Қазақ журналистикасының қаранары еді...
2017 ж. 24 шілде
2771
6
Өмірден Жұмабек Кенжалин ағамыз өтті деген суық xабарды бүгін таңертеңмен интернетті қоса салысымен естідік. Жаны жайсаң жақсы аға еді. Өткенде ғана Ырым Кененбай ағаның 70 жасқа толу мерейтойына Самат Ибраим ағамыз үшеуіміз Талдықорғанға бірге сапарлап барып келген едік. Одан соң, Алматыда "Қазақ журналистикасының қайраткері" атағын алғанда да бірге болып, өзім марапатталған сәтін суретке түсіріп алып едім. Сап-сау болатын, сыр білдірмеген еді.... Қазақ журналистикасының ірі қайраткері, жолында жүк қалдырмас қаранары еді. Қазыналы, қажырлы жан еді. Бойында Алаш көсемдері туған Торғай топырағына тән қайраткерлік, зиялылық бар еді...
"Қазақ әдебиеті" газетін басқарып тұрғанда, алдына барып, бұрын өлеңдерім шығып жүрсе де, алғаш мақалам шығып еді. Жалпы "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторына алғаш баруым еді бұл...
Талай жыл өзі басқарған "Қазақ газеттеріне" ғана емес, жалпы қазақ газеттеріне қамқорлық танытып жүретін.
Бір кездескенде біздің ауылдағы Оңғар құдасын қатты мақтап еске алды. Өткенде өзі телефон соғып хабарласып, өмірден өтіп кеткен ақын, кәсіпкер Ерболат Төлегенов туралы мақала жазу жайлы ұсыныс айтып еді.... Барлығын ойлап, қамтып, ешкімді ұмыт қалдырмай ескеріп жүруге тырысатын көпшіл азамат еді...
Иманы салауат болсын! Отбасына, туған-туыстарына көңіл айтамыз.
Алды пейіш, арты кеніш болсын!
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz