"АҚЖАЙЫҚ, СЕНІҢ ОРНЫҢ АЛАБӨТЕН..."
2017 ж. 29 қыркүйек
4381
0
Қасиетті қазақ жері. Ұлы даланың әр пұшпағы қазақ үшін қымбат. Әрбір аймағы аңызға толы, топырағын түртіп қалсаң тарихтан сыр шертеді. Сол тарихтың жалғасын бүгінгі ұрпақ та қалыптастырып жатыр. Ол туралы жазып, келешекке жеткізу - біздің парызымыз. «Қазақ үні» газеті «Аймақ» айдарымен туған жеріміздің түкпір-түкпірінде болып жатқан жаңалықтарды жеткізуге күш салып келеді. Әрине, баспасөздің интернет-сайт секілді мүмкіндіктері мол емес. Дегенмен қазақ жерінің төрт бұрышын түгел қамтуға тырысарымыз анық. Бүгінгі кезек – еліміздің «Батыс қақпасы « атанған, Жайық жағалауын жайлаған берекелі Батыс Қазақстан облысында.
КИЕЛІ ОРЫНДАР ТІЗІМІ ТОЛЫҒАДЫ
Батыс Қазақстан облысында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның жалпыұлттық 100 киелі орындары қатарына Батыс Қазақстан облысынан 6 нысан енгізу көзделіп отыр.
Бұл туралы облыс әкімі, партия филиалының төрағасы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХІ конференциясында айтылды. Олардың қатарында: бірінші – ортағасырлық Жайық қалашығы; екінші – Бөкей ордасы тарихи-музей кешені; үшінші - Теректі ауданындағы Тақсай қорған кешені; төртінші - Батыс Қазақстан өңірінде «Дәдем ата» деген атпен әйгілі Жұмағазы хазірет зираты; бесінші – белгілі ақын, ойшыл-ағартушы, Алаш қайраткері Ғұмар Қараш зираты; алтыншы – Алашорда үкіметінің батыс қанаты – Күнбатыс Алашордасының орталығы болған Жымпиты ауылында Алаш тарихымен байланысты бірнеше ғимарат. Сонымен қатар Жайық қалашығын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне ұсыну үшін құжаттар дайындалуда. Осындай тамыры тереңге жайылған тарихи-мәдени орындарды халық арасында кеңінен насихаттап, оның құндылығын дәріптеудің болашақ ұрпақ үшін маңызы зор. Өйткені туған жерге тағзым осындай қасиетті орындарды қадірлеп, қастерлеуден басталады. Алдағы уақытта тарихи ескерткіштер күрделі жөндеуден өткізіліп, халықтың тағзым ететін, отандық және шетелдік туристердің жиі келетін, қазақ тарихынан сыр шертетін киелі орындарға айналады. Сонымен бірге Ақ Жайық өңірінің электронды энциклопедиясы әзірленіп, Батыс Қазақстан тарихын өзге өңірлерге, көрші мемлекеттерге таныту мақсатында экспедициялық жұмыс жүргізуде. Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін арнайы кешенді жоспар дайындалып, оған ауқымды 20 жоба енгізілген. Олардың қатарында ашық аспан астында мұражай ашу, киелі жерлердегі инфрақұрылымды дамыту, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, көне жәдігерлерді іздеу сияқты көптеген игі істер бар. Бұл жұмыстардың барлығы алдағы алты жылға жоспарланып, «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны», «Атамекен» деген арнайы бағдарламалар арқылы жүзеге асатын болады.
КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және «Атамекен» ҰКП арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған меморандум БҚО ауылдары мен моноқалаларында шағын кәсіпкерлік нысандарына қолдау көрсетуді көздейді.
Келісім аясында 600 млн теңге көлемінде шағын несиелер берілмекші. «Шағын несиелеуге қор тарапынан және БҚО әкімдігінен 300 млн. теңгеден бөлініп отыр. Бұл қаражат шаруа және фермерлік шаруашылықтарға, жеке кәсіпкерлерге шағын және орта бизнесті несиелеуге бағытталады. Несие беру шарттары өте қолайлы: жаңа бизнеске 5 млн. теңгеге дейін, бұрыннан бар бизнесті кеңейту үшін 8 000 АЕК-ке дейін несие берілетін болады. Несие мерзімі – 4,5 жылға дейін, пайыздық мөлшерлемесі – 6 пайыз, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7 пайыздан аспайды, - деді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Бақыт Құдасбаева. Бұған дейін де Батыс Қазақстан облысында аталмыш қордың қатысуымен 25 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған-ды. Олар 1093 шағын шаруашылықты біріктіріп отыр. Қазіргі таңда 6 батысқазақстандық кооператив 90,5 млн. теңге, кооперативке кірген 660 шаруашылық 1 млрд. 980 млн. теңге көлемінде несие алды. Қор қаражатының көмегімен мал сою және сүт қабылдау бекеттері, 2,6 мыңнан астам мал басы сатып алынды.
