Қытайлықтар Қазақстанның жетімдер үйіндегі қыздарына көз сала бастады
2017 ж. 24 тамыз
14020
21
Қытай осыдан біраз жыл бұрын демографиялық өсімді шектеу үшін балалы болу мәселесін тізгіндей бастады. Мемлекеттің ішкі өлкелерінде бір отбасыға бір баладан артық бала тумау саясатын қарқынды жүргізді. Содан болар, ханзулар мүмкіндік болса, ұрпақ жалғастыратын ұл сүюге тырысты. Бұл саясат көрші елдегі қыздардың саны еркектерден бірнеше есеге азаюына ықпал етті. Бүгінде ханзу елінде әйел алу, үйленіп үй болу мәселесі үлкен проблемаға айналып отыр. Сарапшылар тарапынан бұл проблеманы шешу үшін олар біздің қыздарымызға көз сала бастайтыны да айтылып жүрген еді. Енді міне, қытай саясаты қазақ қыздарын әйелдікке алу үшін нақты қадамдар жасай бастады.
Қазақ баспасөзі кешелі бері балалар үйінің тәрбиеленуші қыздары арасындағы үстел теннисінен пинг-понг ханшайымдары белгілі болғанын хабарлап жатыр. «Пинг-понг ханшайымы» деп аталатын бұл әлеуметтік жоба Қазақстанда алғаш рет балалар үйінің тәрбиеленуші қыздары арасында өткізіліп отырған көрінеді. Жеңімпаздарға Қытай еліне баруға мүмкіндік беріледі-міс.
Бұл жарысқа екі ай қатарынан Қазақстанның 10 аймағында іріктеу ойындары өтіпті. Жалпы шараға еліміздің 40 балалар үйлерінен 60 тәрбиеленуші қыз қатысқан.
Бұл сайыста 7 жастағы бүлдіршіннен бастап, 15 жасқа дейінгі жеткіншектер бақ сынапты. Олардың бәрі Қытай еліне бір рет барып қайту үшін бар өнерлерін көрсеткенін, бала пейілдерінің ақ екенін баса айтқымыз келеді. Бірақ, ҚХР-дың Алматы қаласындағы бас консулының орынбасары Го Синьцяо мырзаның өзі бұл жарысқа арнайы келіп "Бұл жобаны әрі қарай қолдап, балалар үшін барлық жағдай жасауға тырысамыз" деуінің астарында не жатыр?.
Біріншіден, жарыс неге қыздар арасында ғана өтеді?
Екіншіден, неліктен жетімдер үйінің қыздары таңдалып алынды?
Үшіншіден, жеңімпазға Қытайға жолдама берудің астарында не жатыр?
Қытай мемлекеті әйел тапшылығына тап болып отыр. Сол себепті де ер азаматқа, ер балаға деген қызығушылығы аз. Бір тал болсын қазақ қызын өздеріне тарту үшін олар кез-келген үлкен шараны ұйымдастыруға бейілді. Оның үстіне жетім қыздың сұрауы жоқ. Не әке-шешесі, не туысы жоқ қыздарымыздың басын айналдырып, бесіктен белі шықпай жатып жүрегін жаулап алуға тырысып жатқанын түсіну қиын емес. Қытай бір жылы алақанға зәру қыздардың Қытайға деген махаббаттын ояту арқылы жымысқы саясатын жүргізуді бастады. Ал, біздің елдің бас партиясы мен белгілі қорлары осы саясаттың қарқынды жүруіне шама-шарқынша көмектесіп жатыр.
Бір кем дүние-ай!
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz