Мұғалім сотының саяси маңызы неде?
2017 ж. 05 шілде
2437
0
Бұдан бұрын «Қазақ үні» газетінің 19-маусым күнгі санында «Біз енді ұстаздардың жылауына жол бере алмаймыз!» деген мақала жариялаған болатынбыз. Онда шымкенттік ұстаз Гүлжан Сәлімбаева кәзіргі таңдағы өзін құдай емес, құдайдан былай емес сезінетін, «не қылсам да көн, тек менікі жөн!» деген қағидамен жұмыс істейтін №38 мектеп директоры Айман Жүсіпованың өктемдігінің құрбандығы болайын деп тұрғанын, директор мен бір үзім наны үшін оның айтқанынан шыға алмайтын орынбасарларының мұғалиманы ауруханағы түсіргенін місе тұтпай, «басқаларға сабақ болсын...» деген оймен енді соттатпақшы ойлары бар екенін жазған болатынбыз. Соттың одан бері екі дайындық отырысы өтті. Ол екеуінде де алдағы сот процесінде қандай мәселе қаралатыны сөз болды.
Біріншіден, Оңтүстік Қазақстанда статистика бойынша 336 мыңнан астам адам жұмыс істейтін болса, соның 161 мыңдайы – мұғалімдер. Облыста 1029 мектеп бар екенін ескерсек, бұл санның шынайылығына сенуге болады. Бүкіл еліміздегі ұстаз саны миллионға жетпегенімен, бүгінгі таңда ол жалпы жұмыспен қамтылған тұрғындардың елеулі бөлігін қамтиды. Мәселе, тіпті, олардың санында ғана емес, сапасында. Өндіріс орындарымыз өте азайып кеткен бүгінгі таңда ұстаздар –әлеуметтік те, саяси да үлкен күш. Қазақстан бойынша мұнайшылар саны мұғалімдер санының бестен бірі шамасында ғана. Онда да олар 4-5 облыста ғана шоғырланған. Соның өзінде де ауызбіршілігі ойдағыдай емес. Ойдағыдай болса «Жаңаөзен -2011» тарихта орын алмас та еді...
Осындай жағдайда ұстаздар әулетінің ынтымақтастық танытып, Гүлжан Сәлімбаева сотының 11-маусым күні өткен бастапқы, дайындық отырысына Түркістаннан, Сарыағаштан, Алматыдан әріптестері Баян Сәбден, Меңсұлу Малдыбаева, Айман Сағидолла келіп қатысқан болса, кешегі сот отырысына олардың қарасы тіпті көбейді. Олардың әлеуметтік желіде отырып белсенділік, жанашырлық танытумен шектелмеуі, сот отырысына арнайы қатысуға келуі, сот залына сыймай қалуы – бүгінгі тарихымызда болмаған жағдай!
Әлеуметтік желі халықтың әділетсіздікке қарсы күресте иық тіресе топтасуына, тізе қосып қимылдауына, жалпы, қазақтың ұлт болып қалыптасуына, оның «биліктегілер біледі» деп отыра бермей, сол биліктің көзі, Конституцияда жазылғандай, халықтың өзі екенін түсініп-ұғынып оянуына, «тірілуіне» өте үлкен үлес қосып отыр. Бүгінгі сот отырысының саяси маңызы да осында!
Бұл сот отырысы, өзі де байқамай, ұлтқа көп пайда тигізіп отыр. Себебі, аралас мектеп директоры, өзі орыстілді Айман Жүсіпова мен оның айналасының талабына сай процесс орыс тілінде өтіп жатыр. Судья бұл мәселе жөнінде тараптармен ақылдаса отырып, соңғы шешімді өзі қабылдауға тиіс болса да, директордың ығына қарай жығылды. Сот процесіне қатысатындар түгелге жуық қазақ, ал сот тілі – орысша! Міне, Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да құлдық санадан арыла алмай жүрген сорлылығымыздың жарқын көрінісі. Ал, аудармашының кәсіби деңгейі ешқандай сын көтермейді!..
Әдетте біздің еліміздегі сотта процессуалдық кемшіліктер өте көп орын алады. Неге? Халықтың құқықтық сауаты өте төмен, ол оны қорғап үйренбеген. «Адвокаттар бар ғой» дейді, ал, олардың іс жүзінде халық мүддесінің қандай «қорғаушылары» екенін заңгерлер жақсы біледі... Адам құқығы бірінші орында тұратын дамыған елдерде адвокаттарға сот болуды билік өзі ұсынады. «Рас, судьяның жалақысы тым жоғары емес, сенің табысың азаятын болады, бірақ, білімің, білігің жақсы, судья бол» дейді. Ал, олардың көбісі судья болғысы келмейді... Бізде болса судьяның мантиясын кию – адвокат болу емес! – Құқық қорғау саласында істейтін жандардың басты арманы. Біз батыстық соттың сыртқы пішімін алдық-тағы, кадрларды таңдау, сайлау секілді ішкі мазмұнын алмағаннан кейін осындай құбыжық кейіптегі сот жүйесін жасап алдық...
Кәзіргі өтіп жатқан, басты сот отырысына дейінгі дайындық сот отырыстарында екі тарап бір-бірінің ойын білуі үшін кім қандай құжатпен танысты деген сияқты сұрақтың бәрі шешімін табуы тиіс. Біз сот отырысы басталғанға дейін қарсы тараптан әлі қандай құжаттарды алмағанымыз жайлы кеше сот болатын күні арыз бердік. Процессуалдық норма бойынша жауапкер жақ құжаттармен түгел танысуға құқылы, судья ал, талапкер жақ танысуға қажетті құжаттарды қамтамасыз етуі тиіс, судья талапкерді бұндай құжаттарды түгел тапсыруға міндеттейді.
Одан бөлек Гүлжан бір күні: «Маған сотқа келіп кетіңізші» деп шақырып жатыр, барайын ба?» деп маған қоңырау шалды. «Барма, олар саған ұялы телефоныңа хабарлама немесе шақыру (повестка) жібермесе, шақырды екен деп, бара берме, бірақ, не үшін екенін сұра» дедім. Сұраса, қоңырау шалған сот хатшысы: «Істі облыстық сот сұрап жатыр» депті. Облыстық соттың оны сұратуға ешқандай хақысы жоқ! Тергеу кезінде әрбір тергеуші, сот процесі кезінде оны жүргізіп отырған әрбір судья Азаматтық процессуалдық кодекстің 12-бабына сәйкес – тәуелсіз тұлға! Ол ешкімге, ешқандай бастығына бағынбайды! Біз екі-үш күн бұрын дереу оның стенограммасын жасап, облыстық сотқа: «Сіз шақырдыңыз ба? Бұл тергеушінің, судьяның тәуелсіздігіне нұқсан емес пе? Түсіндіріңізші!» деп хат жібердік.
Белгілі қоғам қайраткері Маржан Асфендиярова кеше Гүлжан Сәлімбаеваға арнайы Алматыдан келіп, қорғаушылық қызмет атқарды. Маржан Асфендиярова құжаттар түгел болмағанын отырыстың басында айтуы, сол себепті отырыс жабылуы тиіс еді. Бірақ, Алматыдан келген, дайындалуға уақтысы болмаған Маржан оны отырыстың аяғында оқыды... Оны көрген судья шошыды. Ол екі ортада талапкер жақ қайта-қайта өтініш жасап жатыр – «біздің кейбір куәлеріміз еңбек демалысына кетуі керек еді, солардан жауап алып жіберіңізші» дейді. Ал, бұл – дайындық сотына емес, басты сот отырысына тиесілі нәрсе! Судья бұл жерде талқылау туралы сөз болуы мүмкін еместігін айтып, сұрақты бірден алып тастауы тиіс еді. Демек, судья бұл жерде өтініш-хатты талқылауға жіберу арқылы Қазақстан Республикасы Азаматтық процессуалдық кодексінің 163-165-баптарын бұзып отыр.
Одан да бұрын ең үлкен дау талапкер жақтың «сот отырысы жабық түрде өтетін болсын» деген талабының төңірегінде өрбіді. Айтатын уәждері: «Біз туралы ыңғайсыз, абыройымызды түсіретін дүниелер сыртқа шығып кетпесін, әлеуметтік желіде жарияланып қоймасын» деген сияқты. Ал, бұл – азаматтық процессуалдық кодекстің сот отырысын қандай жағдайда жабық өткізуге болатыны жайлы бабының шарттарына сай келмейді. Екіншіден, екі айдан бері бұл оқиға жайлы материалдар әлеуметтік желіні түгел жайлап алған. Одан артық тағы не айтылуы мүмкін?
«Абыройымызды жоғалтып алуымыз мүмкін» деген уәжге қарсы «мұғалиманы соттатайын деп отырған жақта ол өзі бар ма?» деген сұрақ туады... Бар нәрсені жоғалту мүмкін, ал, ол жоқ болса ше? Рас, абыройлары болған да шығар, бірақ, мына әлеуметтік желідегі әңгімеден кейін қалды ма екен?
Үшіншіден, сотқа бүгін қатысып отырғандар кімдер? «Азаттық» радиосының тілшісі Диляра Иса, «Ұлт мектебі» газетінің тілшісі Әділхан Ахметов және т.б. журналистер, Ардақ Ашимова, Құрал Медеуов бастаған блогерлер, «Адам құқығы бойынша халықаралық бюроның» өкілі Әділ Сейітқазиев, «Жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» секілді басқа да қоғамдық ұйымдар мен қорлардың өкілдері. Ақыр соңында сот процесі жариялы, ашық түрде өтетін болып шешім қабылданды. Жабық сотты кім ұнатпайды? «Біздің ұрлығымызды мемлекеттің қожайыны – халық біліп қоймасын» деген ұрылар ғана ұнатпайды. Өз ісіңнің адал екеніне сенсең, жабық сотқа несіне ұмтыласың? Жариялылыққа қарсы болу – өз ісіңнің адал екеніне сенбеу деген сөз.
Жалпы, бұл дау өзі неден басталды? Дау – қала әкімдігінің қалалық оқу бөліміне мектеп мұғалімдерінің міндетіне кірмейтін жұмысты орындаңдар деп тапсырма беруінен басталған. Олар бұндай тапсырманы беруге әбден төселіп алған. Мәселе сонда...
Одан бөлек Шымкенттегі Г.Сәлімбаеваның арызы бойынша өз қызметкері Л.Битемірді №38 мектепті тексеруге жіберген Оңтүстік Қазақстан облыстық Білім саласын бақылау департаменті жалған құжат жасауға дейін барған. Оны біз сот отырысында дәлелдеп береміз...
Жаңабек Әбішев, заңгер
qazaquni.kz