың көзқарасынан қызымды зорлағысы келгенін түсіндім. Сөйтіп, екеуіміз қашуға бел будық", - деді Зарина Байдосова.
Заринаның айтуынша, қызын жалғыз бағып отырған өзінің үйі де жоқ. Алматы мен Шымкентте жұмыс іздеп, пәтер жалдап тұрған екен. Пәтердегі тұрмыстық техникасын бұзып қойғаны үшін үй иесі полицейлерге арыз түсіріпті. Ал тәртіп сақшылары пәтер иесінің сойылын соғып жүргендер дейді. "Пәтерді Шымкентте Әсем деген келіншектен жалдағанмын. Байқамай, теледидарын сындырып алдым. Содан соң қазір ақшамның жоқ екенін айтып, Алматыға барып жұмыс істеп ақша табамын да қайтарамын деп едім, көнбей қойды", - деді Зарина Байдосова.
Ал күнгейлік полицейлер бұл жағдайды мүлдем басқаша түсіндірді. Тәртіп сақшыларының айтуынша мамыр айында Зарина Байдосова жалдаған пәтерін үптеп кетіпті. Ұрлық бабымен іс қозғаған полицейлер Заринаның Ақтауда жүр деген ақпарын естіп, майор мен аға лейтенантты артынан жіберген екен.
"Үйін жалдап тұрған бір уақыт және де үйінде тұрған кезде үйіндегі дүние мүлкін сауда қылып жіберген. Санап қараған кезде үлкен мөлшерде залал келтірген. Екі миллион теңгеге жуық. Іссапарға шығу мақсаты ол күдікті азаматшаны Шымкент қаласына алып келіп, арыз бойынша түсініктеме алу керек еді", - деді ОҚО ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.
Естеріңізге салсақ, оқиға Ақтауда осыдан үш күн бұрын болды. Ол кезде Зарина қызымени бірге үшінші қабаттағы балконнан секірген. Кейін оның ұрлық жасады деген күдікпен ұстап алған полицейлерден қашқаны туралы айтылды.
Зарина Байдосованың үстінен шымкенттік полицейлер ғана емес, Алматы қаласының тергеушілері де "ұрлық" дерегімен іс қозғаған екен. Алайда ауруханада жатқан әйел өзін жаланың құрбанымын деп отыр. Ал кімнің рас, кімнің жалған сөйлеп жатқанын енді Маңғыстау облысының прокуратурасы анықтауы тиіс.