ӨЛКЕТАНУ – ҰЛАҒАТТЫ ҰҒЫМ
Оралда «ЭКСПО –2017» халықаралық көрмесі және «Туған жер» бағдарламасы аясында жас өлкетанушылардың, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің «Қазақстан - менің елім» атты республикалық форумында Батыс Қазақстан облысының құрама командасы жеңімпаз атанды.
Жас ұрпақтың туған өлкеге деген сүйіспеншілігін арттыру, экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған ауқымды шараға еліміздің 13 облысынан 144 оқушы қатысты. «Еуразия» туристік-сауықтыру орталығы мен Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен форум қорытындысында «Денсаулық және қоршаған орта», «Жасыл экономика», «Туған өлкені зерттейміз», «Экоәлем» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды. «Құс қанатындағы арман» шарасында қарағандылық Амалия Бислингер жеңімпаз атанса, батысқазақстандық Роман Смаглый екінші, шығысқазақстандық Александр Спиридонов үшінші орынға ие болды. Экологиялық сайыста Павлодар, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстары үздік шықты. Ал «Жасыл оазис» экодизайнерлер байқауында Атырау, Алматы, Жамбыл облыстарының командалары алдыңғы үш орынды бөлісті. Жалпыкомандалық есепте БҚО құрамасы жеңімпаз атанды. Алматылықтар екінші, атыраулықтар үшінші орынға көтерілді.
ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШҚАН ЖИЫН
Оралда IV «WestKazInvest-2017» халықаралық инвестициялық форумы болып өтті. Батыс Қазақстанның экономикалық жетістіктері, инвестициялық әлеуеті және нақты жобаларымен таныстыруды көздейтін екі күнге созылған жиынға отандық, сондай-ақ Ресейдің көршілес өңірлерінен компаниялар қатысты.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов аталмыш форум Елбасының бизнеске қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылғанын атап өтті. Мемлекеттің қолдауымен Батыс Қазақстан облысында көптеген индустриялық жобалар жүзеге асырылуда. Мұндай форумдар бизнестің өркендеуіне тың мүмкіндіктерге жол ашары анық. Биылғы форумда агроөнеркәсіп кешені мен мұнайгаз саласын дамытуда инновациялық тәсілдерді қолдану, бизнеске қаржы ұйымдары тарапынан қолдау көрсету, кәсіпкерлік пен мемлекеттік салада жаңа технологияларға жол ашу, мемлекеттік қызметті цифрландыруға ерекше мән берілді.
Батыс Қазақстан аймағының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен тауар айналымы 7 айда 330 млн. АҚШ долларын құраса, соның 310 миллионы Ресейдің үлесіне тиеді. Қазіргі таңда өңірде 230-дай бірлескен кәсіпорын және 400 шетелдік компания табысты еңбек етуде. Форум аясында «Мұнай газ секторы – өнеркәсіпті дамыту драйвері», «Агроөнеркәсіптік кешен: Даму. Өңдеу. Экспорт» және «Бизнестің даму институттары мен халықаралық қаржы ұйымдарына қолдау көрсету құралдары» мәселелеріне арналған үш сессия ұйымдастырылды. Бірыңғай Еуропалық экономикалық кеңестікте қолдану мәселелері бойынша да басқосу өтіп, өзара тиімді бірнеше келісімге қол қойылды.
ЕРЖҮРЕК БАТЫР, БІЛІКТІ БИ, АЙТУЛЫ ШЕШЕН МЕРЕЙТОЙЫ
Қазақтың қол бастаған батыры, білікті би, айтулы шешен Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар Батыс өңірінде кеңінен атап өтіліп, туған жері – Сырым ауданында мәреге жетті.
Сырым Датұлы – тарихтағы жарқын, ержүрек, кесекті де сонымен бірге аса күрделі тұлғалардың бірі. Сырым Датұлы ұлттық рух үшін күрестің қажеттілігін бірінші болып түсініп, ашық қарулы қарсылық туын көтеріп, қазақ даласының саяси құрылымын өзгертуге алғашқы болып нақты қадамдар жасады. Ол 1783-1797 жылдары Ұлы даланың Батыс бөлігін түгелдей қамтыған, патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы алғашқы, үлкен халық көтерілісін бастаған батыр, тарихи тұлға.
