Не шықса да, Шымкенттен шығатыны шын
2017 ж. 05 шілде
2390
0
Біз Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданындағы №118 Талғат Бигелдинов атындағы мектептің мұғалімі Меңсұлу Малдыбаеваның бүгінгі таңдағы «өзім білемін» дейтін мектеп директоры А.Асқарованың оған қарсы ұйымдастырған дәлелсіз, дәйексіз қудалауының салдарынан үш жылдан бері жұмыссыз жүргені жайлы жазған болатынбыз. Бүгін қайта оралып отырған себебіміз – оның ісіне қатысты жазылған тек қана «шығарып салма» ресми жауаптардың келуінің тыйылмауы. Алдымен, оқиға жайын қысқаша оқырмандар есіне сала кетейік.
2013 жылы жазда мектеп ғимаратын жөндеу жұмысын жасаған мұғалімдердің бір бөлігі өздерінің бұндай өміріне наразы болып, мектеп директоры Айша Асқарованың заңсыз істеріне қарсы шығады. Олардың қатарына М.Малдыбаева да қосылады. Міне, сол күннен бастап ол жақсы, үлгілі ұстаздар қатарынан шығып, «жамандардың» сапына кіреді. Оның жазған арызы бойынша Сарыағаш аудандық білім бөлімінің 13.11.2013 жылғы №248 бұйрығы негізінде аудандық білім бөлімінің жетекші маманы Р.Төлендиева тексеру жүргізеді. М.Малдыбаеваға 18.11.2013 жылғы №1-2-1631 хатпен берген жауабында Сарыағаш аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Б.Майрихов «А.Асқароваға шара көріледі» деп жазады. Және шара қолданады да. Бірақ, қандай шара деңіз? Құдай біледі деп айтайық, Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болып көрмеген шара: Б.Майрихов мырза 26.11.2013 жылы №39 бұйрық жазады. Бұйрық – біреу, ал, мәтін – екеу!.. Екеуі – екі түрлі. Біреуінде ол: «...оқушылардың тоқсандық бағалары қорытылмағаны, сынып журналдарын бүлдіріп қайта толтыруға жол бергені және басқылау мен басшылықты осалдатқаны үшін №118 Талғат Бигелдинов атындағы жалпы орта мектептің директоры Айша Асқароваға ҚР Еңбек кодексінің 72-бабының 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес сөгіс берілсін» десе, екіншісінде «....сәйкес сөгіс берілсін. №118 Талғат Бигелдинов атындағы жалпы орта мектептің директоры лауазымынан босатылсын» деп жазады. (1-ші және 2-суреттер). ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта мектеп департаментінің директоры Ж.Жонтаева М.Майлыбаеваның хатына берген жауабында, әрине, «А.Асқароваға сөгіс берілді» дейді.
Сарыағаш ауданы прокуроры Х.Маматаев ОҚО Еңбек инспекциясы басқармасының бастығы Б.Есқараевқа 06.03.2014 жылы №2-1213-14-0135 хат жазып, онда М.Малдыбаевның 11 бет арызын жолдап отырғанын және «...толық, жан-жақты тексеріп, қабылданған шешім жөнінде арыз иесіне жазбаша» хабарлауды тапсырады. (3-сурет). Арызға жауап болмаған соң М.Малдыбаева ОҚО прокуроры И.Имановқа хат жазбай ма? И.Иманов оған 23.06.2014 жылы №2-12150-14-12710 хатында ОҚО Еңбек инспекциясы тексеру жүргізді, заң бұзушылық анықталмады деп жауап береді. (4-сурет). Ал, ОҚО Еңбек инспекциясы болса, «Жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» қоғамдық қорының сауалына берген жауабында «біз ешқандай тексеру жүргізген жоқпыз, себебі, Х.Маматаевтың хатын алған жоқпыз» дейді (5-сурет).
Сенсеңіздер де осы, сенбесіңіздер де осы! «Тексерген жоқпыз» деген Еңбек инспекциясы өтірікші ме, жоқ әлде «Еңбек инспекциясы тексергенін біз білеміз» деп отырған облыстық прокуратура өтірікші ме?
Құзырлы органдар біріне бірі сілтеп, М.Малдыбаеваның тағдырын осылайша тәлкекке салумен келеді. Көп жылдан бергі елімізде қалыптасқан теріс тәжірибе олардың «біз – бүгін Құдай, кім келеді сайма-сай?» деп көкірек соғуына, қолынан келгенін істеп, кигенін қонышынан басуға мүмкіндік беріп отыр. Бірақ, олар әділет деген киелі ұғым бар екенін, оның ертелі-кеш бәрібір салтанат құратынын, барлық іс үшін осы дүниенің өзінде-ақ жауап беретін сәт келетінін ұмытып кете береді...
qazaquni.kz