ӘРУАҚҚА ТИІСКЕН АТАМБАЕВТЫ ЖАҚТАҒАНДАР КЕНЕСАРЫНЫ ЕКІНШІ РЕТ ӨЛТІРДІ...
2017 ж. 18 қазан
50614
194
Біздегі ұлттық идеология мен патриоттық тәрбиенің кемшіндігі қауіпті деңгейде екен...
Алашта Кенекеме ер жетпеген!
Мағжан Жұмабайұлы
Менің «Қазақ үні» ұлттық порталына 14 қыркүйекте жазған «АТАМА ТІЛ ТИГІЗБЕ, АТАМБАЕВ, АТАУСЫЗ ҚАЛАСЫҢ!»- атты мақалам қырғыз президентінің сайлауда өз адамы өту үшін өз елінде әділетсіздіктің бәріне барып (онда шаруам жоқ), тіпті туысқан қазақ-қырғыз арасындағы жанды жара – қазақтың Тәуелсіздігі үшін күрескен Кенесары ханның әруағына тіл тигізуіне қарсы жазылған еді.
Бұл мақала қоғамда үлкен резонанс туғызғаны белгілі. Әлеуметтік желіде пікір қосқандардың басым бөлігі қолдап жатыр. Бірнеше сайттар көшіріп басқан бұл мақаланың маңызын Ютубтағы ASYL video арнасында 140 мыңға жуық адам қарап, 2 мыңнан астам адам талқылағанынан-ақ білуге болады.
Мақалада бірден айттым: «Бұның алдындағы Қазақстан Президентіне тиіскен сөзін екі ел басшыларының әдеттегі сөз қағысуы деп қабылдадық. Енді мынау, әскерлерін жинап алып, шекараға қазақ әскері келіп тұрғандай екі елдің арасына от тастап сөйлегені саяси сауатты адамның сөзі емес, көше айқайшысының көсемсігенінен артпады»-деп.
Соның өзінде көбікауыз көкезу қырттар Атамбаевтың алдыңғы сөзін алдыма тарта бергеніне қарап, бұларға дауа жоқ екен дедім... Мен екі ел президентіне баға беруді мақсат еткен жоқпын. Қырғыз президентінің жұмысы туралы да бұл жерде бірауыз сын жоқ, қазақ президенті туралы да ешқандай мақтау жоқ екенін түйсігі, сауаты бар адамдар болса, білуі керек еді. Қырғыз президенті менің ұлтымның қастерлі ханы Кенесарыға тіл тигізді, мен ұлтымның намысы, тілі бар перзенті ретінде лайықты жауап бердім. Бұл біреулерге ұнамаса, ол өздерінің бастарының проблемасы.
Екіншіден, әлемде ешқандай есі дұрыс ел, өзін сыйлайтын мемлекет өзінің ханының әруағы, ата-бабасы туралы немесе президенті түгілі ұры-қарысын да өзгелерге талатпайды, пісіріп жесе де, өздері шешеді. Ал бізде Хан бабасының әруағын қорғаған маған рахмет айтудың орнына жамандап жатқан кертартпалар табылып жатса, ол біздің елдің құлдық санадан әлі арылмағаны деп білу керек.
Бәрінен де қорқыныштысы, бұлардың қырғыз президенті Атамбаевты Елбасымызға арналған екі-үш ауыз сыны үшін төбеге көтеріп, қазақ ханының әруағына тиіскеніне көз жұма қарап, арандатушыны ақтау мен жақтаушылыққа бой ұруы еді... Ау, ондай сынды елімізде де ерінбегеннің бәрі айтып, жазып жүрген жоқ па? Біздегі президент сайлауларының кезінде одан да зорын айтпап па еді талай саясаткер? Зейнетақының төмен екені талайдан бері жыр болып келе жатқан жоқ па? Енді өз елінің президентін өзге елдің басшысы сынады деп, алақайлағаннан, тіпті, атасының әруағын Атамбаевпен қосылып аттап кеткен бейшаралықты - бізден басқа қандай елден кездестіруге болады?.. Әжептәуір ел үміт күтіп жүрген азаматтарымыздың Атамбаевтың адвокатына айналып кеткеніне таңым бар.
Қазақтың жері үшін, елі үшін күресіп, құрбан болған Кенесары ханның әруағына шетел басшысы қара басының қамы үшін тіл тигізіп жатса, біздің кеше жерімізді қорғаудағы белсенді жігіттердің бірі де хан бабамызды кәнденше талап жатқандардың алдына шығып алып, "Шындықты шындық деп мойындай алмау - бейшаралық"- деп көсемсиді.
Атамбаевтың Кенесарының басы туралы айтуы - ешқандай шындықты айтуы емес, өткелде ердің артқы қасын сұрап, екі халықтың арасындағы жанды жараны тырнау екеніне сонда бұл сауатты деп санап жүрген саясаткеріміздің санасы жетпей ме? Ата-бабамыздың әруағына тіл тигізгенді - шындықты айту деп былқ етпей намыссыз қабылдау - құлдық санадағы нағыз бейшаралық! Ал кейбір мақауларымыз Атамбаев Кенесарының атын атаған жоқ қой, ол әскері алдында айтқан сөз әр елде де бар ғой деп күйдіреді. Бұларға не дерсің енді?..
