ТІЛІН ҚОРҒАҒАН РУЗА БЕЙСЕНБАЙТЕГІНІҢ ОРНЫНА МЕНІ СОТТАҢЫЗДАР - Өмірзақ Ақжігіт
2017 ж. 20 қазан
3439
14
ҚР Жоғары Сот Төрағасы Қайрат МӘМИ мырзаға
АШЫҚ ХАТ
...Ертеде Әзірейіл бүгінгідей емес, адам жанын аларда алдымен ескертеді екен. Сол әдетімен ол он үш жасар бір балаға да келіп: "Ертең осы уақытта жаныңды аламын" депті. Бала әке-шешесімен, бірге туған бауырларымен, достарымен тегіс қоштасыпты. Ертесіне Әзірейіл келгенде баланың бір досы Әзірейілге:"Бұл бала менің досым. Мен одан бір жас үлкенмін. Мен өмірдің қызығын бір жыл болса да одан көбірек көрдім. Досымның орнына менің жанымды ал" депті. Оған дейін бір де бір адам Әзірейілге ондай өтініш айтпаған екен. Не істерін білмеген ол ұшып Аллаға барыпты. Алла-Таағала екеуінің де жанын өздеріне қалдыр депті...
Ресми хатта аңызды неге жазып отыр демеңіздер. Біздің биліктегі мырзалардан бәрін күтуге болатынын бәріміз білеміз. Алысқа бармай-ақ, қазақтың жерін шетелдіктерге сатудан қорғаған атыраулық екі патриот азаматтың ешқандай қисынға келмейтін айыптар негізінде сотталып кеткенін еске алсақ та жетеді. Ал, бүгін дәл сол секілді қазақтың тағы бір патриоты павлодарлық Руза Бейсенбайтегін қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай болуын талап еткені үшін соттауға дайындық қатты жүріп жатыр. Мен Рузадан біраз жас үлкенмін. Егер Рузаны соттай қалса, оның орнына мені апарып жатқызуларын алдын-ала өтінемін. Ол өтінішім іске асуы үшін сіздерден заң түрінде немесе жарлық түрінде болса да еліміздің кез келген азаматы өзге бір азаматтың кінәсіздігіне сенген жағдайда өз еркімен әлгі адамның айыбын мойнын алуға болатынын жеделдете заңдастырып берулеріңізді сұраймын.
Жемқорларды да қазынадан жымқырғанын қайтарса соттамайтын етіп қойған жоқпыз ба? Сондықтан менің әділетсіздіктің алдын-алуға бағытталған бұл өтінішімді орындау аса бір үлкен қиындық тудыра қояды деп ойлаймын. Есесіне кінәсіз адал жандарды жазықсыз зардап шегуден құтқару әдісі табылады.
Өмірзақ Ақжігіт,
Қазақ үні