"Полицейден қорлық көрген" тұрғын өзін-өзі өртеп жіберді
2017 ж. 29 маусым
4095
8
Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында “полицейдің қорлығына” шыдамаған бұрынғы сотталушы өз-өзіне қол жұмсады. 43 жастағы ер адам үстіне бензин құйып, өзін тірілей өртеп жіберді, - деп жазады kerek-info.kz.
Ақтөбелік Абзал Жақсылықов бұрын бұзақылық жасағаны және кісі өлтіргені үшін сотталған. Осыдан екі жыл бұрын жазасын өтеп, абақтыдан босап шыққан ол жаңадан өмір бастағысы келеді. 43 жастағы жігіт Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қоныс аударған. Тіпті отбасын құрып, жұмысқа да тұрған. Алайда, айтуынша, оған учаскелік инспектор күн көрсетпепті. Әр нәрсені сылтауратып түртпектей беретін көрінеді.
- Қостанай облысының Жетіқара қаласындағы түрмеде жазамды өтедім. Абақтыдан шыққаннан кейін әкемнің бір әйелмен Мәртөкте тұрып жатқанын естідім. Қонаққа барып, кейін сонда көшіп бардым. Бір әйелмен танысып, отбасы құрдым. Мәртөк аудандық мәдениет үйіне сантехник болып жұмысқа тұрдым. Өмірім ретке келіп, жақсы жағына қарай өзгеріп келе жатыр еді. Алайда учаскелік инспектор Алмас Жұмабаев мені орынсыз мазалап, түртпектей бастады,-дейді ол.
Абзалдың айтуынша, полиция қызметкері оған кез-келген нәрсені сылтауратып, жиі тиіседі. “Шыдамның да шегі бар ғой. Ақыры өз-өзіме қол жұмсауға мәжбүр болдым” дейді ол.
- Бұған дейінгі полиция қызметкерлері мазаламайтын еді. Алайда осы жігіт келгеннен кейін маған күн көрсетпеді. Ауданда қандай да бір қылмыс тіркелсе, мені күн демей, түн демей мазалайды. Өзі менен 20 жастай кіші. Сотталғанымды сылтауратып, маған үнемі қоқан-лоқы көрсетеді. Жұмыс істеп жатқаныма қарамастан, полиция учаскесіне тез арада жетуімді айтып, жүгіртіп қояды. Үйіме де келеді. Мені сот шешімімен 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айырған. Соған қарамастан, мені өз шаруаларымен көлік жүргізуге мәжбүрледі. Қақпа жасатты. Оқиға болған күні, 1 маусымда мен өз үйімде велосипед жөндеп жатқанмын. Учаскелік инспектор келді. Менің темекі тұқылын көшеге тастаған сәтім бейнекамераға тіркелгенін айтып, тиісті. Соңыра ішімдік ішкенім үшін полиция бөлімшесіне медициналық куәландыруға баруымды сұрады. Ішімдік ішкен жоқпын. Ішкен күннің өзінде, көшеде құлап жатқаным жоқ, өз үйімдемін ғой. Мені учаскелік бөлімшеге алып келді. Мен медициналық куәландырудан өтуден бас тарттым. Ақыры үздіксіз мазалағандықтан, жүйкем сыр берді. Сол үшін жолдасыммен де жиі ұрысып қаламыз. Үйге келіп, үстіме бензин құйып, өртеп жібердім,-дейді Абзал.
Осыдан кейін ер адам облыстық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген. Жан сақтау бөлімінде 7 күн жатып, есін жиыпты. Қазір денсаулығы түзеліп, беті бері қарап келеді.
- Қазір жасым 43-те. Оның 21 жылын түрмеде өткіздім. Өмірімнің жартысы өтіп кетті деуге болады. Өзімнің жасаған ісімді мойныммен көтеріп, жазамды өтедім. Өмірімде алғаш рет үйлендім. Адам қатарына қосылып, тыныш өмір сүремін дегенмін,-деп күйінеді бұрынғы сотталушы.
Алайда бұл дерекке қатысты облыстық ІІД-нің айтар өз уәжі бар.
- Шағымданушы бұған дейін бірнеше рет, оның ішінде кісі өлтіргені үшін сотталған. Абзал Жақсылықов 2015 жылдың 3 маусымында КA-161/3 мекемесінен шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан. Сол себепті учаскелік инспектор оған бақылау жүргізуі керек. Жақсылықовқа бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жағдайда сот арқылы шартты түрде мерзімінен босатудың күші жойылатындығы ескертілді. Алайда бұрынғы сотталушы профилактикалық есепте тұрғанына қарамастан, ішімдік ішкен күйі көлік жүргізген. Сондай-ақ өзіне белгіленген шектеуді бұзып түнгі сағат 22.00-ден кейін тұрақты мекенжайында болмаған,-деп хабарлайды ІІД-інің баспасөз қызметі.
Полицейлер оқиға болған күні оны үйінде ішімдік ішіп,қиқар мінез көрсеткендігін айтады. Тәртіп сақшысының ескертуіне құлақ аспай, темекі тұқылын лақтырыпты. Осы оқиғаға қатысты тексеру жүргізілген.Алайда Мәртөк аудандық ІІБ жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы Алмас Жұмабаевтың әрекетінен ешқандай заңсыздық табылмады. ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, учаскелік инспекторға негізсіз айып тағылып отыр.