«Қылышпен келгендер қылыштан өлім табады» деген сөз әр жерде, әр халықта бар, бәрінде айтылатыны рас.. Ал Атамбаевтың кеше Қазақстанды кінәлап тұрып: «Жерімізге қылышпен келгендер басын қалдырып кетеді қырғыз жерінде» деген сөзі қазақтың Кенесары ханын меңзегенін шынымен басы жоқтар ғана түсінбейді…
Ал қазақ тілі туралы айтқандарын өзіміз жақсы қабылдап жүрген Мұхтар Тайжан бар жұмысын жиып қойып, "Кенесары хан өлімі үшін қырғыздарға кектену дұрыс па" деп, арнайы мақала жазып, жайдақ пәлсапа соғып кетіпті.
Оны қазаққа қарсы сөзді қалайтын орыстілді сайттар қуана жариялап жатыр. «Караван» сайты тіпті, қырғыз блогерінің «Масқара боп жеңілген Кенесарыдан басқа хандарың жоқ па?» дегенін бас тақырыпқа шығарып жариялапты. Аузына ие болмайтын Атамбаевы да, аузы бос блогері де тап бір қырғыздар Кенесарынын жекпе-жекте жеңгендей желпінеді... М.Тайжанның сондағысы кеңестік империя кезеңіндегі орыс тарихшыларының көзқарасын алға тартқан өзінің пікірлеріне Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мен ұлт ғалымы Ермұхан Бекмахановты негізсіз бетперде етіп алып, мектеп баласы да білетін жауыр оқиғаны жалаң қайталап шығу ғана.
Бұл Мұхтар Тайжанға не үшін керек болды деген заңды сауал туады. Ол неге Хан Кенені жазғаны үшін қанша жыл түрмеде азапты күн кешкен қазақтың нағыз ұлт ғалымы Ермұхан Бекмахановтың атын өзінің дімкәс көзқарасына пайдаланып, елге, әсіресе, жастарға Кенесары туралы да, Бекмаханов туралы да теріс пікір туғызуға ықпал етеді. "Ең алдымен Кенесары ханның қырғыздардың қолынан өлуі аярлықпен жасалған қастандықтан емес, ашық ұрыс қимылдарында болды. Енді қырғыздармен осы шайқас не үшін болды? Қырғыздар бізге өздері келіп соқтықты ма? Бізге солар бірінші шабуыл жасады ма? Әрине, жоқ! Ол кезде қырғыздар саны қазақтардан 10 есе аз еді. Кенесарының Ресейге қарсы соғысқа қосылмағаны, көмек көрсетпегені үшін қырғыз айылдарын өртеп, қырғыздарды аяусыз өлтіргені шындық. Кенесарының өзіне бағынбағаны үшін қазақ ауылдарын да шапқанын әділдік үшін айтуымыз керек. Ол сондай бір демократ болмады және уақыт та қатаң, жаугершілік кезең еді. Тағы да қайталап айтамын, Хан Кене аярлықпен жасалған қастандықтан емес, ашық соғыс уақытында өлді. Батырлар мен сұлтандар, манаптар екі жақтан да өліп жатты. Біздің де соңғы әрі халықтың сүйіктісі болған Кенесары ханымыз өлді... Енді келіп, 200 жылдай уақыт өтіп кеткенде көршілерімізге кек сақтау орынсыз."- деп, елге белгілі жәйтті езе бергенде, оқырманға, әсіресе, жастарға кеңестік империя тарихшыларының көзқарасын еге бергенде Тайжан не айтпақшы болды екен?
Қырғыз манаптары тұтқынға түскен Кенесарыны жазалап, өлтіріп қана қойса, дау жоқ, қазақ ханының басын саудаға салып, қазақ-қырғыздың ортақ жауы Ресей патшасына сатып, 3000 сом сыйлық алып отыр ғой...
«Өтірікшінің куәсі қасында» дегендей, Мұхтар бауырымыз, анау-мынау емес, Алаш арыстарын негізсіз куәлікке тартып қояды. Сонда, Тайжанның тафтологиясына салсақ, «адам өлтірді, өзі өзге елге шабуыл жасады» деп француздар Наполеонның әруағына тиісіп жатса да, қорғамауы керек пе?..
Кенесары қазақ тарихындағы қасиетті де, қасіретті тұлға екеніне ой жіберу керек алдымен. Өзбектің ханы туралы Атамбаев аузын ашып көрсінші, не болар екен?.. Ал нағыз тарихшы ғалым, кәсіби маман, тарих ғылымының кандидаты, профессор Жамбыл Артықбаев Кенесарының қырғыз ауылын шабуға қырғыздардың өздері кінәлі болғанын қырғыздың атақты тарихшысы Бөлек Солтонаевтың жазғанынан келтіріп тұрып, нақты дәлелдеп жазады: "Қырғыз қазақ қарамағынан «қазақ қайың сауып, қырғыз Гиссар асқан» «Ақтабан шұбырындыда» шығып кетті. ХУІІІ ғасырдың ортасына қарай Орталық Азиядағы жағдай орнықты. Қырғын соғыстардың нәтижесінде Жоңғария «Барса келмеске» кетті, жаңа көрші Қытаймен шекараны белгіледік. Осы тұста Бадахшаннан бері құлаған қырғыз Іле мен Шу арасына таласып қазаққа маза бермеуге айналды. Көкжал Барақ жанына ерген батырларымен 1767 жылы қырғыз қолынан қаза тауып, олардың бастарынан «кәлла мұнара» (шекараны анықтайтын) тұрғызылған соң Абылай 1770 жылы Алатауға аттанды. «Жәйіл қырғыны» көп жазылған тарих, сол себепті біз М.Ж.Көпейұлының жазбасынан қысқаша ғана үзінді келтіреміз: «Сонда қырғыздың басшысы Садыр бала мақтанған екен: Қазы Мәмекті алдым, Әлібек Шолақты алдым, Көкжал Барақты алдым, Арқада Абылай деген кәрі сарты бар дейді. Ол маған не қылады ?!» деп… Абылай бұл сөзді естіген соң, үш жүзге жар шақырып, Алаш ұранды қазақтан жан қалдырмай «Қыл құйрық» деп аттанып… қырғыз бықпырт, топалаң тиген қойдай ұйлығып қаша беріпті, қазақ артынан қуып, Қарабалта, Соқылықтың асуына жеткізбей, көбін қырыпты… Абылай Қарабалта, Соқылықтан асып шаппақшы болғанда, мұны естіген Садырбала елші жіберіп «біз бір тайпа елді ақ үйліге берейік» деп ант берген. Қос басына бір үй қырғыздан батырлар үлес, сыбаға алған…» (9 том, 121-122 беттер). Осы «ақ үйлінің аманаты» Кенесары заманына дейін өз күшінде келді. Ант бұзылған жағдайда аманатқа берілген адам болса да, рулы ел болса да қырып тастайды. Кенесары орыспен он жыл соғысып соңына ерген елмен қырғыз шекарасына жақындаған уақытта бұл оқиғалар мөрі бар қағаз сияқты еді. Б.Солтоноев та «Кыргыз менен элдешип турууга киши жиберели, эгерде болбосо күч менен караталы деп, 1846-жылы эрте көктөмдө Кенесары көчүп келип Жангарач, Жантай, Тыналы, Төрөгелдиге элчи жиберген» дейді. Қырғыз басшылары «чаар атка жолборстун терисин жаап, тартуу кыла» елшілік жіберген күні «бөлөкбай кыргызы төкөлдөш уругунан Илип деген барып, Кенен хандын тогуз кысыр ак чаар байталдарын уурдап келип, семизин союп, арыктарын өткөрүп жиберген». Кене ханның кісісі сұрап келгенде «мында казактын жылкычысы жок» деп, күлүшүп жооп бербеген». Кенесары елшілікке көнбесек жаушылыққа көнерсің деп қырғызды жазалауды бастаған соң Жантай манап «Калыгулду элчиликке жиберген». «Калыгул өз сөзүндө бул сапарда берген убадасы аныгы мындай болгон: казак, кыргыздын жоосу болсо биргелешип жоолайлы, өзүбүз эл болуп туралы, чоң кеңешибизди Кенеханга салып, анын айтканынан чыкпайлы» -деген. Осыдан кейін қырғыздың бөлекбайлары Саурық батырды өлтірді де жаугершілік қайта жалғасып кетті. Қалығұлдың қазақпен келісімі туралы әңгімені Белек Солтоноев оның өз аузынан естідім дейді: «Бул сөздүн баарын 1895-жылында Калыгулдун үйүндө олтуруп, элге айтып берип жатканда оозмо-ооз жаздым… Кенесарынын башын алып барганда алган алтын медалдары бар экен. Түштөнүп олтурган элдин өтүнүчү боюнча көрсөттү». Міне, біздің бетімізге салық қылып Кененсары қырғызды шапты деп жүрген әңгіменің түпнұсқасы."-дейді тарихшы ғалым.
Ж.Артықбаев өзінің сөзін: " Өзінің билікке деген амбициясы үшін өзіне қамқор елге тиісіп отырған Атамбаевтың да осы Пішкекті шапқан жігіттерден айырмасы шамалы сияқты…"-деп түйіндейді. Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабайұлы Кенесарыны : "Алашта Кенекеме ер жетпеген!"-деп ардақтаса, заңғар жазушымымз Мұхтар Әуезов ұлы Абайдың әкесі Құнанбайдың Кенесарыға қарсы шықпай, іштартқанын ишарамен жазады. "Құнанбай басынан кешкен осы алуандас екінші бір уақиға, қазақ тарихының сол дәуірдегі үлкен бір беліне соғады. Ол Құнанбайдың Кенесары жорығы тұсындағы бір ісі.Тобықтыға старшина боп тұрған Құнанбай жоғары ұлықтан тығыз бұйрық алып, Балқаш, Алатауға беттеп бара жатқан Кенесары, Наурызбай қолын қуады. Ел есінде жыл мөлшері қалмапты. Бірақ бұл уақиға шамасы 1846-1847 жылдар кезінде болу керек. Құнанбайдың кейін ақын болатын баласы Ыбырайдың жас нәресте күндері. Кенесары қолының Балқашқа қарай қиыстап өтіп бара жатқан уақытында арт жағынан да, Аягөз тұсынан да қуа шыққан отрядтар болады. Сол отрядтардың бірі жоғары әкімдер бұйрығымен жолдағы старшын Құнанбайды ертіп алады. Патшалық әскеріне қосып, Құнанбайға да қолжиғызып, топ көбейтіп, Тобықтыдан көп жігітті атқа мінгізеді. Бірақ ел аңызы бойынша: Құнанбай ұлық алдында дұспан көзі қылғанмен, Кенесарыны шындап, бой салып қумайды. Бір рет екі қол кезіккен уақытта, бұлардың қарсысына ұзынторы атқа мінген қолбасы шығып, жауынгер серіктерімен қатты қимыл етеді. Патшалықәскерін ілгері бастырмай қояды. Отряд бастығы осы орайда бір тәсіл жасап, қазақ тобын, Құнанбайларды алға салып, өздері солардың артынан тықсыра жүріп барып, жақыннан айқаспақ болады. Ойлағанындай бір сәтте Тобықты қолы Наурызбайларға қоян-қолтық келіп қалады. СондаТобықты ішінде Көкшеден шыққан Төбет деген батыр шындап шауып, Наурызбайдың бір батырына найза саларман болады. Осыны Құнанбай көріп, Төбетке ақырып, шақырып алып: "Мен күнім үшін жүргенім болмаса, шындап ұстасайын деп жүр ме екем, көрмеймісің, бізге оқ атпай, басымыздан асырып, арттағы отрядқа атып тұрғанын. Сен иттің батырлығың осында ұстаған екен..." - деп, қамшымен бастан тартып жіберіп, тыйып тастаған деседі"... (Мұқтар Әуезов. ІІ том. Мақалалар мен зерттеулер. 1950 жылы жазылған "Абай өмірбаянының төртінші нұсқасы" деген мақаланың 196-197 беттерінде. Дана Мұхтар кеше солай Кенесарыға өзінің ықыласын көрсетсе, бүгінгі шала Мұхтар Тайжан Кенесары бабамызды 170 жылдан кейін "ол сол кезде неге демократ болмаған, қырғыздарды шабамын деп өлген" - деп, кіжініп отыр.
Шындығына келсек, Мұхтар Тайжанның жазғаны мен Ермұхан Бекмахановтың жазғанын оқысаң, екеуінің арасы жер мен көктей! Тайжанды оқып отырған жас: "Е-е, Кенесары дегеніңнің өзі де бір көзіне көрінгенді қыра берген жауыз болыпты ғой, өзіне де обал жоқ екен" деген ой туады. Тайжанның жазбасына пікір жазып жатқан жастарды оқысаңыз, олар Кенесарыны ұлт Тәуелсіздігі жолындағы күрескер хан деп емес, жағымсыз кейіпкер ретінде қабылдап, солай пікір жазып жатыр. Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асса да, Кенесарыны жеккөрінішті етуді жолға қойған кеңес империясының ісін жақсы жалғастырып отырған Мұхтар Тайжанның бұл кертартпа мақаласын әкесі, нағыз ұлтшыл, мемлекет және қоғам қайраткері Болатхан Тайжан ағамыз оқыса, не болар еді?.. Дара Тайжан Кенесарыны екінші рет өлтіріп, лайк санап отырған бала Тайжандарға шалт кетері анық еді....
Ал Ермұхан Бекмахановтың жазған зерттеуінен Хан Кененің қайраты мен айбатын, оның Ресей, Қоқан, Қырғыз үш елдің әскерінің қоршауын бұзуға аз әскерімен аянбай күрескен айқасын оқып, рухың көтеріледі. Ал өлімге кескен кезде ажал алдында қасқайып тұрып, ұлт Тәуелсіздігі үшін күрескен ғұмырын сол сәтте өлеңдетіп баяндап, кейін артын асқақ әнмен бітіргенін, елдің бәрінің жүрегі толқып, үнсіз қалғанын оқып отырып, жылайсың... Әрине, жүрегің болса... Қазағым деген қаның болса... Қазыбек Иса айтса, сенбеуге тырысатындар үшін Бекмахановтың өзін сөйлетейік. Қысқартып мысал келтірейін: " Кенесарының қырғыздармен шайқасының тағдыры қырғыздар жеңісімен аяқталатыны алдын ала белгілі еді. Біріншіден, патша отрядтарының басшылары манаптармен әскери қимыл жоспарын кеңесіп отырды. Генерал-майор Вишневскийге рапортында жасауыл Нюхалов былай деп жазды: «Мен аса белгілі билерге – Бұғы руының биі Борамбай Бекмұратовқа және Әжібай Сералинге, Сарыбағыш биі Орман Ниязбековке, Солты руының биі Жаңғараш Есхожинге хат жолдап, сендердің де, орыс үкіметінің де жауы Кенесарының көзін құртайық деп шақырдым». Екіншіден, қазақ сұлтаны Рүстем және Сыпатай би Кенесары қозғалысына тоналудан қорқып қосылған адамдар еді. Шайқас болардың алдындағы түнде олар Кенесары жасақтарынан қашып кетті. Ол туралы Мәдібек Бекқожаев былай дейді:«Сыпатай мен Рүстем төре түнде өз әскерлерін бөліп алып, Шу өзенінің арғы жағына өтіп, «Мықан суына» жеткен соң өткел іздеп, таң атқанша жүрді. Осы кезде оларды қырғыз әскері байқап қалып, шабуыл жасады. Артта жау, алда өткел бермес батпақ су, міне, осындай жағдайда қазақтар қырылып, бір бөлігі қолға түсті». Сыпатай мен Рүстем көрсеткен қызмет ұмыт қалған жоқ. Кейіннен манап Жантай Қарабеков Сібір қырғыздары шекара бастығынан сұлтан Рүстемді наградтауды сұрай отырып, былай деп жазды: «Рүстем сұлтан мен Сыпатай Әлібеков би әскерлерін алып, кетіп қалды да менің Кенесарыны жеңуіме жағдай жасалды». Үшіншіден, Қоқан бектері өз әскерлерін Орман манаптың қарамағына берген-ді. ...Жағдайдың үмітсіз екендігін түсінген Кенесары әскери кеңес шақырып, қоршаудан шығу жолдарын қарастырды. Наурызбай Кенесарыға мынадай ұсыныс жасады: «Маған Тама руынан Құрман батыр және Ағыбай батыр бастаған, ұрысқа жарамды 200 жігіт беріңіз, мен сол жігіттермен қырғыздар шебіне шабуыл жасап, бұзып өтемін» деді. Бұл ұсынысты барлығы қолдағанмен, Кенесары келіспеді. «Егер біз бұзып өтсек, онда тоқтамай қашамыз. Кімнің аты жүйрік болса сол құтылады. Ал халықтың басым көпшілігі қырылып қалады. Егер мен, әскер басшысы бола тұра қашып кетсем, онда мен бұдан былай халыққа хан бола алмаймын». ...