Сот пен банк сыбайластығының сыры неде?
2017 ж. 31 шілде
2069
1
Қызылдорда қаласының азаматы, «Динара Б» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы Бақытбек Джаманбаев 2006 жылы «Банк Каспийский»» деген банктен екі рет 2 млн.теңгеден қарыз алып, оны жабады. Үшінші ретінде 5 млн.теңгеге ашып, 2007 жылы оның 3 млн.теңгесін алады. Қалған 2 млн.теңгесін аларда банк: «3 млн.теңгенің төленбеген 750 мың теңгесін құйыңыз» деген соң, Бақытбек оны түгел қайтарып, 2008 ж. 19 ақпанында 2 млн.теңгені алып, оған берешегін бірнеше ай бойы кесте бойынша құйып тұрғанда, 2008 ж. мамыр айында өкпесіне электр араның сынған тісі қадалып, қатты жарақаттанып, 9 ай емделеді. Ауырған соң бұрынғыдай ай сайын қарызын қайтара алмайды. 2009ж. «Банк Каспийскийдің» атауы «Kaspi Bank» болып өзгереді. 2009 ж. наурыз айында банктің өзі шығарған, «барық төленбеген қарыздарды тоқтата тұру туралы» өкім бойынша банк қызметкерлері ауруханаға келіп, Б.Джаманбаевтан 1,7 млн.теңге қарызы қалғанын және оны тоқтата тұру жайлы арыз жаздырып алады. Жаздырып алуын алғанымен ауруханада ксерокс құралы болмағандықтан, «ауруханадан шыққан соң келіп, көшірме мен несиені төлеудің жаңа кестесін аласыз» деп арыздың көшірмесін бермей кетеді.
Б.Джаманбаев ауруханадан шыққан соң, банкке барғанда: «бізде сіздің несиеңіз жайлы ешқандай құжат жоқ, арызыңыздың көшірмесін де, жаңа кестені де Алматыдағы бас кеңседен барып аласыз» деген жауап естиді... Қайта құрылған банк барлық заемщиктерінің құжатттарын тексермей ме, кім қарыз, кім қарыз емес, көрмей ме? Банк сол бойы жаңа кесте жасап та бермейді, қарызыңызды неге төлемей жатырсың деп мазаламайды да. Жанымен қайғы болып жүрген азаматқа да ешқандай арам ой келмейді. Арыздың көшірмесін банк кейін «таба алмай қалдық» деген желеумен сол бойы жоғалтып жібереді...
Сонымен, 2013 жылы 7 маусымда салық органдары жұмыс істемей жатқан мекемені «банкрот» деп тануын сұрап, сотқа арыз түсіреді. 2013 жылдың 14 маусымы күні Қызылордалық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының судьясы К.Өтепов «Динара Б» ЖШС-ін банкрот деп тану туралы «Қызылорда қаласы салық басқармасы» ММ-нің арызын қарап, оны өндірісіне қабылдап, азаматтық іс қозғау туралы ұйғарым шығарады. Сот ұйғарымын салық комитеті жан-жаққа, с.і. ақпарат құралдары мен банкерге хабарлайтыны белгілі. Міне, сол кезде 4 жылдан бері үн-түнсіз жатқан банкке де бірден жан бітеді - ол 2013 ж. 20 маусымында Б.Джаманбаевқа хабарлама жібереді де, 12 шілде күні кәсіпкердің қарызы «көбігін» қосқанда 36(!) млн.теңге болды, сол қарызды жабу үшін кепілдікке қойылған Қызылорда облыстық сотының(!) қызметкері, Б.Жаманбаевтың әпкесі Гүлнәр Жаманбаеваның 2 бөлмелік пәтері мен Б.Жаманбаевтың өзі азаматтық некеде тұрып жатқан Жанат Мотышеваның 4-бөлмелік пәтерін алып қою туралы арызды сотқа сарт еткізеді. Ең бастысы, банк бұл жерде қарызды баяғы 1,7 млн.теңгеден емес, 5млн.теңгеден есептеп шығарады. Оның 3 млн.теңгесі төленіп қойылғанын есепке алмайды.
2013 жылдың 7 тамызында 2013 жылдың 7 тамызында осы соттың осы судьясы К.Өтепов «Динара Б» ЖШС-ін банкрот деп таниды, «конкурстық іс жүргізуді қозғау туралы» шешім шығарады. Конкурстық басқарушы заңға сәйкес өз өндірісіне алған мекеменің балансында несі бар, несі жоқ, кімге қарыз, кімге қарыз емес, осының бәрінің есептеп шығарып, 9 ай ішінде есеп (отчет) беруі тиіс, есеп дайын болмаса оны тағы 3 айға создыруы тиіс. Есепті сот бекітеді-дағы, мекемені банкротқа жіберу туралы ұйғарым шығарады. Сол ұйғарым негізінде әділет басқармасы ол мекемені тіркеуден шығарады. конкурстық басқарушы осыдан кейін мекеме кімге қарыз, сол қарызды қайтарып береді. Бірақ, қарызды қайтарып берудің де өз тәртібі бар.
Мекеме банкрот болған кезде бірінші кезекте халықтың мүддесі қорғалуы тиіс, яғни, ең алдымен банкрот болған мекеме қызметкерлерінің жалақысы төленеді; екінші кезекте мемлекеттің мүддесі қорғалады, яғни, салық, әлеуметтік қамсыздандыру секілді
салалардың қарыздары жабылады, сосын ең соңғы кезекте барып кредиторлардың қарызы төленеді. Және бұл жерде банк те, басқа да кредиторлар, оның ішінде жеке тұлға да болуы мүмкін, барлығы бірдей, бірінен бірі артық емес, күші тең (равносильные) деп саналады. Банк мекеме банкрот болғанға дейін қимылдап өз ақшасын өндіруге әрекет жасауы тиіс, оған бұл жағынан мемлекет барлық мүмкіндікті жасап қойған. Банкроттық жарияланғанға дейін өз қарызын өндіруге әрекет істемеген банкке банкроттық жарияланғаннан кейін ешнәрсе тимей қалу мүмкін. Бұл жерде дәл сол жағдай орын алған - банк 4 жыл бойы әрекет істемеген, тіпті ондай борышкері бар екенін салық комитетінің арқасында тауып алған жоқ па? Ол енді құр қол қалып кетпес үшін не істейді? Дұрыс айтасыз, қулыққа барады – конкурстық басқарушы есебін тапсыруды 3 ай емес, бақандай 3 жылға созады. Дәлел керек пе? Мархамат! Сот ұйғарымын алған «Kaspi Bank» асқан «белсенділік» танытқаны жайлы жоғарыда айттық. 2014 ж. 11 наурызда Қызылордалық қалалық сотының судьясы А.Есдәулетов ҚР АК-нің 317-бабының 2-бөлігіне сүйене отырып, банктың талабы кепілдік мүліктің бағасына (9 еседей көтеріп жіберген) «анық сәйкессіз» деп танып, одан бөлек кепілдік мүлік «жауапкерлердің отбасы өмір сүріп жатқан жалғыз баспанасы екендігін ескере отырып», жауапкерге қарызын төлеуге мүмкіндік берместен, бірден екі пәтерді алып қойғысы келетен «тәбеті» күшті талапкердің арызын «мезгілінен ертелігіне» байланысты қанағаттандырмай тастады және «жауапкерлерге қарызын төлеуге мүмкіндік беру қажет» деп атап көрсетті! Оны аз десеңіз, «Банкроттық және оңалту туралы» 1997 жылы 21 қаңтарда шыққан заңның «Банкрот үшiн конкурс жүргiзудi қозғаудың салдары» деп аталатын 68-бабының «Борышкердi банкрот деп тану және оны тарату туралы сот шешiмi қабылданған кезден бастап мынадай салдары болады» деген 1-тармағының: 4) егер банкроттың қатысумен сотта қаралатын мүлiктiк сипаттағы даулар бойынша қабылданған шешiмдер заңды күшiне енбесе, олар қысқартылады; 5) банкротқа мүлiктiк талаптар тек конкурс жүргiзу шеңберiнде ғана қойылуы мүмкiн» деген екі тармақшаларымен мықтап шегелеп кетеді.
Бұл шешімді банк берген талап-арызға сәйкес қараған апелляциялық сот 2014ж.15 мамырында күшінде қалдырғанымен, Н.Қайырбеков төрағалық еткен (судьялар Б.Қиязов, С.Баймаханов) кассациялық сот (кассациялық сотта баяндамашы болған судья С.Баймаханов кәзір Жамбыл облысында жұмыс істейді) 2014 ж. 1-шілдеде бұзып, апелляциялық алқаның басқа құрамда қарауына жібереді. Және бұзғанда Азаматтық процессуалдық кодекстің (АПК) 364-бабының (ескі редакциясы) 1-тармағының «іс үшін маңызы бар жағдайлар шеңберін дұрыс анықтамау және процессуалдық құқықтың нормаларын дұрыс қолданбау» деп көрсетілген 1-тармақшасы мен 4-тармақшасының талаптарын бұзуға жол берген деп бағалайды. Ал, бірақ, АПК сол 364-бабының келесі тармағында «сот материалдық құқық нормаларын 1) қолдануға тиіс заңды қолданбаса; 2) қолдануға тиіс емес заңды қолданса; 3)заңды қате ұғындырса ғана бұзған немесе дұрыс қолданбаған деп саналады» деп тайға таңба басқандай анық жазылып тұр. Кассациялық сот осы үш талаптың қайсысына сәйкес бұзушылық орын алғанын көрсетпейді.
Сонымен қатар кассациялық алқа АПК-ның «шешім кіріспе, сипаттама, мотив және резолют бөліктерден тұрады» деген 221-бабын еске салады. Не үшін? Түймедейді түйедей ету арқылы өзінің бұрыс шешімін дұрыс етіп көрсету үшін. Бірінші саты соты өз шешімінің мотив бөлігінде «азаматтар мен заңды тұлғалар АК-тің 2-бабының 2-тармағына сәйкес өз құқықтарын өз еркімен және өз мүдделері үшін іске асырады» деген, сипаттама бөлікте тұруы тиіс ұғымды жаңылыс қолданады. Міне, осынау маңызы әлсіз сәтсіздікті көргенде қуанып кетеді де «в решении суда приведены противоречивые мотивы» деп түйіндейді. АПК-ның 364-бабының 3-тармағы болса «Не может быть отменено правильное по существу решение суда по одним лишь формальным соображениям» дейді.
Және АПК-ның «сот шешімі заңды және негізделген болуы тиіс» деген 218-бабын да еске салады, «бірақ, сот шешімі көрсетілген талаптарға сәйкес емес» деп түйіндейді, ал, өзі оған дәлелдер келтірмейді. Қайтсем дәлел келтіремін деп күлкілі жағдайға ұшырайды:
«Так, свое решение об оставлении иска без удовлетворения суд обосновал тем, что «допущенное нарушение обеспеченное залогом обязательства крайне незначительно и размер требований залогодержателя явно несоразмерен стоимости заложенного имущества» деп бастап, «Необходимо исходить из критерия справедливости и разумности» деп аяқтап, бірінші саты сотының барлық негіздемесін қайталап шығады, оларды мысқылға айналдырады. Әйтпесе, «...исходя из критерия справедливости и разумности» деген қасиетті ұғымды қалай мысқыл-мазаққа айналдыруға болады? Бірақ, қайтсе де ақты қара деп көрсетуге тырысқан сот алқасы үшін қасиетті не бар дейсің?...
Осы жерде қызықты бір нәрсе бар. Кассациялық сот өз шешімінде (түпнұсқада) былай деп жазады: «Кроме того, необходимо выяснить, включены ли в конкурсную массу залоговые имущества. Утвержден ли конкурсный отчет по делу о банкротстве ТОО «Динара Б», исполнены ли обязательства по возврату займа, обеспеченные договорами залогов, если да, то в каком объеме».
Негізі, бұл сөз – банктың ең осал жері, бірақ, кассациялық сот неге нақ соған қатты назар аударғаны түсініксіз. Жарайды...
«Апелляциялық сот отырысының бірінші күні, 6-тамызда судья Ж.Оспанова, банк бағалау жасайтын мерзім өтіп кеткенін біліп қалады да, сот отырысын әдейі бір күнге кейінге қалдырады» дейді Г.Жаманбаева. «Бізді мәжбүрлеп бағалау жасату жайлы ұйғарым шығарады. Ол ұйғарымды мен көрген де жоқпын, оны маған емес, сол отырысқа қатысқан адвокатыма беріпті. Ертесіне, 7-тамызда таңертең судья Ж.Оспанова мені шақырып алып: «Сот шешімін орындамайтын сіз кімсіз? Банк бағалаушылары үйіңізге барады, неге үйіңізде емессіз?» деп айқайлап берді. Мен: «Бұған дейін олар бағалаймыз деп бір де бір рет үйіме келген емес. Мен өз тарапымнан оларға ешқандай кедергі келтірген емеспін. Ендеше, неге тап бүгін бармаса болмайтын болып қалды? Ұйғарымды алған жоқпын. Олардың баратынын да білмеймін. Әрі жұмыстамын кәзір» деп едім, Ж.Оспанова өзінің кабинетінен банкке қоңырау шалып: «Кәзір Г.Жаманбаева үйіне барады» деді. Мен барамын дегенше, әлгілер біздің үйдің жанында тұр. Менен коммуналдық қарызым бар-жоғын сұрады. «Оның бұл жерге қандай қатысы бар?» десем, «ертең үйіңіз саудаға шығады, банк оны білуі керек» дейді. «Ертең саудаға шығатынын сендер қайдан білесіңдер?» деген сұрағым жауапсыз қалды».
