Қазақты алдарқату қаншаға созылады?
2017 ж. 15 маусым
6084
20
Жемқорлықпен шетел асқан 1700 адамның бәрі - орыстілді
Тарихқа жүгінсек, ХХ ғасырға дейін Қазақстанда қазақ, өзбек, ұйғыр және азғантай ғана отарлаушы орыстан басқа көп ұлт болмаған. Ал кейін Ресейдің өзге ұлттарды репрессиялап, Қазақстанға әкеп төгіп тастағанына, қазақ кінәлі емес. Қазір Ресей ең көпұлтты ел. Ресейде 400-ден астам ұлт тұрады. Ресей оларды жаулап алған, бірақ қазақтарға ұқсап біз көпұлтты елміз демейді. Олай десе, орыстар да сол көпұлттың бірі болып қалар еді. Ресей Президенті немесе Премьері мен Думасы түгіл ешбір мас орыс өзінің рухын әлсірететін, орыс баласының санасын улайтын ондай ақылсыздық сөзге жол бермейді. Жириновскийдің «Ресейде орыстан басқа ұлт жоқ» деп көкезуленіп көпіріп тұрғанын Путин рахаттанып отырып тыңдайды. Қазақстанда тұратын өзбек, әзірбайжан, ұйғыр, татар, түрік, дұңған, чечен түгел қазақша сөйлей де, жаза да алады. Орыстан басқалар, әсіресе немістер мен корейлер қазақшаны тез-ақ үйреніп алады. Ол аз болса, Қазақстан халқының 70%-дан астамы қазақтар.
Ендеше, біз неге көп ұлтты елміз деп сарнаймыз. Бүкіл осындағы түркі тілдерді қоссақ 80 пайыздан асып кетеді, қазақша білетіндер. Сірә, бұл жерде билік басындағылардың өз ішкі есебі болуы мүмкін. Өйткені, олардың балалары, немерелері қазақша білмейді. Білсе, шытыр жеп іші кепкен түйеше ыңқылдап тұрып қалады. Өздері кешегі коммунистердің орысша оқып, орысша тәрбиеленген балалары.
Олардың мақсаты –енді балалары билікте отыруы керек. Сондықтан қазақ тіліне жол бермеудің сөйте тұра қазақты алдарқаата тұрудың барлық құйтұрқы әрекеттері жасалған. «Қостілділік», «қос тілің – қос қанатың» дегенді де ойлап тапқан осылар еді. Енді «Үш тілділік», «үш тұғырлы тіл» деген де қазақ тілінің адымын аштырмау үшін, солардың балалары үшін, әрі Ресейден қорқып ойлап тапқан қазаққа қарсы жасалған қияңқылық.
Қазақты алдау әуелі былай басталды: 1991 жылы қазақшаға бірден көшуге болмайды. Оған 4-5 жыл керек дедік. Бұл 1991-92 жылы айтылған уәж, яғни, қазақты кәмпиттен дәмелі балаша алдап қою еді. Уақыт шіркін зымырап сол 4-5 жыл да өте шықты. Содан 2000 жылы бәріміз қазақшаға көшеміз, бәріміз қазақша сөйлейміз дедік. Кейін 2000 жылды 2010-ға, 2010 жылды 2020- ға создық. Ақыры 2025-ке кеп тоқтаппыз. Президент 2013 жылғы Жолдауында: «2025 жылы халықтың 95 %-ы қазақша сөйлейді» деді. Сонда қалай, ол үшін істеліп жатқан іс, жасалған жоба, жоспар жоқ.
Әлде онсыз-ақ 25 жыл қазақша сөйлемеген орысы, өз тілін білмейтін мәңгүрттері аралас ел бірақ күнде ұйқыдан тұра сала қазақша сайрап шыға келе ме?
