Атамбаевты қорғаушылар кімдер?
2017 ж. 18 қазан
4358
41
Алмазбек Атамбаевтың елімізге, ел билігіне қарата айтқан барлық сөздерін мұқият тыңдап шықтым. Бауырлас қырғыз елінің президенті айтқан мәлімдемелерге мен тек ұпай жинаушылық, сайлау алды ескі саяситехнологиялар деген баға бере аламын. Үндемесек те болар еді, себебі, бұл мәселеге араласпаған адам да қалмаған секілді. Алайда, "әкесін сабамақ түгілі, әкесін арбаға байлап тұрып сабайтын" кей қазақтың қылығы шектен шығып барады.
Атамбаевтың "Бізге қылышымен келгендер, басын қалдырып кеткен елімізде" деген сөзіне қатысты. Бұл жерде міндетті түрде Кене ханның атын атап, түсін түстеу керек пе? Атамбаев та жай адам емес, саясаттың түрлі қитұрқы әдісін терең меңгерген. Сіз оның әр сөзін зерделеп тыңдап көріңіз. Адам психологиясына қатты әсер ететін сөздер. Бір адамның емес, бір топтың әбден ойластырып жазған сценариі секілді.
Алайда, өзін зор, өзгені қор санайтын Атамбаевтың осы сөзін қорғаштап шыққандар жоқ емес. Оның ішінде елдің сөзін сөйлейді-ау деген атпал азаматтар да бар.
Сонда Атамбаевтың Назарбаев туралы айтқан сөзіне бола қазақтың соңғы ханы Кенесарының басынан аттап кете беруге бола ма? Осы Атамбаевты жақтаушылардан Алла сақтасын елімді. Мына түрлерімен "Қазақта мемлекет болмаған" деген Путинді де жақтайтын шығар бұлар. Өз тарихын осылайша да сыйламауға бола ма? Өз тарихына осылай немкетті қарау нағыз бейшаралық. Өз бабасының аруағын қорғау - намыстан, тектіліктен шығады. Бұл Атамбаевты қорғаушылар Назарбаевтың оппоненттері. Атамбаев еліміздегі жағдайларды айтып қап еді, бөрінің артындай шулап кетті. Оларға тарих керек емес, ата керек емес, оларға Назарбаевты бір сәт жамандап қалса болды.
Кеше бір қырғыздың осы фейсбукте Кенесары туралы жазған постын оқып жағамды ұстадым. "Кенесары ханнан басқа айтатын хандарың жоқ па? Масқара болып жеңілген хандарыңды жақтап не болды?" деген сыңайда пост жазды. Ол постты ұлт мүддесіне аса бір жаны аши қоймайтын біздің "ебірей-жебірей" сайттар көшіріп басты.
Міне, Атамбаевтың сөзі өз мақсатын орындап жатыр.
Сіздер Атамбаев екі елді тек бірлікке шақырды дейсіздер. Сонда қырғыз президенті соншалықты ақымақ деп санайсыздар ма? Ол тегі ел алдында екі елді бір біріне ашық айқастырып, араздық тудырып сөйлейді деп ойлайсыздар ма? Әрине, ол жұрт алдында "Елім, халқым, бір ұлтпыз, қанымыз бір" деп сөйлейді.
Алайда, оның сөзіне терең үңіліп қараңыздаршы.
"Мен Қазақстанның ең жоғары элиталы адамдарынан "Бакиевтің адамдарды атқаны дұрыс" дегенді өз құлағыммен естідім" дейді. Сонда бұл не? Ал сол атылған адамдардың туыс-туғаны не ойлайды? Сол кезде алаңға шыққа қалың қырғыз не түйсінеді бұдан?
Даудың басы Бабанов деген тек себеп ғана. Атамбаев өзі президенттікке түскен кезде Ресейге барып Путинмен кездеспеп пе еді, Отунбаева осылай сөйлеп пе еді сонда?
Назарбаевты, оның саясатын жамандап қалу үшін ғана Атамбаевты жақтап шыққандардан қауіптену керек. Және олардың әлеуметтік желілерде жазып жатқандарын оқысаң, ұлтымызға артық жаудың керегі жоқ та екен ғой деп қаласың...
Мен Атамбаевты жақтап жатқан кімдер деген сауалға да көп ойландым. Бажайлап қараңыздаршы, оның көбі баяғыдан бері өздерін оппозициямыз деп санап жүргендер, солардың жақтастары, солардың сөзіне ерушілер, солардың блогерлері, трольдері. Оларда мақсат біреу - осы сәтті пайдаланып, елдегі билікті сынап қалу. Тарихың мен атаңа түкіргендері бар...
Азамат Тасқараұлы, Қазақ үні