ТАНЫС ТА БЕЙТАНЫС ЛАТЫН ӘРІП-ТАҢБАСЫ
2017 ж. 18 қыркүйек
7070
12
«Бізде таза қазақ тіліне тән сегіз әріп бар – соларды таңбалау керек. Басты мәселе осы», - деп Елбасымыз айтқан қағидатты ұстануымыз керек
Латын әріп-таңбалы қазақтың жаңа әліпбиінің көпшілік назарына ұсынылған нұсқалары төңірегіндегі пікірталас бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде қызу өтті десек, артық айтқандығымыз емес. Оған тіпті «Қауіп еткеннен айтамын» деген ыңғайдағы орынды пікір, орайлы ұсыныс айтылып жатса да, мұны қарсылық деп қабылдаудың да қылаң беруі куә. Шын мәнісінде қарға тамырлы қалың жұртымыздың басым көпшілігі қарсылық емес, қолдау білдіріп жатыр. Мәселенің мәнісін толық түсінбесе де, еліміздегі орыс тамырлар да, басқа да ұлт өкілдері де барынша қолдау көрсетуде. Әлемде 65 әліпби бар екен. Десек те, жазу жүйесі және әліпби сияқты ұғымдарды ажырату жөн көрінеді. Әліпби – әрбір тілдің әріптер түрінде ұсынылған барлық дыбыстары болса, бұған қоса буындық жазу, тұтас сөзді білдіретін иероглифтер, тағы да басқалар бар екен. Сондықтан қазіргі сәтке барлығы қырық алты әліпби бар деп есептеледі. Арабтардың, грузиндердің, армяндардың, еврейлердің (иврит), гректердің, жапондардың (кандзи, ромадзи, хирагана, катакана), кхмерлердің, тіпті жаңа гвинея папуастарының төл әліпбилері бар. Кезінде қайран Ақаң (Ақселеу Сейдімбек) көне түркі руникалық жазуын жаңғыртып, қазақтың төл әліпбиін жасауды ұсынған еді. Ғаламторда «Әлемнің барлық әліпбилері» («Все алфавиты мира») деген тізбеде сол Ұлы Жазуымыз жоқ, тіркелмепті... Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері жаңа әліпбиімізді латын әріп-таңбасы негізінде түзуге ойыстық. Содан бері осы мәселені қаузап келеміз. 2003 жылғы 6-7 қарашада Алматыда өткен Қазақстан Республикасының сол кездегі Мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов ашып, жүргізген «Қазақ терминологиясы және бұқаралық ақпарат құралдары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, көп жылдардан бері осы мәселемен тікелей айналысып жүргендіктен, төл мамандығым филолог ретінде, қырық жылдан астам ала қағазды айналдырып жүрген қаламгер ретінде өзімнің қазақтың жаңа әліпбиі төңірегіндегі ойыммен бөліскенді жөн көрдім. Сөздің реті келген соң айта кетейін, сол алқалы бас қосуда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы С.Мырзабеков: «Қазақ тілінің тыныс, тіршілігі, болашағы терминге тіреліп отыр. Мұндағы зор түйткіл мәні халықаралық, (дыбысталуы) орыстық сөздерге байланысты. Түбір тұрғысынан қарағанда қазақ тілі орыс тіліне кірме күйде. Алда екі жол: 1) Осы қалыппен зырлай береміз, жырлай береміз. Ақыры – құрдым. 2) Қазақ тілі өз дыбыстық жүйесіне келеді. 28 әріп дыбыспен барша сөзін қайта сөйлетеді. Орыс сөздерінің омыртқасын омырып, қабырғасын қаусатып дыбыстық жақтан қайта игереді. өзінің тілдік иммунитетін қалыптастырады. Бұл тілдің болашағы үшін керек. Қазіргілер үшін мұндай әрекет құбыжық болып көрінетініне күмән жоқ», - деген еді. Осы сөздің шындығына күні бүгінге дейін көз жетіп келеді. Басты гәп, өзгетілді дыбыстардан арылу болса, кирилше құрастырылған әліпбиімізден 11 дыбысты (в, ё, ф, ц, ч, щ, ъ, ь, э, ю, я) алып тастасақ, қалған 31 дыбыс (а, ә, б, г, ғ, д, е. ж, з, и, й, к, қ, л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у, ұ, ү, х, Һ, ш, ы, і) өз тілімізге етене екені анық. Осылардың ішінен а (a), б (b), г (g), д (d), е (e), і (i), ж (j), з (z), к (k), қ (q), л (l), м (m), н (n), о (o), п (p), р (r), с (s), т (t), у (u), х, һ (h), ы (y) 22 дыбыстың латынша таңбалануы дау туғызбайды. Қазақтың латын әріп-таңбалы әліпбиін түзу барысында биліктегі шенеуніктер де, тілші ғалымдар да, қалың көпшілік те «Бізде таза қазақ тіліне тән сегіз әріп бар – соларды таңбалау керек. Басты мәселе осы», - деп Елбасымыз айтқан қағидатты ұстануы керек. 25 әріптен тұратын әліпбиге зерделеп қарасақ, төрден орын алған 3 әріп (Ц, Ф, В) қазақ тіліне тән емес дыбыстар және дауыссыз дыбыстар. Ал қосұрықтанып, яки қосәріптеніп диграф түрінде жертөлеге түсіп кеткен қазақтың 3 дауысты дыбысы – Ә, Ө, Ү. Бұл дыбыстар (әріптер) әредік емес, күнде минөт сайын, секөнт сайын, өмір бойы қолданылатын қазақтың ежелден келе жатқан төл дыбыстары. Міне, осы дыбыстар жеке әріппен таңбаланып, төрден өз орындарын алуға тиіс. Мейлі, қалай таңбаланса да: Ә, Ө, Ү деп өз бетінше қалдыруға да болады (бұл таңбалар компьютерде «Символдар» легінде бар, қазір пернетақтада да бар) немесе неміс әліпбиіндегідей Ä, Ö, Ü умлаут таңбалармен берілсе, ешқандай қиындық келтірмейді. Осы бір үш әріпті енгізгеннен өркениет көшінен қалып қоймаймыз... Ал үлгі ретінде көлденең тартып отырған ағылшын әліпбиіндегі zh (ж), ch (ч)" әріптері – дауыссыз дыбыстардың таңбалары. Ұсыныс ретінде келесі айтарым: қазақ тіліне тән емес В, Ф, Ц, Ч дыбыстарының V, F, C (Ц), С (2-ші бір нұсқада Ч болып жүр) латынша таңбалануларын қазақтың төл дыбыстарына пайдаланған дұрыс. Айталық, V-ны Ү әрпінің орнына, F-ны Ғ(ғы) әрпінің орнына, C-ны Ш әрпінің орнына, ал басы даулы W-ны Ұ орнына (ағылшынша дыбысталуы осы біздің ұлы Ұ-ға жуық) пайдаланған жөн сияқты. V дегеніміз Ү, W дегеніміз Ұ – әдемі үйлесіп, жарасып тұрған жоқ па?! Ал енді түрік ағайындардағы В, Ф, Ч дыбыстарын қажет етсек, міне оларды қосәріппен, яки диграфпен таңбалау керек (vh – в, fh – ф, ch – ч).Ал түрік алфавитінде, тіпті озық елдің бірі – неміс алфавитінде төбесінде қос нүктесі бар А, О, Ү (Ä, Ö, Ü) және т.б. әріптер бар. Сонда да көштен қалып жатқан жоқ. Ал біз 25 әріптік әліпбиге көшсек, тұтастай Ә, Ө, Ұ, Ү, Ғ, Ң, Ш әріптерінен (7 бірдей төл дыбыстан) айырылайын деп отырмыз. Ә-ні Ае дегеннен, Ө-ні Ое дегеннен не ұтамыз?! Өйткені қазақтар немістер сияқты қалай жазылса, солай оқып үйренген. Ағылшындар сияқты ұшақ атауын Boeing деп жазып, Боинг деп оқуға немесе француздар секілді автомобиль атауын Renault деп жазып, Рено деп айтуға дағдыланбаған. Атаң қазақтың «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» деген уәжді сөзі осындай жағдайдан туындаса керек.
Әліпби жобаларын жасаушылардың қазақтың Ә мен Ө дыбыстарынан (әріптерінен) қарадай неге үркетінін білмеймін, тіпті түсінбеймін?! Тарихтан белгілі, КСРО ОАК жанындағы Жаңа әліпби жөніндегі комитеті латиница негізінде «Бірыңғай Түркі Әліпбиін» (Яналиф немесе қаз. Жаңаліп) әзірлеген болатын. Қазақ тіліне тән кейбір түрленімдері бар осы әліпби ресми түрде, 1929 жылдан 1940 жыл аралығында, кириллицаға ауыстырылғанша пайдаланылды. Осы әліпбиде Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамған заманда Ә мен Ө өздерінің лайықты орындарын алып тұр. Ы әрпінің орнына орыстың айырым белгісі Ь әрпі пайдаланылыпты.A a | B ʙ | C c | Ç ç | D d | E e | Ə ə |
F f | G g | Ƣ ƣ | H h | I i | J j | K k |
L l | M m | N n | Ꞑ ꞑ | O o | Ɵ ɵ | P p |
Q q | R r | S s | T t | U u | Ŭ ŭ | V v |
Y y | Z z | Ь ь |
ИНТЕРБЕТТІҢ баспа әріптері | ИНТЕРБЕТТІҢ жазбаша әріптері |