Бұл деген еш дәлелі жоқ бостекей сөз ғой. 2025 жылы 95 % қазақша сөйлеу үшін қазірден бастап жиналыс, баяндамалар, іс қағаздары қазақша сөйлей бастауы керек емес пе?! Қай шаруа да, әсіресе тілді үйрену бірден емес біртіндеп өспей ме?! 25 жыл «консервілеп» сандықтың түбінде исі де шықпау үшін үстіне нафтолин себіліп тасталған тіл дамып көркеймейді сандықтан шықпай қалады. Мысалы 90% қазақ тұратын Ақтөбе облысы 2006 жылы қазақ тіліне көштік деген еді. Бірақ дәл ондай нәтижені көре алмай жүрміз.
Тіпті, қазақ тіліне бетбұрыс жоқ. И. Тасмағамбетов Алматының әкімі боп тұрғанда 2006 жылы 1-қаңтардан бастап іс-қағаздары түгел қазақшаға көшіріледі деп еді. Олжас Сүлейменов бастаған бірнеше кісі бұл не масқара деп оның аузына құм құйғандай қылды. Бітті!
Енді мына әнжілікті қараңыз: Қазір билік басындағылар бұрынғыдай пәленінші жылы іс қағаздары қазақшаға көшіріледі дегенді айтпайтын болды. Оның орнына пәленінші жылы пәленбай пайызымыз қазақша сөйлейтін болады дегенді шығарды. Бұл да қазақты алдарқату! Аңқау қазақ соған мәз!
Ресейден азаттық алдық деп қысы-жазы 25 жыл той-тойласақта Ерлан Ыдырысов, Әділбек Жақсыбеков, Данияр Ақышев сияқтылар ел алдында қазақша сөйлегенін көре алмай-ақ өтетін шығармыз, бұм жалғаннан. Олар сөйлегісі де келмейді. Өйткені, Қазақстанда жақсы, лауазымды қызметке тұру үшін орысша білмесең болмайтынын, бірақ қазақ тіліне ешқандай қажеттілік жоқ екенін, онсыз да күн көретінін олар жақсы біледі.
Министрлер түгіл 99% қазақ тұратын облыс, аудандарға қазақша білмейтін орыстілді әкімдер жіберіледі. Бұл – жазылмаған заңдылық. Қазақша тартымды сөзі жоқ адам 99 пайыз қазақ тұратын мекендерде тартымды жұмыс істей ала ма?!
Иә, Үкімет қазақты алдарқатып қоюға 25 жылда әбден машықтанып алды. Әнебір жылы үкімет «енді отырысты тек қазақ тілінде өткіземіз» деп қаулы алған еді. Он күннен кейін теледидар үкіметтің екінші отырысын көрсетіп еді, қарасақ, Премьер тек орысша сайрап отыр. Міне, біздің үкіметтің қаулысының кескіні осындай боп келеді. Өз қаулысын өзі орындамайды. Ондай қаулыны өзгелер неғылсын?!
Қазекем аңқау ғой, біреулер бізде идеология жоқ дейді. Болғанда қандай! Идеология бар. Қазақстанда қанша телеарна бар, соларды ашып қалсаң, түп-түгел орысша гулетіп тұр.Ресей газет-журналдары дүңгіршектерді жаулап алған. Олар тек Ресейді мақтайды, жиренішті, салт-дәстүрімізге, дінімізге ұлттық педагогикамызға жат көрсетілімдері қаншама?! Біздің билікке осыдан артық не идеология керек?
Ал «ұлттық идеологияны» – «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев», «Қызық тіmes» (таймс-М.К.) мән-мағынасынан гөрі бет-ауызды жыбырлатуы көбірек және орыс сөздерін араластырып сөйлейтін Тұрсынбек Қабатовтың арзан әзіл-қалжыңы, өзге де сайқымазақ қойылымдар мен әнші емес әншілер. Сірә, жоғарыдағы нән қазақтар тойшыл қазаққа қарны тоқтық пен осындай әзіл-қалжыңнан басқа идеология не керек дейтін шығар, ә?
Иә, Қазақстан Ресейдің отаршылдық идеологиясының бұғауынан әлі де шыға қойған жоқ. Бүгінгі саясатымызбен жүре берсек одан ешқашан шыға алмауымыз да мүмкін. Егер ханның да оның айтуымен жүретін қарашаның да өз білері жоқ болса, олар өзгенің саясатының жетегінде жүретіні тарихтан белгілі. Біз Ресейдің әлі де жетегіндеміз. Осы құлмінезімізді білдірмеу үшін жұртты Қытай басып алады деп қорқытамыз. Қытай онсыз да жер-жаһанға жайылып кеткен ұлт. Бірақ Қытайда қытайша араластырып сөйлейтін қазақ жоқ. Тек қазақша сөйлейді олар. Ал Ресейдің құрамында қаншама республика бар, орыстар Сібір халықтарынан бастап солардың бәрін орыстандыру саясатын жүргізіп келеді. Ресей басқарған КСРО кезінде 91 ұлт жойылып кетті. Бәрін тілінен айырды. Ал Қытайда тұратын қазақтар сөйлескенде бір ауыз қытай сөзін қоспай сөйлесе, Қазақстан қазақтарының үш ауыз сөзінің екеуі орысша. Ол аз болғандай енді бір-біріне «брат», «сестренка», «батя», «племянник» дейтін болды. Бұл–ұлт ретінде азғындап, жойылып кетудің басы емес, қақ ортасынан ауып кеткеніміздің белгісі!
Кейбір аудандарда «емге» орыс таппайсың. Бірақ орыс мектептері жұмыс істеп тұр. Соларда түгел қазақ балалары оқиды. Осы мектептердің директорлары халық арасына мұғалімдерін жіберіп: «Қазақ тілінің келешегі жоқ, балаларыңды орыс мектебіне беріңдер» деп үгіт жүргізеді екен.
Заңы бар ел болса, мұндайларды жауапқа тартып жіберуге болар еді. Амал не, Заңы жоқ елдерде ғана болатын бұл «демократия» Қазақстанда салтанат құрып тұр.
Әрине, орыстілді қазақтардың бәрін мәңгүрт дей алмаймыз. Олар да өз қазағымыз. Оларды тәуелсіздік алдық деген 1991 жылдан бастап, бірден өзімізге тартып, нағыз қазақ қып алуға болатын еді. Әттең, билік өйтпеді. Қалың қазақ тұрғанда билікті орыс тілділерге беріп, бүп-бүтін қазақты әдейі екіге бөлді. Біріне-бірін қарсы қойды. Биліктегі орыстілді қазақтар қазақтілділерді маңына жолатпағаны былай тұрсын «мамбеты» дейтін болды. Яғни, қолдан «шалақазақ» деген ұлт туғызып, оны таза қазаққа қарсы қойды. Билік онысының бәрін азсынғандай «Қазақтың жауы – қазақ» деген жауыздық мақалды ойлап тапты. Қашанда қара халықтың ауызбіршілігі билікке қауіп туғызады. Әуелде үш бидің суретін салып қоюдың да аржағында үлкен залымдық жатқан еді.. Бұл да қазақты үшке бөлудің зымиян бір жолы.
Қазір Кеден Одағы, Еуразиялық одақ деген «одақтарымыз» бар. Ресеймен біз бұрын да «Одақ» болғанбыз. Оның «Одағы» ошағыңды қирату, конфискелеу, қуғын-сүргін, соғысқа айдап апарып салу, Жапонның,
Американың тыңшысы деп ату, асу, аштан қыру болды. «Одақтас» деп аталған 14 Республика Ресейді көрместей боп қашып құтылды. Олар қазір орыстың баспасөзін, теледидарын еліне кіргізбей тастады. Ал біз солардың ақпараттық идеологиясының темір құшағына қайта кіріп барамыз.
Осыдан біраз бұрын Елбасы Н.Назарбаев эфирлік кеңістігімізді неге өзгелерге беріп қойдық деп кейіген еді. Оған да құлақ асқан тірі жан жоқ.
Ресей империясында орыстанып кеткен екі ел болды. Ол Украина мен Қазақстан. Украина бізден де жаман орыстанып кетіп еді. 45 млн. халықтың 12 млн-ы орыстанған украиндар болатын. Сол ел бірден украин тіліне көшті. Бір газетті, тіпті бір бет қағазды да орысша шығартпады. Автобус, троллейбустарында аялдамалар тек украинша, өзбекше, әзірбайжанша хабарланады. Неге? Олар сонша ұлтшыл шовинист пе? Жоқ. Газет-журналдарын, теледидар радиосын орысша сөйлетіп тілінен, елдігінен айырылып қалмауды ойлады олардың басшылары. Амал жоқ, ел болып аман қалу үшін орысша сөйлетпейді. Орыспен аталас, қандас, діндес украиндар сөйткенде қазақ қасқа неге сонша орысқұмар? Бұл –жағымпаздық па, әлде қанымызға сіңген құлдықтан құтылғысы келмейтін мәңгүрттік пе?
Бізде керісінше ғой. Үштілділікке бірінші сыныптан бастап көшудің қандай қажеттілігі болды? Қазақта «баланың миын ашытпа» деген сөз бар. Үш тіл үйренем деп жас миы шаршаған, денсаулығы орташа балалар психикалық ауруға ұшырауы әбден мүмкін. Ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері «Тілі екеудің-діні екеу» деген. Сонда тілі үшеудің діні нешеу болады? Және ондай балалар өз ұлтының жанашыры бола алмайтыны да айдан анық. Ресей, Қытай, Жапония ғылымы бізден әлдеқайда жоғары елдер. Үштілділік жақсы болса, олар неге үш тілде оқытпайды? Өзіңіз ойлана беріңіз. Сөйтіп, жоғарыдағылар мен олардың бержағындағы жандайшаптар екі сөзінің бірінде «біз көп тіл білуіміз керек» дегенді шығарды. Бірақ олар көп тіл білгеннен не пайда барын айтпайды. Жақсы, көп тіл білейік. Мысалы, қазақ Нұр-Джеймс пен Нұр-Иван он тіл білсін. Сонда оның қолынан не келеді? Ол он тілдің бастауышы мен баяндауышы, толықтауышы мен анықтауышы қай жерде тұрғанын бірден табады дейік. Тапсын! Сонда олардан басқа бүкіл қазаққа орыс немесе ағылшын тілінің бастауышы мен баяндауышының қай жерде тұрғанынан келер пайда бар ма? Бүкіл Нұрқоян, бүкіл Нұр Базарбай содан ұшақ айдап, не космонавт болып, не атом кемесін айдап кете ме? Әлде қазақ орысша, ағылшынша білмесе, құрылыс салып, мал бағып, егін егуді ұмытып қала ма? Ау, онда қазақ қолынан түк келмейтін сорлы болады ғой. Алла, қазақты мұндай кемтарлықтан, мұндай мүгедіктен сақтағай!
Әлемде әр адам ұлтшыл. Яғни, әркім өз ұлтын сүйеді. Тек ана тілінде тәрбие алмаған адам ғана ұлтсыз. Ондай адам ең әуелі өз ұлтын сүйеалмайтын, көңілі, көзқарасы күмәнді дүбәра, мәңгүрт адам. Ұлтсыз адам жаны нұрсыз адам, өз бет-бейнесі жоқ құнсыз адам.
Интернационализм дегеніңіз Ресей басшылары өзге ұлттарды, өзге республикаларды өзіне қосып алу үшін ойлап тапқан айласы еді ғой. Ал біздікі не шалап шайқау? Біз әлі де ананы да, мынаны да бауырлас, братан деп жалпылдап, интернационализмді көпұлттылық деп жаңғыртып, қай республиканы, қай ұлтты өзімізге қосып алғымыз келіп жүр? Күлдірмеңіз! Қазақ болам демек түгіл, қазақты жәй силайтын болса, орыс ең әуелі қазақтың тілін силап, «нан», «тұз», «су» деген үш-ақ әріптен тұратын сөздерді үйренер еді ғой! Оның орнына үш әріптен тұратын боғауыз сөзін дауыстап, жұртқа әдейі естіртіп айтып баратады. Өйткені, тілін сыйламайтын ұлтта ұялу деген болған емес!
Баспасөзге сенсек, қазір Қазақстанда 1700-ден астам адам миллиардтап жеп, шетелге қашып кеткен. Солардың бәрі орыс мектебінде оқыған, яғни орыстілді қазақтар.Қазақтілді қазақ елден қашпайды. Олардың Отаны – Қазақстан. Үштілділердің Отаны болмайды. Осыдан қорытынды шығарған билік бар ма? Біреулер тіл жөнінде биліктің не ойлап отырғанын түсінбейміз дейді. Өз басым жақсы түсінем. Билікте өзінің стратегиялық мақсатын орындап отырғандар бар. Ондайлардың мақсаты айқын.
Үш тілділікті енгізудегі басты мақсат – қазақ тілін қолданыстан шығару. Шығарып болып та қалған сыңайлы.
Әлемдегі ел атаулы елдің бәрінде мемлекеттік тіл туралы Заң бар. Қазақтар мемлекеттік тіл туралы заң шығаруды сұрағаны қашан-ан? Ол заңды қалай жалынсаң да шығармайды. Шығарса қазақтың рухы көтеріліп кетеді. Ал кейбір шонжарларға қазақтың рухы төмен болғаны пайдалы. Үкімет жылда тілді «өркендеуге» ақша бөледі. Бірақ қажеттілік тудырмаса, қазақ тілінің ақшаға өркендемейтінін соңғы 25 жыл көрсеткен жоқ па?
Біздің бір шонжар әнебір кезде Өзбекстан президенті, жаның жаннатта болғыр Ислам Каримовке «біз биыл мемлекеттік тіл – қазақ тілін өркендетуге пәленбай миллиард теңге бөлдік деп мақтаныпты. Сонда И.Каримов: «Оған ақшаның не керегі бар, Заң бар емес пе?»–деген екен. Масқара-ай!
Халық санағы кезінде кейбір билік басындағылар Қазақстанда қазақты аз қып көрсету үшін жанталасты. Қазақ 67% - дан аса бастағанда қатты састы. Сол кезде әлгілер «санақтың құпиялығы сақталады» деген сөзді ойлап тапты. Бұл қандай құпиялық? Санақта құпиялық бола ма екен? Сөйтсек, бұл Қазақстанды қазақтың ұлттық мемлекеті етпеудің айла- жарғысы екен.
Қазір орыс жастары кемпір-шалдарын тастап Ресейге кетіп жатыр. Қалай санасаң да қазақ 70 пайыздан асты. Қазаққа деген жанашырлық қана, биліктегі кейбіреулердің өз ұлтына деген жанашырлығы ғана жетіспейді.
Парламентте қазақ тілінің жоғын жоқтап шырылдайтын жалғыз ақсақал өзбек Р. Халмұратов қана еді. Бүгінде онда ол да жоқ. Алланың нұры жауғыр осы өзбек қарт қазақ тілінің біз айтқан жоғарыдағы жағдайын айтып шыр-пыр болғанда, қазақ ақсақалдары сенатор болған жазушыны аяқ-қолын жерге тигізбей мақтады. Ал ол жазушы қазақ тілін көркейту, оны өз төріне отырғызу туралы өтіп жатқан бірде-бір жиынға қатысқан, не қолдау сөз айтқан адам емес. Қалай десек те қазақ тілінің 25 жыл ішінде көгеріп-көктеп кете қоймағанын көзі бар жұрт көріп отыр. Егер қазақ елі тәуелсіз ел екені рас болса, қазақ пен қазақ тіліне жаны ашымайтын биліктің келешегі күндердің күні болғанда қалай боларын бір Алла біледі.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ, Қазақ үні