Садақаны шын мұқтаж жандарға беру керек - өкіл имам
2017 ж. 26 тамыз
2860
0
БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Р.Сұлтанов алдағы Құрбан айт мейрамында облыс көлемінде атқарылатын іс-шаралар туралы мәлімдеді, - деп хабарлайды qazaquni.kz.
Биылғы мереке 1-3 қыркүйек күндеріне сәйкес келіп отыр. Облыстың бас имамы «Құрбан айт» мейрамы діни рәсім, жоралғылармен шектелмей, жас ұрпақты ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуге, халық арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталатынын айтты.
Құрбан айт мерекелік шарасы аясында Еуразия даңғылында орналасқан орталық мешітінде халық арасында бұқаралық ұлттық спорт түрлерінен (гір тас көтеру, қой көтеру, қазақша күрес, т.б.) жарыс өтеді.
Бас имам айт намазы айдың алғашқы күні орталық мешітте таңғы сағат 7.30-да басталатынын, тазалықты сақтау мақсатында қаладағы және аудандағы мешіттердің ешбірінде құрбандық малы сатылмайтынын және сойылмайтынын, арнайы құрбандық шалатын орындардың әзірлегенін жеткізді.
- Құрбан айт мерекесінің қасиетіне тоқталсам, Рамазан айы, сол
сияқты Құрбан айт мерекесі адам баласының жасаған сауап істері арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсуге мүмкіндік беретін қасиетті мейрам. Сонымен бірге дүйім адамзатты татулық пен бірлікке, сыйластық пен кешірімге шақыратын ұлық мереке. Осыған орай соңғы жылдары біздің облысымызда да қайырымды жандар қатары артып келе жатқаны көңіл қуантады. Мәселен, жуырда ғана «Мектепке жол» бағдарламасы аясында бір кәсіпкер азамат 25 балаға 1 млн. теңге қаржылай қолдау көрсетті.
Құрбан шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Тағы бір ескеретін жағдай - садақаны берерде әр адам мына қағиданы ескерсе. Алдымен садақа шын мұқтаж жандарға берілсе, екіншіден, садақаны берере мынау менің садақам деп емес, айт мерекесіне тарту-таралғым деп мәдениетті түрде жеткізуді ұғынсақ дұрыс болады, - деді облыстың өкіл имамы Р.Тыныштықұлы.
Сондай-ақ, бас имамның айтуынша, кәсіпкерлер мен жеке қожалық иелерінің өздері биылғы Құрбан айт күндері мал бағасын өсірмеуге ниет білдіріпті.
Брифингте сөз алған Орал қалалық ветеринария бөлімінің басшысы Р.Лұқпанов қаладағы Құрбан шалатын орындар туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, жануарларды сою ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес келетін 5 мал сою пунктері: «Ел ырысы» базарының аумағы (Сырым Датұлы, 41 А), «Кублей» ЖШС мал сою пункті (Зашаған кенті, Рыбцех, 55), «Уральские колбасы» ЖШС мал сою пункті (Желаев промзонасы, 17/5), «Құспанов С.К» жеке кәсіпкерлігі мал сою пункті (Ақтөбе көшесі, 298), «Батыс Адал ет» ЖШС мал сою пункті (Вторая Молодежная, 1/6) ұйымдастырылды.