Кенесары мен Наурызбай әрқайсысы өз отрядтарын басқарып, қоршауды бұзып өтуге ұйғарды. Кенесары өзінің отрядымен Қарасуық деген батпақты өзен арқылы қоршаудан шықпақшы болды. Өзеннен өту кезінде көп адам суға кетті, осыған қарамастан жауынгерлер Кенесарыны аман алып қалу үшін әрекет жасады. Осы оқиғаны көтеріліске қатысқан адам былай суреттейді: «Кенесарының жүздеген адамдары желкеден төнген қара қырғыздардың соққысынан суға кетті, бірақ өліп бара жатып, өздерінің сүйікті сұлтаны Кенесарыны құтқаруға тырысты. Өздерін құрбан ете отырып, олар сұлтанды суға батып бара жатқан атынан ауыстырып, өз аттарын беріп отырды». Қоршаудан шығуға тырысу сәтсіз аяқталды. Наурызбай өзінің отрядымен күші басым шайқаста қаза тапты. Кенесарыны манаптар қолға түсірді. Өзін өлтірер алдында Кенесары қырғыз манаптарына тағы да өз ойын айтты: жауласуды қояйық та, ортақ жау Қоқанға қарсы бірлесіп күресу үшін қазақтар мен қырғыздардың күшін біріктірейік деп ұсыныс жасады. Алайда қырғыз манаптары бұл жолы да оның ұсынысын қабылдамады. Кенесары өзін өлтірер алдында, иін тірескен халық жиналып тұрған сол бір шақта өлеңдетіп қоя берді. Өлеңінде өз елінің еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында өзі жүргізген аса ауыр күрестің бүкіл өткен жолын баяндады, Сарыарқаның кең даласын, шайқаста қаза тапқан серіктерін еске алды. Кенесары өлтірілер алдындағы сәт былайша суреттелген: «Кенесары жиналған жұртқа, алыстағы тауларға, күн шуағы төгілген биік аспанға, онан соң жан-жағына қарап алып, ән бастады. Ән ұзақ айтылып, жиналғандар ұйып тыңдады. Ән сөздері тыңдаушының бойын билеп, жүрегін баурап, қатты толқытқан. Ол өзінің өлеңінде туып-өскен кең даласында, кіндік кескен ауылында өткен бар өмірін есіне алған еді». Кенесары өлімі оның серіктері үшін, әскери достары үшін ауыр соққы болды. Е. Бекмаханов. «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» 1993 жыл. 334-337 беттер. Бұдан өзге Кенесарының ерлігін паш ететін ел арасында көп әңгіме бар. Соның бірінде, жалғыз Кенесарыға жабылған қырғыздар найзамен шаншып, көкке көтергенде Кенесары "Мен бәрібір сендерден биік тұрмын" дегенін жыр ғып айтады.
Міне, Қазақ Тәуелсіздігі үшін жанын қиған Кенесарының ерлігі! Кейін қазақ Тәнеке батыр бастаған әскерлер КЕНЕСАРЫНЫҢ КЕГІН ҚАЙТАРЫП, ҚЫРҒЫЗДАРДЫ ҚЫРЫП, МАНАБЫНЫҢ БАСЫН АЛАДЫ. Яғни, елдің кегі қайтты. Одан соң Алатаудың екі жағын қатар жайлаған егіз ел қайта татуласып, ынтымақта өмір сүріп келді. Екі ел арасындағы жанды жара - Кенесары туралы екі елдің есті қаламгер-қайраткерлері де сөз қозғамайтын, байыпты басшылары да бас жағына барыспайтын болды. Осылай ойда да, қырда да қатар жүрген екі елдің арасындағы ескі жараны тырнап, өшкен шоқты қозғап жіберген көшенің есері емес, көсеммін деп жүрген Атамбаевтың көсеуі болды. Өз адамының президент болып сайланып, өз билігін жүргізе беруі үшін заңнан да, ардан да аттап, ешнәрседен тайынбай келген ол ақыры жеме-жемге келгенде екі елдің қарым-қатынасына сызат салудан да, қасиетті ханымыздың әруағын таптаудан да тайынбады. Ендеше Кенесарыны әруағын неге қозғайсың деген сұрау маған емес, Атамбаевқа қойылуы керек екенін ешкімге ежелей түсіндірудің керегі жоқ шығар деп үміттенемін әлі де...
