"Айтуға оңай" ток-шоуы жабылды
2017 ж. 11 тамыз
3843
3
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы «Айтуға оңай» ток-шоуы өз мәресіне жетті. Бағдарламаның аяқталғанын хабардың жүргізушісі Бейсен Құранбек Фейсбукте жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.
- Иә, «Айтуға оңай» аяқталды. Тамыздың соңына дейін қайталаулар беріледі. Сонымен бітті...
Бес жылдың ішінде қоғамдағы қордаланған проблемалар, қиюы кетіп тұрған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер, талайлы тағдырлар туралы айтудай-ақ қайттық. Жәй ғана айтып қоймай, қолдан келгенше сүрінгенге-сүйеу, жығылғанға - жастық болдық.
Осылай жалғастыра берсек те болатын еді. Қалыптасқан, елдің көңілінен орын тапқан бренд, форматты ары қарай да қолдана беруге болатын еді. Бірақ әр нәрсенің уақыты бар, әр нәрсенің өлшемі бар. Одан кейін қайталау, ұсақталу, кері кету басталатыны белгілі.
Жеке өзім үшін де бұл шешім оңайға түскен жоқ. Құдай өмір берсе сағынышпен ескен алатын бір кезең артта қалып барады. Мен үшін «Аайтуға оңай» үйрену, өсу, қызмет ету мектебі болды. Көп нәрсе жазғым келеді. Ол енді мақтандай қабылдануы мүмкін екенін ескеріп, қоя-қойған жөн болар:)
Бірақ бүгін бір нәрсе айтылуы тиіс. Ол - алғыс!
-Осы жобаны өмірге әкеп, бізге сенім артқан, қолдау білдірген Нұржан Жалауқызына, Ләззат Олжабайқызына, Қайнар Олжайға, Серік Аббас-Шахқа,
-Мені жүргізушілікке шақырған «Айтуға оңайдың алғашқы әрі соңғы продюсері Әлия Құдайбергенге,
-«Айтуға оңайға» әр кездері жетекшілік еткен Аргентина Жәнібекке, Ерке Баймахановаға, Досан Атантеловке, Нүсіпхан Қыстаубаевқа,
-«Айтуға оңайда» істеген әрбір қызметкерге,
-Демеушілік, тілектестік танытқан әрбір адамға,
-Аз уақыт басшылық етсе де, көп қолдау білдірген Кемелбек Ойшыбаевқа,
-Бізге ерекше сенім танытып, жұмысқа барлық жағдайды жасап отырған Ерлан Карин бастаған «Қазақстан» телерадиокорпарациясының басшылығы мен ұжымына,
-Ағалық ақылы, әпкелік қамқорлығы, әріптестік жанашырлықтары үшін Ұлттық арнаның Алматы филиалының жетекшісі Марат Иманғалиұлына, бас редактор Гүлнәр Салықбайға, шеф – редакторлар Сағатбек Қалиұлына, Ержанар Әшейханға, Дәурен Дариябекке,
-Өздері көрінбей, үлкен істерді тындырып жүрген режиссерларға, дыбыс режиссерларына, операторларға, жарық қоюшыларға, монтажерларға, шопырларға, техникалық, шаруашылық, ұйымдастыру бөлімінің барша қызметкеріне, тағы да басқа аты аталмаған, бірақ септігі тиген жандарға зор алғыс сезімін білдірмін! Сіздерсіз бұл хабар шықпас еді...
Ерекше рахмет айтатын, ол - Нұртілеу ағам айтпақшы, «патша көңілді көрермен». Сіздердің бізге уақыт, көңіл бөлгендеріңіз үшін, бей-жай қарамай ықылас, ниет танытқандарыңыз үшін мың алғыс! Сіздерсіз біздің жасаған хабарымыз ешкімге керексіз боп қалар еді...
Ары қарай не болады дейсіздер ғой. Қарап отырмаймыз. Қарекет қыламыз. Елге пайдалы дүние жасаймыз. «Ұлттық арнадағы» жаңғыру кезеңіне өз үлесімізді қосамыз. Ол туралы жаңа маусымда көріп, бағасын бере жатарсыздар, деді Б.Құранбек.