Келесі күнгі, 2014 жылғы 8 тамыздағы сот отырысында Г.Жаманбаеваның адвокаты: «Бізге бағалаудың қорытындысын беріңіз, біз ол бағамен келісеміз бе, келіспейміз бе, белгісіз, өзіміз тәуелсіз бағалаушылар шақыруға уақыт беріңіз» деп өтініш (ходатайство) жазады. Судья Ж.Оспанова оны қабылдамай тастайды.
Дегеніне жеткен судья Ж.Оспанова 2014 жылы 8 тамызда апелляциялық алқада отырысынан кейін банктің өкілі А.Мусаевтың берген түсінігі бойынша, банкке 10872470 теңге қарызы бар және осы сомаға кепілде тұрған, жоғарыда көрсетілген екі пәтерді алып қоюға деп шешім шығарады. Бірақ, ол бұл шешімді алақолдыққа сүйеніп шығарады: Судья 2013 жылы қолданыста болған «Банкроттық және оңалту туралы» 1997 жылы 21 қаңтарда шыққан заңның «Последствия возбуждения конкурсного производства для банкрота» деп аталатын 68-бабының 1-тармағының 5-тармақшасының «имущественные требования могут быть предъявлены банкроту только в рамках конкурсного производства» деп көрсетілген талабын қолданудың орнына 2014 жылы 7 наурызда шыққан жаңа заңның 50-бабының 1-тармағының 3-тармақшасына жүгінген: «Любые требования кредиторов к должнику могут быть предъявлены только в пределах процедур реабилитации или банкротства, предусмотренных настоящим Законом, за исключением требований по исполнению гарантий и поручительств третьими лицами, а также обращения взыскания на предмет залога в случаях, когда залогодателем выступают третьи лица»...
Онымен де қоймайды, өз ісін былай ақтай кетуді де ұмытпайды: «В ходе судебного разбирательства установлено, что до настоящего времени конкурсное производство не
закончено, ликвидационный отчет не утвержден судом, а сведения о ликвидации ТОО «Динара Б» не внесены в Реестр юридических лиц».
Бітті, сот банк жағына шықты! Себебі, сот мекемені банкрот деп таныған оқиға орын алған 2013 жылғы заңды емес, 2014 жылғы қолданыста жоқ заңды қасақана қолдануы судья Ж.Оспанованың кассация алқасының нұсқау берген қаулысын орындауға - бірінші саты сотының дәлелдерін теріске шығаруға дәрменсіз екендігін көрсетеді. Екіншіден, екі пәтерді иеленіп қалуға жанталаса кіріскен банк мүддесін ашық қолдаған судья Ж.Оспанованың қандай себеппен болса да кепілдік мүліктегі екі пәтердің банкроттық туралы заң аясынан тысқары бөлек талап-арызбен қаралып шешілуіне мүдделі екенін көрсетіп тұр. Судьяның соңғы сөздері өзінің қопал тірлігін қалай бүркемелеуді білмей, сасқан үйректің артымен сүңгігені секілді ебедейсіз әрекеті.
Бұдан әрмен қарай оқиғаның қалай өрбігенін оқырман өзі де сезіп отырған болар – Қызылорда облыстық сотының кассациялық алқасы 2014 жылдың 14 желтоқсанында, ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істерді қадағалау алқасы Қызылорда облыстық сотының апелляцмялық алқасының 2014 жылғы 8 тамыздағы шешімін сол күйінде қалдырады... «Әкесін сабағанды көріп едік, бірақ, арбаға байлап қойып сабағанды көрмеп едік» дегендей, небір әділетсіз шешімддерді көрріп жүрміз, бірақ, өздерімен күніге бір шаңырақтың астында қызмет етіп жүрген әріптестерін, әйел баланы, әжені жалғыз баспанасынан айырып, көшеге шығарып тастағанды көрмеп едік. Сірә, Қызылордалық облыстық соттың ссудьялары «бей своих, чтоб чужие боялись» дейтін принципті ұстанатын болса керек. Аталмыш соттың одан ары қарайғы «ізгілікті қадамдары» жайлы алдағы уақытта жазатын боламыз...
Жаңабек Әбішев,
заңгер
"Қазақ үні" порталы редакциясының ұстанымы мақаладағы автор пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін. Сөз бостандығы салтанат құру үшін екі тараптың да пікірін қатар жарилауға әзірміз.