Рохиньялық мұсылман баласын көзінше отқа жаққанын айтып берді
2017 ж. 19 қазан
2674
1
Бангладеш еліндегі босқындарға арналған Кутупалонг лагерінде тұрып жатқан Раджума есімді рохиньялық әйел басынан өткен жантүршігерлік оқиғасын баспасөз өкілдеріне айтып берді. Ракхайн штатындағы Тула Тули ауылында тұратын олар өткен айда әскерилер шабуылына ұшыраған болатын.
Бұл туралы muslim.kz хабарлайды.
«Сәбиімді қолыма ұстап тұрған кезімде, олардың біреуі мені салып қалды. Ауыр соққыдан бір сәтке есімнен танып қалдым. Есімді жиған кезде әскерилердің сәбиімді де ұрып жатқанын естідім», – дейді көзі жасқа толған ана.
«Әл-Жазира» арнасында жарияланған сұхбатта бұдан кейін Садиктің (сәбидің есімі) тірідей отқа тасталғаны айтылады. Ал, анасын әскерилер зорлауға кіріскен. «Әлі күнге дейін ішім өртеніп жатқандай күй кешемін» деп еңіреген Раджума сол күні сәбиіне қоса, туған анасы мен әпкесін, інісін де қоса жоғалтқан екен.