ПӘРМЕНІ АРТҚАН ПАРЛАМЕНТ ЖАҢАША ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ МІНДЕТТІ
2017 ж. 09 қыркүйек
2101
0
Халық қалаулыларының демалысы аяқталып, Парламенттің 6-шақырылымы, 3-сессияның жұмысы басталып та кетті. Сессияның ашылуына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты. Елбасы жекеменшік банктерді қаржылай қолдауды тоқтатып, заң жүзінде Ұлттық банктің құзіретін арттыруды тапсырды. Сонымен бірге әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін, сүрінбей тұрып, қайта пысықтау қажеттігін баса айтты.
Отырыста сөз сөйлеген Елбасы кезекті саяси маусымда Конституциялық реформадан соң пәрмені артқан Парламент өкілдері биыл қарқынды да және жаңаша жұмыс істеуі керектігін ендігі жерде министрлер де «Үкімет сағатына» тыңғылықты дайындалуы тиістігін атап көрсетті.
Президент банктерге бюджеттен бейберекет ақша бөлуді тоқтату керектігін ескертті. Қит етсе, елдегі қаржы жүйесін реттеу керек деген желеумен, қазынаға қол салатын банктердің қожайындары бар, бәрі олигархтар. Оларды неге мүсіркеу керекпіз? Президент Америкада жылда 1500 мейрамхана банкрот болады, осыншасы қайта ашылады. Бұл – нарық заңы деді.
Елбасы қаржы жүйесін бақылауды заңмен реттеу қажеттігін айтып, ол үшін Ұлттық банктің құзіретін кеңейтуді тапсырды. «БТА» банкті мысалға келтіріп, қаржылық құйтырқылықтарға жол бермеу үшін, Ұлттық банк дер кезінде шешім қабылдау қажет деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бюджетке түсімдер азайып, мұнай, металл бағасы арзандап жатыр. Сондықтан жаңа қаржы көздері қажет. Былтырдан бері жаңа Салық кодексі қаралып жатыр. Салық саясатын реттеуді Үкіметке қайта оралған Досаев қолға алмақшы. Бұған дейін екі рет жолы болмай, отставкаға кеткен Досаевты тағы бір қиын сынақ күтіп тұрған сыңайлы. Осы отырыста денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та екі рет ескерту естіді. Оған Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің шикілігі себеп болды. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2,7 млн. адамның сақтандыру қорына жарнаны қалай төлейтіні түсініксіз, деді Президент. Қалай дегенмен жаңа саяси маусым министрлер мен мәжілісмендерге оңай соқпайтын секілді.
qazaquni.kz