Той алдында жас жұбайлар қыдырған тікұшақ жекеменшік мұнай-газ компаниясының авиация департаментіне тиесілі көрінеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Today.kz-ке сілтеме жасап.
«Гулянкаға» тікұшақты сағатына 550 мыңға кім бергені белгілі болды
2017 ж. 04 тамыз
5433
5
Департамент басшысы Қуаныш Мұсаевтың айтуынша, фирма жақында тікұшақпен коммерциялық турлар ұйымдастыруды қолға алған екен. Күні кеше желіні шулатқан шымкенттік жұбайлардың серуені осы бастама аясындағы алғашқы тапсырыс көрінеді.
«Біз бұл істі жақында қолға алған едік. Бұл – жеке компанияның тікұшағы. Оны ұстап тұру үшін, экономикалық қиындықтарға байланысты біз жыл бойы тікұшақты коммерциялық мақсатқа пайдалуға рұқсат алуға қол жеткізіп едік. Жақында ғана хабарландыру беріп, сайт ашқанбыз. Кеше алғашқы тапсырысты алған бетте, осындай шу шығып жатыр. Заң бойынша мұндай ұшуға тыйым салынбаған, біз рұқсатпен ұштық. Алайда, жұрттың даңғазалығы жұмыс істеуге кедергі келтіріп жатыр», - дейді ол.
Оның айтуынша, жас жұбайлар тікұшақты 1 сағатқа жалға алған. Осы үшін 550 мың теңге төлепті. Компания өкілі тойдың соңының осынша шуға айналуы тікұшақты коммерциялық мақсатқа пайдалануға кедергі келтіруі мүмкін деп алаңдаулы екен.
«Олар тікұшақты той үшін жалға алды, ал қонақтар видеоны Интернетке салып жіберіпті. Осының кесірі бізге тиіп жатыр. Енді коммерциялық ұшуға мүлде тыйым салатын шығар», - деп қынжылды ол.
Еске сала кетейік, кеше әлеуметтік желілерде той кортежімен бірге ұшқан тікұшақтың видеосы жарияланған болатын.Видеоны түсірушілердің айтуынша, бұл той Шымкентте өткен.