"Бүкіл сөзінде Қазақстанды кінәлау мен «шестеркадан» аузы босамаған Атамбаев әскер алдында тұрып есіне де алмаған бүкіл түркінің қазынасы Манас батыр жырын қазақтың ұлылары Шоқан Уәлиханов зерттеп, әлемге танытып, елуінші жылдары кеңес империясының идеологиялық қылышынан қорғап қалған қазақтың ұлы жазушысы, Шыңғыс Айтматовтың ұстазы Мұхтар Әуезов екенін біле ме екен бұл президент?..
Білмесе, жазушыларынан сұрап алсын…"-дегенде біз осы уақытқа дейін қалыптасқан екі елдің арасындағы мәлени-рухани байланысты сөз еткен едік. Атамбаевтың шабына шоқ түскендей әсер еткен жәйт - президенттікке кандидат Омурбек Бабановтың Қазақстан президентімен кездесуі еді. Ал Атамбаевтың өзі осыдан алты жыл бұрын президенттіке түскенде Путинге шауып барғанын ұмытып қалса керек, Бабановты бас салып, Қазақстанмен қосып қаралауға көшті. Сондықтан да біз: "Атамбаев өз елінің заңын бұзғанын былай қойғанда, Бабанов бауыры емес пе өзінің? Кеше ғана премьер-министр болған, бір дастарханнан дәм татып жүрген бауырын, өз арасында болса, мейлі ғой, бүкіл елге «әлде бір елдің шестеркасы» деп масқаралау, турасын айтқанда «сатқын» деп, заңсыз, ашық айыптау өз елінің Президент сайлауын ашық бұзу деген сөз.
Айтар кінәсі – Омурбек Бабановтың Қазақ Президентіне келіп кездесуі. Несі бар, Атамбаевтың өзі ашық, айқайлап қорғап отырған Сооронбек Жээнбековтың өзі де кездескен Нұрсүлтан Назарбаевпен. Ол кезде, Атамбаевтың адамы Қазақстан президентімен кездессе, заңды болады да, оппозиция өкілі Бабанов кездессе заңсыз болады екен ғой… Қырғыздың бүкіл президенттері ақша сұрап, президенттікке кандидаттары ақыл сұрап, Қазақ президентіне шапқылап жатса, оған Нұрсұлтан Назарбаев кінәлі ме?"- деп жазуымызға тура келді... 2011 жылы қазақ тілінің жекедара мәртебесін арттыру үшін Конституциядан орыс тілі туралы 7 баптың 2-ші тармағын алып тастауды талап еткен ақиық ақын Мұхтар Шаханов бастаған әйгілі 138-дің хатына қарсы болып, қол қоймаған Жасарал Қуанышәлиннің қуанышы қойнына сыймай Атамбаевтың алғашқы сынына арнап ашық хат жазып жібергенін түсіндік дейік. Ал екі күн бұрын ғана парақшасында жариялаған бейнебаянында Атамбаевтың екінші сынындағы атасы Хан Кененәің әруағына тіл тигізгені туралы ырымға бір ауыз қарсы сөз жоқ -ау... Сол баяғы сарынына салып, сақалы сапсиып, сағызын шайнап, сарнап тұр сабазың... Атамбаев тұрғанда атасын неғылсын?.. Кезінде тіл туралы ашық хатқа қол қоймағанымен тұрмай, "маған ешкім айтқан жоқ" деп соғып жібергені сияқты, елдің бәрі шулап жатса да, ертең "Мен Атамбаевтың Кенесары туралы айтқанын естімеппін" деп, немесе, "Ол сөзінде Кенесарының атын, фамилиясын атаған жоқ қой" деп, бүлк етпей тұра берсе, таңғалмаймыз... Хан бабамның әруағын қорғап, ұлтымның намысын жыртқаным үшін мені кінәлап жатқандарға... (парадокс!!!) айтарым, мен өмірімде тапсырыспен мақала жазған емеспін. Бұл жүрегімнің, намысымның тапсырысы, талабы. 14 қыркүйек күні таңғы 11-лерде Айтқожа Фазыл ағамыздың Фейсбуктағы парақшасынан қырғыз президенті Атамбаевтың шектен шыққаны туралы сыни жазбасын көрдім «Атамбаев ты перебрал: "Бізге қылыш ұстап келгендер, басын тастап кетті" деген шектен шыққандық Мы знаем о ком здесь речь и болезненно воспринимаем»- деген ағамыз "Атамбаев аузын жабады ма" деп ашуланады.
Қырғыз президентінің осындай оспадар сөз айтқанын алдында байқамаппын. Өз көзімді жеткізу үшін жарты сағаттай іздеп, ютубтан тауып алдым. Менің де қаным қайнап отырып, бір сағаттың ішінде жауабымды жазып шықтым. Бары сол.
Біздің қоғамда шетелдің адамы Қазақты, қазақтың ханынының, бабаларымыздың әруағын таптаса да, ол Назарбаевқа сын айтқаны үшін ғана, соны жақтау керек, сонда сен «шыншыл, оппозицияшыл» боласың, ал атаңның әруағын қорғап, ұлт намысы үшін қарсы шықсаң, «билікшіл, жағымпазсың» деген құлдық сана қалыптасыпты. Бұндай бейшара пиғыл, кембағал кейіпке қалай келгенбіз? Ішінде қазақ тілін қолдау хатқа қол қоймай, қарсы шығып жүрсе де, өздерін саясаткер санайтын сарытістер де, оң-солын әлі тани алмаған, кімнің кім екенін ажырата алмайтын сарыауыздар да жүр бұлардың қатарында.
