ҰСЫНЫС БАР, ҰҚСАТУ ЖОҚ
2017 ж. 24 маусым
2240
8
АКАДЕМИК А.ҚҰСАЙЫНОВТЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ОРТА БІЛІМ БЕРУДЕГІ ОЛҚЫЛЫҚТАРДЫ ТОЛТЫРА АЛА МА?
«Біздің басты байлығымыз – адам!» – деп айқайлап, жаһанға жар салып жатамыз. Ол рас, өзіміз бүгінгі өмір сүріп жатқан жүйенің тілімен айтсақ, біздің басты капиталымыз да – адам. Сол қымбат құндылығымыз болып есептелетін адамдардың бәрі, данасы да, шаласы да ұстаздардың алдынан өтеді. Бұл да ақиқат. Ұлылардың өзі - ұстазына қарыздар, солардың арқасында оқып-жетіліп азамат болған. Білімнің бәрі алдымен мектеп қабырғасынан басталатындықтан бұл саланың алар орны ерекше, маңызы өлшеусіз. Өкінішке орай, орта білім беру саласы бізде екі аяғынан бірдей ақсап жатыр, бүгінгі әңгімеміз де сол жайында болмақ. Құдайға шүкір, біз білім беру саласы бойынша реформа жасаудан кенде қалып көрмеппіз. Керісінше, әлемдегі елдердің алдында жүрміз. Тіпті Гиннестің рекордтар кітабына қиналмай-ақ кіргізсек те болады. Ширек ғасырда 14 министр ауысып, әрқайсысы өздерінің «өнертапқыштығымен» аты шыққан бұл сала ата-аналарды да, ұстаздар мен оқушыларды да сергелдеңге салып, әбден шаршатқаны белгілі. Жаңа министр келген сайын әйтеуір бір «жаңалық» пайда бола қалады. Бұл «тапқырлықтары» бізде қолданысқа жарай ма, жарамай ма, ол туралы сала тізгінін ұстаған бір де бір басшы басын ауыртып көрмепті. Жаңалық ашып, жұрт алдында бір көрініп қалуды ғана көксегендер, білім саласының көсегесін көгерте алмады. Өйткені олар ел болашағын ойлаған жоқ, келер ұрпақтың білімді, білікті болуын емес, өз қара бастарының атақ-абыройын ғана ойлады. Айналып келгенде ол әрекеттері «Атың шықпаса – жер өрте» дегеннен әрі аспады. Былай алып қарасақ, сол басшылардың бәрі «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген ауыр қарғысқа ұшыраған секілді. Олай деуге толық негіз бар. Бұл жерде айтайын дегеніміз, ретсіз реформалар туралы білікті ұстаздар да, белгілі ғалымдар да, сарапшылар да, тіпті қатардағы ата-аналар да айта-айта жақтары талды. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен майталман мамандар мен ғалымдардың орынды пікірлерін аталмыш министрліктегілер құлағына ілген емес. Нәтижесінде бұл мәселе осы күнге дейін сиырқұйымшақтанып, әлі де шешімін таппай келеді. Сол құнды пікірлерді назарға алып, саралап, қолданысқа енгізгенде бүгінгі жағдайымыз әлдеқайда жақсы болар ма еді. Бұдан кейін сала басшыларын ауыр қарғысқа ұшыраған деп айтпасқа амалымыз жоқ. Бір ғана мысал, күні кеше ғана Алматы қаласында «Интерфакс-Қазақстан» агентігінің баспасөз орталығында белгілі ғалым, академик Асқарбек Құсайынов журналистермен баспасөз конференциясын өткізіп, елімізде орта білім беру сапасын көтеруге бағытталған өзінің тұжырымдамасымен таныстырды. Алдымен айта кетелік, академик Құсайыновқа дейін де білім беру саласын дамыту туралы пікірлері мен ұсыныстарын жасаған өзге де ғалымдар мен мамандар болған. Әрине, білім сапасын арттыруға бағытталған пікір мен ұсыныстардың артықшылығы жоқ. Олар бір-бірін толықтырып, ел игілігіне асып жатса нұр үстіне нұр емес пе! Әттең, сол құнды пікірлер мен ұтымды ұсыныстар ұмытылып, қолданысқа кірмей қалады. Оны бағалап, дер кезінде қолданысқа енгізуге міндетті министрлік меңіреу күйге еніп, міз бақпай отырып алады. Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының президенті Асқарбек Құсайынов осы тақырыпты байыппен жеті жылға жуық жан-жақты зерттеп, аталмыш тұжырымдамасын енді ғана ұсынып отыр екен. Шетелдік өзге мемлекеттердің озық тәжірибелерін, өзіміздегі осы саладағы орын алған кемшіліктерді талдаған орта білім беру сапасын көтеру жөніндегі бұл тұжырымдамасының алғашқы жобасы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлмира Истайбекованың қолдауымен Астана, Алматы қалалары мен барлық облыстық Білім беру басқармалары, жоғары оқу орындары мен колледждерде талқыланып, оң бағасын ала бастапты. Несі бар, бұл өте дұрыс ұстаным. Шикі жобаны бірден заң етіп бекітпей, алдымен соны қолданатын ортада талқылау өте тиімді. Оның артықшылықтары мен кем-кетігін сол саланың мамандары мен оны күнделікті қолданатындар ғана жете түсінеді. Жекелеген министрдің емес, қоғамның оң бағасын алса ғана кез-келген жоба мен ұсыныс өміршең болады. Сонымен академик Асқарбек Құсайынов не ұсынып отыр? Оны біздің оқырмандарымыз да білуі керек. Өйткені олар да бала-шаға өсіріп-тәрбиелеп отырған ата-аналар. Балаларының білімді болуы -әрбір ата-ананың арманы, одан қалды біздің мемлекетіміздің алға қойып отырған түпкі мақсаты да осы емес пе?! Мәңгілік ел атану үшін жастарымыз білімді болуға міндетті.Осыдан-ақ орта білім беру ісінің өте маңызды екенін айтпай-ақ аңғарамыз. Тұжырымдама авторы жаңа Америка құрлығын ашты деп айта алмаймыз. Ондай әлемдік деңгейдегі жаңалық бірнеше ғасырда бір-ақ рет ашылатыны баршаға мәлім. Айды аспанға шығармады, сиқырлы таяғын бір сілтегенде жастарымызды шетінен бірден білімді етпеді деп академикке талап қою да қисынсыз. Ол ұзақ ізденісті, тер төгетін еңбекті қажет ететін ауқымды жұмыс. Оған қоса мемлекет тарапынан нақты қолдау қажет, онсыз кез-келген құнды бастама орта жолда қалады. Дегенмен Құсайыновтың ұсынған тұжырымдамасы жоғары баға беруге тұрарлық. Енді соған назар аударалық. Тұжырымдаманы түгелдей ұсынуға мүмкіндік жоқ, сондықтан ең маңызды деген тұстарына ғана тоқталып өтелік. Нені болмасын түзету үшін алдымен оның кемшіліктерін көре білу керек. Ғалымның байқауынша біздің білім беру саласында олқылықтар жетерлік. Оқу пәндерінің тым көптігін, білім беру мазмұнынында тұтастық пен жүйенің жоқтығын, оқу жүктемесінің тым көлемділігі, оқулықтар мен білім сапасының тым төмендігін атап көрсеткен. Сол сияқты осыған себеп болып отырған – мұғалімдердің әлеуметтік жағдайының нашарлығы, мәртебесі мен жалақысының төмендігі, осыған байланысты педагогикалық жоғары оқу орындарына мектепті орташа немесе нашар бітіргендер ғана баратыны, мұғалімдердің басқа салаға ауысып кетуі, олардың біліктілігін көтеру қажетті деңгейде жүргізілмейтіні де баса айтылған. Әрине, дәп осы себептер білім беру сапасына кері әсер етері сөзсіз Енді осы кемшіліктерді түзету үшін не істеу керек? Бұл жерде академик өзінің нақты ұсыныстарын алға тартқан.Тұжырымдаманың құнды тұстары да осында. Өйткені орын алған олқылықтарды біз онсыз да білеміз. Ал, одан шығар сара жолды әркім көрсете алмасы белгілі. Бұл тұрғыда академик мына мәселелерге баса назар аударғанын байқаймыз: білім беру деңгейінің мақсаттарын, міндеттері мен құндылықтарын анықтау, баланың ерте жастан күрделі пәндермен жүктеудің алдын алу, себебі баланың психофизиологиялық және ақыл-ой дамуына кері әсер етеді, білімге ынтасын шектейді, баланың рухани-адамгершілік қасиеттері мен зияткерлік дамуын қалыптастыратын пәндерді оқуға көп уақыт бөлу, бастауыш сыныптарда ана тілінде оқытуға басымдылық беру, оқу әдебиетінің сапасын көтеру, ол үшін білікті авторлар ұжымын қалыптастыру. Сол сияқты педагог мамандарды дайындау сапасын көтеру, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, жоғары оқу орындарына талапкерлерді қатаң іріктеп алу, мұғалімдерге қатысты тәлімгерлер институтын қайта жандандыру, ұстаз еңбегін қолдау, мәртебесі мен жалақысын оқушылардың алған білім сапасына сай өсіру, білім беру сапасына мониторинг жүргізу, директорлар қызметінің тиімділігін бағалау жүйесін құру сияқты көптеген аса қажет мәселелер көрсетілген. Тұжырымдамада көтерілген сұрақтардың бәрін бірдей тізіп шығу міндет емес шығар. Дегенмен оны көпшілік талқысына салу үшін кеңінен насихаттап қоғам назарына ұсыну қажет. Осыған байланысты әркім өз пікірін білдіргені дұрыс. Сонда ғана ертеңгі күн «Бұл жоба қайдан шықты?» деген сұрау туындамайтын болады. Аталмыш баспасөз мәслихатында бұл тұжырымдамаға Қазақстан Еңбек Ері, ҚР халыққа білім беру үздігі Аягүл Миразова, педагогика ғылымдарының докторы Шаркүл Таубаева, «Қайнар» университетінің проректоры Фаузия Сәметова сияқты білікті мамандардың оң баға бергеніне куә болдық. Әрине, бұл тұжырымдама туралы мамандардың әлі де талай ой-пікірлері айтылары сөзсіз, солай болу керек те. Біздің айтарымыз, бұл орта білім беру сапасын көтеруге арналған тұжырымдамада негізгі бағыттар көрсетілгендіктен оны одан әрі нақтылап, қолданысқа әзірлеу қажет. Оның әрбір бөлімі бойынша іске асырылатын шараларды барынша түгендеп, ұқыпты түрде ұқсата білуіміз ләзім. Әсіресе, бастауыш сыныптарда ана тіліне басымдық беру бөлімін нақтылай түсу қажет сияқты. Бұл туралы белгілі ғалым Ғрифолла Есімовтың ұсынған жобасында айтылған. Онда бастауыш сыныптарда барлық пәндерді тек қана мемлекеттік тілде оқыту көзделген. Құсайынов дамыған елдерде білім беру саласында ұлттық құндылықтарға баса назар аударатынын атап өтіпті. Олай болса ұлттық құндылықтың басты белгісі тіл болып табылатынын ұмытпайық. Әрине, көп тіл білу өнер және бүгінгі заман қажеттілігі. Бірақ қазақ тілі бұл жерде бірінші кезекте тұруы міндет. Мәселе тұжырымдаманы қай ғалым ұсынғанында емес, мәселе оның орта білім беру саласын дамытып, қоғамға көбірек пайда тигізуінде. Керек болса, бір ғана жобаны емес басқа да мамандар ұсынған өзге де пікірлерді есепке алып, қабылданатын ережені барынша толықтырып кәдеге асыру қажет. Біздің, жалпы қоғамның көздегені де осы емес пе?! Мақаламыздың басына «АКАДЕМИК А. ҚҰСАЙЫНОВТЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ОРТА БІЛІМ БЕРУДЕГІ ОЛҚЫЛЫҚТАРДЫ ТОЛТЫРА АЛА МА?» деген тақырыпшаны босқа шығарып отырған жоқпыз. Құсайыновтың еңбегіне күмән келтірмейміз, биліктің бұл ұсыныстарды іске асыратынына шүбәланамыз. Тәжірибемізде мамандардың ұсынған құнды пікірлерін жылдар бойы жылы жауып қойып, кейін сол ойды бірнеше жыл өткізіп, әбден ұмыттырып барып өз аттарынан ұсынатын да жағдайлар кездескен. Мақұл солай-ақ болсын, атағын да өздері иеленсін.Бірақ, ол екі арада қаншама уақыт өтіп кетеді. Атаққұмарлар мен өзін ғана ойлайтындардың кесірінен қоғам сорлайды. Бізге шенеуніктердің шетелден шекпеніне орап әкелген жылтырақ жаңалығы емес, өзіміздің білікті мамандар мен ғалымдарымыздың біздің қоғамға арналған нақты ұсынысы керек. Сондықтан бұны министр Ерлан Сағадиевтың құлағына таққан кезекті «алтын сырға» десек те болады. Ең бастысы, құнды ұсыныстар тағы да билік кеңсесінің тартпасының түбінде шаң басып әдеттегідей жылдар бойы жатып қалмаса немесе мүлдем ұмытылып, жоғалып кетпесе болғаны... Бұл баспасөз мәслихаты туралы мына бір базынамызды білдірмеске болмайтын сияқты. Жиынды жүргізіп отырған «Интерфакс-Қазақстан» баспасөз орталығының директоры Жандос Зейнешов қазақша сөйлеген шешендерге орысша да аудармасын айтуды қайта-қайта ескертумен болды. Жиналғандардың ортасында небары 3-4 орыстілді журналистер болғанына қарамастан бұндай талапты артық көрген Аягүл Миразова орысша сөйлеуден бірден бас тартып, сөзін қазақша жалғастыра берді. Миразова ханымның бұл ұстанымы отырғандардың қолдауына ие болды. Журналистер мәжіліс залының төрінде «Интерфакс-Казакстан» деген қазақша жазуды да бетке басты. Оларға салсақ қазақта «Қ» деген әріп жоқ сияқты. Зейнешов мырза бұның бүгінгі тақырыпқа қатысы жоқ деп бұра тартып, шамданып қалды. БАҚ өкілдерінің тағы да көптеген сұрақтарының барлығына қарамастан ақырында жиналыс осымен аяқталды деп шорт үзіп, орнынан тұрып жүре берді. Бұл не, мемлекеттік тілді менсінбеу ме? Басқа жерде емес, баспасөз мәслихатында бөгде мінез көрсету нені білдіреді? Қазақы қонақжайлылық қайда? Шаңырақ иесі ретінде келген қонақтарға сұрақтарын соңына дейін қоюға мүмкіндік беру керек еді ғой. Күрделі мәселені көтерген жиыннан соң қалам ұстағандардың көкейінде айтылмаған көп сұрақ кеткені анық... Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz