Дарын мен Ділмұратты тыңдаған жігіт теріс ағымға қалай кіріп кеткені туралы айтты
2017 ж. 17 қазан
4734
6
Ақтөбе облысында жат ағымның жетегінде жүргендер дәстүрлі дінге қайтадан бет бұрып жатыр. «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі бұрын теріс ағымның жетегінде болған Дархан есімді (есімі бүркемеленген) жігітпен болған сұхбатты ұсынды. - Дархан, намазды алғаш қашан, кімнен үйрендіңіз?
- Қателеспесем, ІІ курста оқып жүрген кезім. Дінге деген қызығушылығым оянып, өз бетімше ислам жайлы уағыздар тыңдай бастадым. Абдуғаппар Сманов, Дарын Мубаровтың уағыздарын тыңдап жүрдім. Кейін қаладағы «Нұрдәулет» мешітіне жақын дүңгіршектердің бірінен «Намаз оқып үйренейік!» деген кітапша сатып алып, намаз оқуды үйрендім. - Ал түсінігі терістердің тізіміне қалай түстіңіз?
- Әуел баста осы кітаптан үйренгенім бойынша оқып жүрдім. Бірақ кейін бірер намазхан ба-уырларым бұлай оқу дұрыс емес деді. Сөйтті де, өздерінің оқылу тәртібін үйретті. Солардың айтуы бойынша, намазды қайта-қайта қол көтеріп оқып жүрдім. Әминді сырттай айтатын болдым. Сақал қойдым, балақты қысқарттым. Әйелім де арнайылап ниқаб кимесе де, орамалының шетімен бетін жауып, бүркеніп жүрді. Қазір ойлап отырсам, бастапқыда бізде сыртқы келбетке деген еліктеушілік басым болған сияқты. Солар не жасаса, соны қайталадық. Діннің дұрысы осы деп ойладық. Бір жағынан, исламды енді тани бастағаныңда кез-келген ақпаратты тез қабылдауға бейім тұрасың ғой. Әрі діни сауатымыз да аз болды. - Ал білім алуыңызға не кедергі болды?
- Ешқандай кедергі болған жоқ. Басында діни кітаптарды сатып алып оқитынмын. Неке, исламдағы отбасы, сахабалардың өмірі жайлы. Бірақ мешіттегі имамдардан арнайы сабақ алған жоқпын. Оған да бұрынғы ортам әсер еткен шығар. Себебі, олар имамдарды тыңдамаңдар деп айтатын. Бір отырыста сондайды өз құлағыммен естігенім бар. Бірақ қай имамды айтқаны нақты есімде жоқ. - Әлгі өзіңіз айтқан ортаның бұрыс жолда екендігіне қалай көз жеткіздіңіз?
- Былтыр күзде Ақтөбеге көп теолог мамандар келді. Жамағат арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонда Бауыржан Әлиұлы есімді ұстаз менімен жеке сөйлесті. Намазды қалай оқисың, дәретті қалай аласың деп сұрады. Бәрін жасырмай айттым, қарсылық танытқан жоқпын. Кейін ол мәзһаб ұстану керектігін айтты. Маған бұрын намаз үйреткен жігіттер адасып жүр деді. Олардың тек намазда емес, Алланы тануда да қателіктері бар екен. Алланы адамға ұқсатады, Оған ағза, мекен береді дегендей. Шыны керек, бұл мәселеде менің білімім аз. Осы уақытқа дейін ол туралы ешкіммен тартысып та көрмеппін. Ал Бауыржан деген ұстаз маған осының бәрін түсіндірді. Алла ешбір жаратылысқа ұқсамайтындығын, Оған ағза беру дұрыс еместігін айтты. Алдағы уақытта сауал туындаған жағдайда хабарлас деп, өз телефон нөмірін қалдырды.
Осы кездесуден кейін көп ойландым. Онсыз да соңғы кезде намазхан таныстарымның кейбір істері маған ерсі болып көрінетін. Суннамен жүреміз дейді, бірақ екі сөзінің бірі былапыт-боғауыз. Кейбіреуі шегеді деп те еститінмін. Қарыз алса, қайтармайды. Адамға мурджи (адасқан ағым) не басқа деп оңай жала жаба салады. Көздерінде түк мейірім жоқ. Дарын, Ділмұраттардың уағыздарын тыңдайды. Ал естуімше, Ақтөбе, Алматы қалаларындағы террористік іс-әрекеттерді ұйымдастырғандар осылардың уағызын тыңдайды екен. Шыны керек, осыдан кейін олардан жиреніп кеттім. Істері мұсылманшылыққа жат мүлдем. Суннамен жүреміз дегендері әшейін сөз ғана. - Қазіргі таңда теологпен хабарласып тұрасыз ба?
- Алдағы уақытта хабарласып, сауал жолдағым келеді. Бірақ қазірдің өзінде керек ақпаратты мешіт имамдарынан сұрап-біліп жүрмін. Жуырда өкіл имам Төлеби Оспанның қабылдауында болдым. Біршама әңгімелестік. Көкейде жүрген біршама сауалдарға жауап алдым. «Браттар» айтқандай, имамдар жаман адам емес екен. Керісінше, ол кісіден жанашырлық пен достық ілтипатты көрдім. Мені курсқа шақырды. Қазіргі таңда «Нұр Ғасыр» мешітіндегі діни сауат ашу курсына барып, ұстаздардан сабақ алып жүрмін. Негізі қалада тұрмаймын. Жеке көлігім болғандықтан, ауылдан қатынап болса да, келіп жүрмін. Себебі білімнің маңыздылығын түсіндім. Қазір бос уақытымда діни уағыздар тыңдаймын. Ерсін Әміре, Арман Қуанышбаевтарды. - Отбасыңызда неше адам намаз оқиды? Олардың діни көзқарастары қандай?
- Үйде төрт ағайындымыз. Анам мен жұбайым ғана намаз оқиды. Екеуі де мәзһабты ұстанып жүр. Әйелім де қазір бетін бүркемейді.
- Дінге жаңадан бет бұрушы жастарға жеке тәжірибеңізде түйгеніңізден не айтар едіңіз?
- Білім алу керек. Бірақ, беталды емес. Мешіттен, имамдардан. Теологтарды тыңдау керек. Елімізде саған ешкім намаз оқыма, дінді ұстанба демейді. Оған толық еркіндік берілген. Соның қадірін білуіміз керек.
- Сұхбатыңызға рахмет
Дереккөз: Керек-инфо