ИСЕКЕШЕВКЕ ИТ ҚАЙҒЫ
2017 ж. 01 шілде
3135
3
БҰРАЛҚЫ ИТКЕ – БАСПАНА, БОМЖДАРҒА – КӨКШЕТАУ КӨШЕСІ?!
Кейбір ақпараттарға не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Кеше елордалық «Астана ветсервис» мекемесі директорының міндетін атқарушы Айдархан Арыстанов астаналық бұралқы ит пен мысықтарға арнайы баспана салынатынын үлкен мақтанышпен мәлім етті. Тіпті АвтоЦОН маңынан оған арнайы жер учаскесі де бөлініпті. Аталған баспанада 400-ге таяу Ит пен Мысық лайықты өмір сүрмек. Итханада төртаяқтыларды қыдыртатын аумақ та, оларды жаттықтыратын орындар да қарастырылған. ҚазАқпараттың жазуынша мұндай бастаманы көтерген елордалық әкім Әсет Исекешов көрінеді. Бұл дұрыс та шығар.
Бірақ мені ЭКСПО-2017 ашылуы алдында елорданы қаңғыбас жандардан тазарту туралы қала әкімінің орынбасары Андрей Лукиннің бастамасымен Астанадан аластатылған жарты мыңдай БОМЖ (белгілі орын-мекенсіз жандар) тағдыры алаңдатады. Кейбір деректерде астаналық бомждар Қарағандыға, тіпті Көкшетауға апарылып тасталынған. Байғұстардың енді ұлы дала кіндігіне қайтып оралуына мүмкіндіктері де, ақшалары да жоқ. Бұл да адамдарды қорлаудың бір түрі ғой. Қаңғыбас болса да сол Азаматтар ит пен мысықтан гөрі мемлекетке қымбат емес пе?! Тіпті ҚР Конституциясында адам өмірі мен оның бостандықтары ең басты құндылықтар екені айтылатыны қайда?! Сонда Ит пен Мысықты ардақтаймыз да, түрлі жағдайлармен баспанасыз, қамқорлықсыз қалған адамдарды бұралқы күшіктен де төмен көргеніміз бе?
БОМЖ-дар проблемасы Қазақстан үшін өте өзекті. Олар да адамның баласы. Оларды көбін қаңғыбастыққа ұшырататын әлеуметтік, экономикалық жағдай, әсіресе – құжатсыздық. Түрлі себептермен құжаттарынан, үйінен айырылып қалған адамдар мемлекеттің көмегіне мұқтаж. Біздің елімізде тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандардың кім екендігін анықтау, құжаттандыру, уақытша болса да баспаналы ету, емдеу, мамандыққа оқыту, мәжбүрлеп болса да еңбек тәрбиесіне тарту сияқты баптары болатын арнайы заң қабылдайтын кез баяғыда жеткен. Үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбастарды пайдалы қоғам мүшелеріне айналдыру арқылы мемлекет өзінің гуманистік міндеттерін жүзеге асырар еді. Депутаттар қоғам үшін осындай маңызды заң жобасына бастамашы болса қанеки?!
Әйтеуір төрт аяқты итті екі аяқты Адамнан артық көрмейікші?!
Марат Тоқашбаев, Фейсбук парақшасынан Тақырып бойынша: http://www.qazaquni.kz/2017/04/13/67613.html