Осындағы алды-артын танымас жастарды айтпағанда тісі сарғайған, шашы ағарғандарың бар «Атамбаев хан атамызға тиісіп шектен шығып, кетті, ауызын жабу керек» деген Айтқожа Фазыл ағамыздан кәне, қайсың артық оппозияциямын деп айта аласыңдар? Таразының бір жағына бәрің жабылып мінсеңдер де, екінші жағын Айтқожа аға жалғыз өзі басып кетеді ғой, саяси салмағымен де, шын салмағымен де... Сонда Айтқожа аға да үкіметке жағымпазданып, тапсырыспен жазып отыр ма, Атамбаевты сынағанда... Әлде, білікті саясаттанушы Айдос Сарымның Атамбаевты жақтағандарды жақтырмай сынап, Фейсбуктағы достықтан өшіріп жатқаны да тапсырыс па?
Осындай намыссыздарға күйіп кеткен белгілі журналист, Абай.кз сайтының редакторы Нұргелді Әбдіғани: «Ханымыздың әруағын тілдеп жатса да, Атамбаевты қолдау – тобырлық!»-деп ашына жазды. Салмақты сасаттанушы Расул Жұмалының: "Ерінбей ресейшіл әлеуметтік желілер мен топтарды шолдым. Атамбаевтың сөзіне қатысты бәрінің айтқаны шамамен бір: "Атамбаев молодчина, нам бы такого президента," т.б. Қысқасы, қазақ пен қырғыз арасында от салу. Екі ортада Қазақ елі мен президентті қорғап шыққан жалғыз топ, қаншама сыни пікірде болса да, Қазақ патриоттары болды. Ойланарлық. Әсіресе билікке"-деп жазғанының да жаны бар.
«Сонда Атамбаевтың Назарбаев туралы айтқан сөзіне бола қазақтың соңғы ханы Кенесарының басынан аттап кете беруге бола ма? Осы Атамбаевты жақтаушылардан Алла сақтасын елімді. Өз тарихына осылай немкетті қарау нағыз бейшаралық. Өз бабасының аруағын қорғау – намыстан, тектіліктен шығады. Атамбаев еліміздегі жағдайларды айтып қап еді, бөрінің артындай шулап кетті. Оларға тарих керек емес, ата керек емес»-дейді ақын Азамат Тасқараұлы.
Журналист Тұрдыбек Құрметxан: "Қырғыз манаптарының қолтығына су бүркіп xан Кененің басын алғызған ақ патшаның әрекетін Путин қайталағысы келе ме? Бірақ енді қырғызға бас берер қазақ жоқ. Кененің басын алған қырғыздардың да басы қазақтың қанжығасына ілінген. Ер Қаптағайдың ұрпағы Тәнеке батыр бастаған қазақтар xанға қастандық жасаған қырғыз манаптарының ауылын шауып, басын алып қырғызбен есеп айырылысқан. Малы аралас, қойы қоралас екі елдің арасына енді ешкім от тастамай-ақ қойсын. От тастағанның өзі отқа оранарын біліп алсын. PS: Бұл жазба «Қылыш алып кіргеннің басы қалған» деген Атамбаевтың сөзіне арнағаным. Айтпағым, Кенесарының басын алғандардың басын қазақ алып сол кезде-ақ есеп айырылысқанын ескерту. Қырғыз бен қазаққа Путин мен Атамбаевтың арандатуына ергенмен ешкімнің де ұтары жоғын айтып отырмын."-деп ескертеді.
Белгілі журналист Дина Елгезек те: «Артық кетіпті Атамбаев... Масқара ғой мынаусы.. Атамбаевтың алдыңғы сөзін рас дедік, ал енді бүгінгісі не? Әмірші есірсе - әлеумет сорлайды емес пе? Кенесарының басы туралы айтқаны дұрыс емес! Екі ұлттың арасына өрт тастау енді мұнысы... »-деп дұрыс айыптайды.
Ал қызуқанды журналист, Гу-Гу.кз сайтының бас редакторы Махамбет Ерғали: "ҚАЗАҚТЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ ҮШІН КҮРЕСКЕН ХАНЫ КЕНЕСАРЫНЫҢ ӘРУАҒЫНА ТИІСКЕН ҚЫРҒЫЗ ПРЕЗИДЕНТІН ЖАҚТАҒАНДАР МЕН АҚТАҒАНДАР – БҮГІНГІ КҮННІҢ САТҚЫНДАРЫ"-деп, ашығын бір-ақ айтты.
Яғни, ел намысын қорғап жатқан рухы биік ерлеріміз де жеткілікті, құдайға шүкір. Ал ел сеніп жүргендердің: "Кенесары хан өлімі үшін қырғыздарға кектену дұрыс па" деп мақала жазатындай, бізде ешкім 170 жылдан кейін "қырғыздар Кенесарыны неге өлтірді, кегімізді қайтарайық" деп жатқан жоқ қой. Біз Қырғыз президенті 170 жылдан кейін Кенесарының қазасын көтеріп, неге екі елге бірдей жанды жараны тырнайды деп жатырмыз. Осыны түсінбеген немесе түсінгісі келмегендердің ұлттық намысы бар дегенге күмәнің оянады. "Кенесары - Арыстан орыстан жеңілген жоқ, ол өзіміздің етектен тістеген иттерден жеңілді"-деген екен XX ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаев. Тағы да сол өзіміздің иттер Арыстанның әруағына үруде... Құнанбайдың кезіндегі Кенесары әскеріне қарсы ұмтылған Төбеттер бүгінде кәндендерге айналып, қайта шәуілдеуде... Қамшымен бір тартып, қайтарып тастайтын тағы бір Құнанбай керек болып тұр!.. Атамбаевтан атасының әруағын аттап, ел намысына тигенді доғаруды талап етуі тиіс деп ойлап жүрген саясаткерлеріміздің көбісі неге қырғыз басшысының тезегін теріп кетті... Бұл енді үлкен сұрақ? Елдік мәні бар сауал! "Өз өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін" дегенді айтқан дана Қазақ халқында "Бас жағына барыспайық" деген де сөз бар. Қандай кінә, ауыр айып тағып жатса да, оңайлықпен қозғала қоймайтын қазақ ата-баба әруағына тіл тигізгенге ешқашан шыдамайды, атып тұрып, атқа қонады. Бұл қазақтың "ұлттық коды" дегенінің бір кілті осы. Бұған былқ етпесе, онда қазақтың өлгені! Мен кеше мақалама жазылған біраз пікірлерге қарап отырып, басқа да сайттар мен әлеуметтік желідегі парақшаларды оқып отырып, Атамбаевты ақтауға білек сыбанып кіріскен біздің саясаттанушы деп, саясаткер, қайраткер деп жүргендеріміздің біразы "тірі өліктер" екеніне көз жеткіздім. "Жау жағадан алғанда, ит етектен алады"-дегендей, олар осы әрекеттерімен қазақтың қасиетті ханы Кенесарыны екінші рет өлтірді... Екіншіден, біздің "оппозицияшылы" бар, басқасы бар, саясаткерлеріміз бен қайраткерлеріміз және оларға ерген кейбір жастарымыз осындай "өзінікін қор, өзгенікін зор тұтатын" кемсаналы болса, бізге жаудың керегі жоқ екен. Атамбаевтар келсе, алақайлап алдынан қарсы алып, қақпаны ашып беретін рухсыз, намыссыздардың көбейіп кетуіне не себеп болды. Сонда бізде ширек ғасырдан астам ұлттық идеологиялық, патриоттық тәрбиелік жұмыс жүргізілмеген бе? Біз қайда бара жатырмыз? "Қарның тоқ болса, болды, басқа нәрсені талап етпе?"-деген саясат жұртты, әсіресе, жастарды қандай күйге түсірген? Қазақ Елі мемлекетінің негізін Қазақтар құрайды, Қазақтың жері, Қазақтың тілі мен ділі және дәстүрлі діні деген қасиетті құндылықтарды атын атап, түсін түстеп, жастарымыздың бойына енгізбесек, біз қазір үлкен қауіптің алдында тұрмыз!.. Ол қауіптен бізді жатты жарылқап жатқан мұхит мұнаймыз да, аяқ астынан пайда болған миллиардерлеріміз де, мемлекеттік тілге миы жетпейтін министрлер мен әкімдер, депутаттарымыз да, тіпті, қазақша білмейтін генералдар басқаратын әскеріміз де құтқара алмайды! Ол қауіптен бізді отаршылықтың отарынан шығаратын қазақтың ұлттық идеологиясы мен нағыз ұлттық патриоттық тәрбие ғана құтқара алады!
Ал Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрес жеңіліс тапқанымен, ол қазақ халқының тарихында алтын әріптермен мәңгілік жазылып қалды. Тәуелсіз Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртуға ұмтылған, тарихи маңызы зор күрестің құнын төмендетуге, қасиетті ханымыздың әруағына тиісуге ешкімнің хақысы жоқ! Ешқандай елдің басшысының да, есердің де!..
Мен сөзімнің аяғын 2010 жылы Санкт-Петербурге барғанда жазған жырымнан қысқаша үзіндімен аяқтайын:
Алға кеткен ел мынау, асып айла,
Қазақ десең, қаның бір тасымай ма?…
Эрмитажды ерінбей араладым,
Кенесары бабамның басы қайда?…
Тәуелсіз ел тәуба деп, жасын үзбек,
Үміттіміз өрлейді тасымыз деп…
Баспен бірге кеткен бе, басты рухың,
Басы бар ел шығады басын іздеп…
Жүрегіңді сыздатып жоғалар күн,
Сабағына тарихтың көп алаңмын
… Басым істеп кеткенде.. бір кездері..
Басын іздеп атамның оралармын…
Иә, хан бабамыздың басын қайтармай, басымыздың әлі істей қоюына күмән көп. Кенесарының қазасына себеп болған қазақтың алауыздығы, 170 жыл өткен соң Тәуелсіз Қазақстанда Кенесарының әруағы қозғалғанда да, әлі қалпына келе қоймапты... Ең басты қауіп те осы!..
P.S. Бүгін, президент сайлауы бітіп, есін жинаған Қырғыздың президенті Алмазбек Атамбаев тәубасына келіп: «Қазақстан президенті туралы қызбалыққа салынып айтқаным дұрыс болмады-ау. Соңғы күндері осы туралы ойладым», - деді ақталып. Той бітті, қойдың кезегі келген шығар... Бас ауыру біткен кезде ғана бас істей бастайды... Әруаққа ауыз салған қырғыз басшысын өз елінде сойып жатқан қырғыз зиялыларының: «Атамбаев сөйлесе, біз ұяламыз» деген сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Туыс халықпен ынтымақта болу екі елге де ырыс сыйлайтынын ұмытпайық.
Қазыбек ИСА,
"Қазақ үні" газеті
Qazaquni.kz