Ауқымды шараға орай Сырым жеріне еліміздің барлық аймақтарынан келген құрметті қонақтар Алаш және С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейін тамашалап, Алаш саябағында гүл шоқтарын қойды. Жымпиты ауылы шетіндегі Тойтөбеде ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, дала сахнасында Сырым Датұлының отарлаушыларға қарсы күресін бейнелеген театрландырылған көрініс қойылды. Асқақ рухтағы концерттік бағдарлама да жұртшылық назарына ұсынылды. Мерекелік шараға жиналғандарды облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, игі тілегін білдірді. «Сырым бабамыздың 275 жылдығына арналған шаралар Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Алашорда үкіметінің 100 жылдығымен тұспа-тұс келген осы мерейтойға орай Алаш музейі күрделі жөнделіп, жәдігерлері жаңартылды. Сондай-ақ Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі қайта жабдықталды. Мұның бәрі елдің тарихына, ұлы тұлғаларына деген ұрпақ құрметін білдіреді. Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады», – деді облыс басшысы.
ТІЛ – ТҰТАСТЫҚ ТІРЕГІ
Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ҚР халқының тілдері күніне орай «Тіл – тұтастық туы» атты облыстық тіл фестивалі мәреге жетті.
Шараға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырдан астам уақыт ішінде алға нық қадам басса, соның бәрі - ел бірлігінің арқасы, Елбасы жүргізіп келе жатқан сарабдал саясаттың жемісі. Биыл да еліміз үшін ерекше жыл болып отыр. Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жария етіп, алдағы бағыт-бағдарымызды айқын көрсетіп берді. Шындығында да рухани жаңғырусыз алға басу қиын. Елдегі келісім мен ынтымақтың нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы мыңдаған жұмыс орындары ашылып, инфрақұрылым дамып, көптеген кәсіпорындар жұмыс жасап жатыр. Бір ғана «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы облысқа 28 млрд. теңге бөлініп, сол қаржыға қыруар шаруа атқарылуда. Мысалы, биыл облыс көлемінде 500 шақырым жол жөнделуде. Орал қаласының өзінде бұл мақсатқа 8,1 млрд. теңге бөлініп, бұрын-соңды болмаған жұмыс атқарылуда. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өңірде биыл 1600 тұрғын баспаналы болмақшы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты мақсаты – халықты біріктіру, тарихымызды түгендеп, болашағымызды айқындай түсу. Тек біздің өңірде ғана сексеннен астам ұлт өкілдері тұрады. Біз біртұтас ұлтпыз. Осы ретте мемлекеттік тіліміздің барша ұлт өкілдерін ұйыстырудағы рөлі айрықша. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, елді сақтап қалатын тіл. Тіл барда мемлекет те бар. Көп тіл білгеннің артықшылықтарын Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі де дәлелдеп берді. Әсіресе, қазіргі жастарға көбірек тіл меңгеріп, жаңа технологияларды игеруге кеңінен жол ашылып отыр. Осы мүмкіндіктерді пайдалана білгеннің келешегі де жарқын болмақ. Шара барысында тіл жанашырлары облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ түрлі байқау жеңімпаздарына облыстық Тілдерді дамыту басқармасының марапаттары да табыс етілді.
БАТЫСТА ЖАҢА ЖОЛДАР ҰЗАРА ТҮСТІ
Батыс аймақтың Зеленов және Тасқала аудандарында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Алтай Көлгінов аталмыш аудандардағы жол құрылысының барысымен танысты. Қазіргі қолайлы ауа райын пайдалана отырып, жол салу жұмыстарын сапалы да уақтылы бітіру керектігін тарсырды облыс басшысы.
Облыс орталығы орал қаласымен қатар аудандардың инфрақұрылымын арттыруға аз қаржы бөлініп отырған жоқ. Мысалы, Зеленов ауданының инфрақұрылымын жақсартуға биылдың өзінде 3 миллиардтай теңге бөлінді. Қазір аудан орталығы Переметныйда 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Қараша айында аяқталуы көзделіп отырған кешен құрылысына 280 млн. теңге бөлінген, мұнда қазір 52 адам жұмыс жасауда. Құрылыста толықтай жергілікті материалдар пайдаланылуда.
Деркөл өзені бойында салынып жатқан су қоймасының құрылысы аяқталуға тиісті. Бұл нысан біткеннен кейін суды техникалық мақсатта кеңінен пайдалануға жол ашылады. Бұл ауыл шаруашылығын дамытумен бірге бау-бақша дақылдарын өсіруге мол мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан өңір басшысының атап өткеніндей, ауданда Дариян ауылында 100 орындық интернатымен 300 орындық жаңа мектеп салынуда. Осы ауылда мәдениет үйіне де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Дариян-Кирсанов бағытындағы жол құрылысы да аяқталып қалды.
Өңірде Елбасы тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Орал-Тасқала-Ресей шекарасы бағытындағы республикалық маңызы бар жол қайта салынып жатқаны белгілі. Оның жалпы ұзындығы 104 шақырым болса, биыл жол Тасқала ауылына дейін жетеді. Сонда алдағы жылға шекараға дейінгі 18 шақырым жол бөлігі қалады. Биыл бұл мақсатқа 9,5 млрд теңге бөлінген. «Биыл облыста 500 шақырымнан астам автожолды жөндеуге, қайта салуға 36,5 млрд. теңге бөлінген. Өткен жылы 290 шақырым жол ретке келтірілген болатын. Осының бәрі – мемлекеттің қолдауының арқасы. Орал-Тасқала жолының стратегиялық маңызы ерекше, өйткені осы жол арқылы Ресей қалаларына шыға аламыз. Сондықтан жолдың сапасы мен құрылыс жұмыстарының мерзімінде аяқталуына айрықша мән беру керек. Яғни ауа райының ашық-жарық кезін тиімді пайдаланып, бәрін салқын түскенше бітіру қажет», – деді Алтай Көлгінов.
Биыл ауыл ішіндегі жолдар да жөнделуде. Соның бір мысалын Тасқала ауылынан көруге болады. Аудан әкімі Санжар Әлиевтің сөзіне қарағанда, аудан инфрақұрылымын дамытуға 1,3 млрд. теңге қаралған. Осы қаржыға Тасқала ауылында алты бірдей көше жолы жөнделуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында үш елді мекен мен аудан орталығының сегіз көшесі орталықтандырылған су көзіне қосылды. Өңір басшысы осындай сапарлар кезінде құрылыс жұмыстарының барысы тексеріліп қана қоймай, алдағы жылы атқарылатын жұмыстардың да пысықталатынын жеткізді.
МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында биыл Орал қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына 378,041 млн. теңге бөлінді.
Орталық директорының міндетін атқарушы Нұрсәуле Елеуованың айтуынша, биылғы 1-қыркүйекке дейін жұмысқа орналасу мәселесімен 6944 адам жолығып, соның ішінде 2634-і жұмыссыз ретінде танылды. Сегіз айда 4384 адам мемлекеттік қолдау шараларымен, соның ішінде 2085-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ 590-ы жастар тәжірибесіне, 1087-сі қоғамдық жұмыстарға, 67-сі мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында, 76-сы әлеуметтік жұмыс орындарына, 479-ы кәсіптік оқуға жіберілді. 1298 адам жұмыссыз ретінде есепте тұр, жұмыссыздық деңгейі – 0,9 пайыз. Жыл басынан бері жаңадан 2534 жұмыс орны ашылды. «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» 1-бағыты бойынша 400 жас 1 қыркүйектен бастап Орал қалалық білім беру бөлімі арқылы оқу орындарына жолданды. Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша 976 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Ол үшін мемлекеттік бюджеттен 134,682 млн. теңге қарастырылды. Сегіз айда 479 адам түрлі мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтылды.
Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» 2-бағыты бойынша биыл 76 адамға 294,730 млн теңге көлемінде несие беру көзделген болатын. Қазіргі таңда 273 адам несие қаражатын алуға ниет білдіріп, мамандардан түрлі кеңестер алды. 163 адам «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қалалық филиалына кәсіпкерлік негіздерін оқу курсынан өтуге жіберілді. Күні бүгін қала бойынша несиемен қамтамасыз ететін үш екінші деңгейлі банк, атап айтқанда, «Ресей жинақ банкі» АҚ еншілес филиалы, «Қазақстан Халық банкі» АҚ филиалы және «ЦентрКредит банкі» АҚ филиалы анықталды.
