ШЫМКЕНТТЕ ЛЕНИННІҢ ЕМЕС, ӘЛИХАННЫҢ ЕСКЕРТКІШІ ТҰРУЫ КЕРЕК!
2017 ж. 06 тамыз
13114
112
Былтыр Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға 150 жыл толғанын, биыл Алаш қозғалысының 100 жылдығы екенін әкімдердің есіне саламыз!
Баспасөзден Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахымовтың кешегі кеңес империясының көсемі Лениннің ескерткішін қайта қалпына келтіруге 102 миллион теңге бөлгенін оқығанда, оңтүстікке қатысым болғандықтан, ұялғаннан жерге кіріп кете жаздадым....«Шымкент əкімдігі Ленин ескерткішін жөндеуге қыруар қаражат бөлді. «Металлург» саябағында мызғымай тұрған күн көсемін қызғыштай қорыған ат төбеліндей белсенді топ билікті жеңіп тыныпты. Бес гектар алқапты алып жатқан орысша атауы алынбаған «Металлург» бағындағы Лениннің алып мүсінінің бағы жанды. Саябақты жөндеуге қала қазынасынан 102 миллион теңге бөлініп, демалыс орны қайта жөндеуден өте бастады. Жергілікті билік мыс мүсінді жаңартып, Лениннің ғұмырын ұзартты.», – деп жазады 365info.kz.
Бірден айтайық, бііз, «Қазақ үні» газеті де, Qazaquni.kz ұлттық порталы да, Ғабидулла Әбдірахымов Шымкенттің тізгінін ұстағалы көбінесе жасаған жақсы шараларын жариялап, жақтап келеміз. Иә, өткенде «Шымкентке орыс тілі пәні мұғалімдері жетіспейді, сондықтан Ресейден мұғалімдер алғызып, оларды пәтерлермен қамтамасыз ету керек» -дегенде жақсылап сынағанымыз бар болатын. Ал енді мынау ісін не деуге болады?!. Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын 26 жылдан бері білмей жүрген не білгісі келмей жүрген Шымкенттегі ат төбеліндей топ айта қалды деп, айдалада жатқан Лениннің ескерткішіне жүгіріп, көмусіз жатқан көсемнен көмек сұрағанын қандай саясаткерлікке жатқызуға болады? Шымкенттен ат шаптырым жерде жатқан көрші Өзбекстанда осылай Ленинге ескерткіш қоямын деп құлшынатын құлдық құлықтағы бір әкімді емге таба алмайсыз... Ғайыптан тайып, табыла қалса, онда ол әкім болып істеу түгілі Өзбекстанда өмір сүруінің өзі қиын болады... Ұлттық идеологиямыздың жоқ екендігінің айқын дәлелі ұлттың ұйысқан өңірі Оңтүстіктен де көрініп тұрғаны ма бұл? Ұлтқа жақын, руханиятқа қамқор рухы биік санаулы әкімдеріміздің бірі саналатын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мырза не дейді бұған? Әрине, мұндай масқара хабарға сенгің де келмейді. Бірақ баспасөзде шу болып жатқанына үш-төрт күн болды - үн жоқ Шымкент әкімдігінен... Соған қарағанда, "жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды" болып тұр әзірге. Ал коммунистер тойлап жүр, "Шымкенттің әкімін сындырдық" деп... Қалам ұстағандарға хабарласып едік, "102 миллион теңге саябаққа бөлінген, соның ішінде ескерткішті қалпына келтіру де қаралған деп жатыр" дейді. Былтыр елімізде тұңғыш Алаш саяси партиясы мен Алашорда үкіметін құрып, Қазақстанның Тәуелсіздігі жолында өлшеусіз еңбек сіңіріп, құрбан болған Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға 150 жыл толды! Қайда Әлиханның ескерткіші Шымкентте? Ал биыл Алаш қозғалысының 100 жылдығы екенін Шымкент қаласы әкімінің есіне ешкім салмады ма? Лениннен батылдығы үшін "қызуқанды қазақ" деген ат алған, Сталинге есесін жібермей тең сөйлеген біртуар қайраткер Сұлтанбек Қожанов бастаған Алаш арыстары да аз емес қой Оңтүстікте. Оларға құрмет көрсетіп, ескерткіш тұрғызу ойларыңызда бар ма өзі? Әлде әкімге Әлиханнан гөрі қазақты қып-қызыл қанға батырған қызылдың көсемі Ленин қымбат па? Шымкенттік мұғалімдерді пәтермен қамтамасыз етіп, қарық қылып тастағандай, Ресейден аттай қалап алдырмақ орыс тілі мұғалімдерімен бірге қазақты 70 жылдай боданда ұстаған кеңес империясының көсемі Лениннің ескеркішіне тәу етіп жүрмек пе сонда Тәуелсіз Қазақ елі әкімдері? 2010 жылы Ислам Әбішев «Красный Восток» аталған Өскеменде әкім болғанда, қазағы, орысы, тіпті кержағы бар қаптаған коммунистердің қалың қолын қайтарып, бұрын ешкім бұза алмай келген, бұзбақ түгілі ойына да алмаған Лениннің ескерткішін бір күнде құлатып тастап, орнына ұлы Абайдың алып тұлғасын Алтай төріне асқақататып орнатып қойды. Ал Сіз қазақтың қаймағы сақталған қасиетті өлке Шымкентте Әлиханға ескерткіш қоюдың орнына құлап жатқан Лениннің ескерткішін тұрғызуға миллиондар шашасыз... Лениннің ескерткіші қай әкімнің кезінде алынды екен, енді сол әкімнің өзіне ескерткіш қоятын заман болды ма қазір, не болып кетті ?.. Ордалы Оңтүстік оғландары Кеңес империясы көсемінің ескерткішін тұрғызуға қалай жол беріп отыр? Мазалағандардың (коммунистердің) өтініштерін орындағыш болсаңыз, ұлт зиялылары, біздің де айтарымыз бар: 1. Әлихан бастаған Алаш арыстарына ескерткіш тұрғызуды талап етеміз! 2. Кеңес империясы көсемі Ленииннің ескерткішін тұрғызуға үзілді-кесілді қарсылық білдіреміз. Қазыбек ИСА «Қазақ үні» газеті Qazaquni.kz