Ықтияр хат алған 250 этникалық қазақтың мәселесі шешілді
2017 ж. 10 қазан
3133
1
Қытайдан Тарихи Отанына оралып, Жамбыл облысы, Тараз қалалық Көші-қон полициясынан ықтиярхат алған 250-дей этникалық қазақтың мәселесі шешілді. Бұл туралы abai.kz хабарлайды.
Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Бәйісов Руслан Әбдіғаппарұлы хабарлауынша, қоғамда үлкен дүмпу туғызған мәселе түпкілікті шешілмек.
Олардың әрқайсысы Жамбыл облыстық ІІД-не барып, өздерінің құжаттарын өткізуі тиіс. Ол құжаттар тікелей ҚР ішкі істер министрлігіне жіберіледі. Министрлік барлық құжатты жинап, әр қандастың қазір тұрып жатқан ауданына жөнелтеді. Қандастар енді сабылмай-ақ өздері тұратын елдімекеннен азаматтыққа құжат тапсыра алатын болды.
Тіпті, тұрақты тіркеу мәселесін де оңтайлы шешудің жолы қарастырылып жатқан көрінеді.
Енді ҚР ІІМ мына мәселелерді ескеруі керек. Құжаттан шатақ шыққаны себепті Қытайға өтіп кеткен азаматтарды шекарадан бері өткізудің жолын қарастыруы керек. Кеденнен олардың Қазақстанға қайта келуіне ескі ықтиярхатпен жүзеге асыруға біржолға мүмкіндік беру керек, - деп жазады портал тілшісі.