Бағдарламаның «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» 3-бағыты бойынша әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға барлығы 120 адамға 18,530 млн. теңге бөлініп, жоспарланған 5266,0 мың теңге толық игерілді. Сегіз айда 49 келісімшарт жасалып, 37 жұмыс берушіге 76 адам жұмысқа орналастырылды. Жастар тәжірибесін ұйымдастыруға барлығы 477 адамға 141,978 млн теңге қаралып, жоспарланған 64,182 млн теңге игерілді. 174 келісімшарт жасалып, 153 жұмыс берушіге 590 адам жастар тәжірибесі бойынша жолданды. Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен 1048 адамға 80,951 млн теңге бөлініп, жоспарланған 52,369 млн теңге игерілді. 101 келісімшарт жасалып, 102 мекемеге 1087 адам қоғамдық жұмысқа жіберілді. Айта кетейік, сегіз айда бос жұмыс орындарының алты жәрмеңкесі өткізіліп, жоспарланған 900 мың теңге толық игерілді.
«ДАЛА ДАРЫНДАРЫ» ДӘСТҮРІН ЖАЛҒАСТЫРДЫ
Оралда дәстүрлі «Дала дарындары» жастар шығармашылығы фестивалінің жеңімпаз-жүлдегерлері анықталды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған байқауға биыл алпыстан астам үміткер қатысты.
Орталық директорының міндетін атқарушы Нұргүл Бердашеваның айтуынша, «Дала дарындары» фестивалі жиырма жылға жуық уақыт бойы өткізіліп келеді. Жыл сайын жанрларға өзгерістер енгізіліп отырылады. Айталық, биыл хореографиядан ансамбльдер қатысқан жоқ, соло, дуэттер ғана бақ сынады. Үміткерлер санының азаюы сол себептен. Байқау қорытындысына сәйкес биыл Астанада 3-8 қарашада өтетін ХХ «Шабыт» халықаралық жастар шығармашылығы фестиваліне баратындар іріктелді. Яғни, фестиваль ережесіне сәйкес биыл эстрадалық вокал, хореография аталымдары болмайды. Есесіне жастар, мысалы, академиялық ән айту, халық музыкасы, классикалық музыка, мүсін өнері, әдеби шығарма, сатирадан сынға түседі. Осы аталымдар бойынша үздік шыққандар «Шабыт» халықаралық фестиваліне барады. Сонымен, «Дала дарындары» фестивалінің қорытындысы бойынша халық музыкасынан (домбырамен ән салу) Орал қаласы атынан шыққан Әмина Ғайнеденова жеңімпаз атанды. Домбыра-күйден жаңақалалық Темірлан Сралиев озды. Эстрадалық вокалдан теректілік Елжас Мағзұмов пен Ислам Мұратов (дуэт) бірінші орынға ие болды. Әдеби шығармадан сырымдық Саида Ғапарова (проза), жәнібектік Бағдагүл Қарабасованың (сатира) бағы жанды. Хореографиядан оралдық Аружан Серікбаеваның мерейі үстем болды. Бейнелеу өнері жанрынан зеленовтық Әлібек Роланов озса, кескіндемеден жәнібектік Нағима Төлебекова үздік атанды. Фестиваль жүлдегерлері арнайы дипломдармен марапатталып, гала-концертте өнер көрсетті. «Дала дарындары» фестивалі биыл да өз дәстүрін жалғастырып өңірдегі дарындарды анықтап берді.
ОРАЛДА ШОРТ-ТРЕКТЕН ЕЛ БІРІНШІЛІГІ БАСТАЛДЫ
Орал қаласында жабық мұз айдыны спорт сарайында шорт-тректен балалар мен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты басталды. Оған Астана, Алматы қалаларынан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Оңтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарынан 200-ге жуық спортшы қатысуда.
Қазақстанның шорт-трек бойынша мемлекеттік жаттықтырушысы Сафия Телеубаеваның айтуынша, бұл айтулы жарысқа 9-17 жас аралығындағылар қатысып, бақ сынауда. Олардың санының 192-ге жетуі ел біріншілігі үшін рекордтық көрсеткіш деп айтуға болады. Біріншілік 30 қыркүйек күні мәреге жетеді. Чемпионаттың Оралда өтуі тегін емес. Өйткені мұнда жабық мұз айдыны спорт сарайы ашылған 2002 жылдан бері шорт-трек спорты өте қарқынды дамып келеді. Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Анита Нагай сынды дүниежүзілік додаларда жеңімпаз-жүлдегер атанып үлгерген шеберлердің арқасында шорт-трек қысқы спорт түрлерінен елімізде алдыңғы орынға шықты. Алдағы жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы олимпиада ойындарында осы шорт-трек шеберлеріне үлкен үміт артылып отыр. Қазіргі кезде ұлттық құрама жігіттері Голландия, Анита Нагай Корея құрамасымен бірге жаттығуда.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz