Баян Есентаева екінші дәрежелі контузиясы бар екенін айтты
2017 ж. 14 шілде
3974
7
Танымал қазақстандық продюсер және актриса Баян Мақсатқызы (Есентаева) бизнесмен әрі блогер Бейбіт Әлібековке берген сұхбатында жан күйзелісімен қалай күресетінін, Instagram парақшасына жарнама беру қанша тұратынын айтты, - деп жазады sputniknews.kz.
"Instagram парақшама жарнама беру недәуір қымбат тұрады. Өзге жұрт қанша алатынын білмеймін, бірақ біреулердің 100 мыңға, 200 мыңға жарнама беріп жатқанын еститінмін. Ал менің бір постым одан да қымбат тұрады. Instagram парақшамдағы бір жарнама посттың құны — 1 миллион теңге", — деп ағынан жарылды Баян.
Былтыр бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаевтың өзіне қастандық жасағаны туралы айтқанда, Баян Мақсатқызы әлі толық емделіп жазылмағанын атап өтті.
"Бір жыл болды ештеңе оқыған жоқпын, өйткені оған мүмкіншілігім жоқ. Көзім ауырады, қабынып кеткен, екінші дәрежелі контузия алғанмын. Әлі емделіп жүрмін", — дейді продюсер.
Не туралы өкінесіз деген сұраққа Баян көп балам болғанын қалар едім деп жауап берді. Оның бұрынғы күйеуінен екі қызы бар – Айсәуле мен Айару.
"Кезінде көп бала өмірге әкелмегеніме өкінемін. Әлбетте, мүмкіндік болды. Қазір екі қызым емес төрт қызым болғанда, бұдан да бақытты болар едім. Екі қызымның болуы – үлкен бақыт, бірақ бес баланың анасы болғанымда, қандай сүйіспеншілікке бөленетінімді елестетіңізші. Ал менің екі-ақ балам бар. Үлкен қызым үнемі алыста, оқуда. Мен оны сүйіп, бауырыма басып, әңгімелескім келеді. Ал кіші қызым да бой жетті", — деді Баян Мақсатқызы.
Сонымен бірге, ол өзіне айтылған сынға қалай қарайтыны туралы ойын білдірді.
"Мен көп нәрсеге жеңіл қараймын. Менің орнымда мінезі сәл басқаша әйел болғанда, ендігі асылып, не 11 қабаттан секіріп, не болмаса уланып қалар ма еді, кім білсін… Мен күйзелмейтін адаммын. Былтыр жан күйзелісіне ұшырағаным рас, өйткені физикалық түрде зардап шектім", — дейді Баян.