ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ ҚАШАНҒЫ ҚАҢҒУЫ КЕРЕК?
2017 ж. 15 маусым
4512
8
Еуропа елдері cалып жатқан әлеуметтік тұрғын үй Қазақстанның тақиясына тар ма?
Бірер ай бұрын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев жас мамандарға арнап жатақхана салу мәселесін көтерді. Депутаттың бұл ұсынысы қоғамдық ортада резонанс тудырып, дау-дамайға ұласты. Азаматтық қоғам екіге жарылып, бір топ қолдап, бір топ қарсы пікір білдірді. Көп ұзамай ҚР Үкімет басшысы Б.Сағынтаев депутат А.Перуашевтің ұсынысын қолдамайтындығын айтып, қарсы пікір білдірді. Бұл жауаптан соң, А.Перуашевтің ұсынысы арқылы үміт отын жандырып, Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың тарапынан «жылы сөз» дәметіп жүрген жас мамандардың сағы сынып, көңілдері лайланды. Өзектен тепкен Үкімет басшысының пікіріне қарсылық білдірген жас мамандар, жастар легі өздерінің ойларын ашық айтып, әлеуметтік желілер арқылы жанайқайларын жеткізген-ді. Тіпті, кейбір жастар өздерінің тұратын пәтерлерін көрсетіп, бейнеролик түсіріп, оны таратқан болатын.
Содан кейін «Ақ жол» партиясының басшылығы Қазақстандағы бірнеше шет елдің тұрақты және өкілетті елшілерінің атына хат жазып, олардың еліндегі осы мәселенің мән-жайын білуге сұраныс тастады. Міне, көп күттірмей алғашқылардың бірі болып, Қазақстандағы Эстония елшілігі Істерінің уақытша сенімді өкілі П.Миллер мырзаның жауап хаты келіп түсті.
Аталмыш хатта: «Иә,Эстонияда қазіргі таңда әлеуметтік тұрғын үй салынуда. Ол жеке бір ғимарат немесе оның бір бөлігі болуы мүмкін. Тұрғынға төсек-орын және осы үйдің мүлкі мен қызметтерін пайдалану құқығы беріледі. Адамдар 1-ден 4-ке дейінгі орынды бөлмелерде тұрады, балалы отбасыларға бөлек бөлме қарастырылған. Сондай-ақ, өз үйлерінен апат немесе зілзала салдарынан айырылғандар дағдарыс бөлмелерін пайдалана алады. Дәретханалар мен асүй ортақ пайдаланылады. Күзету мен қауіпсіздікке тәулік бойғы бақылау кепіл береді», - делінген.
Міне, көрдіңіз бе, жастарының болашағын ойлаған елде мұндай жатақханалар біреу емес, бірнеше болады екен. Оның үстіне «Дәретханалар мен асүй ортақ пайдаланылады» депті. А.Перуашев дамыған шет елдің тәжірибесіне сүйеніп, осындай ұсыныс айтқанда, үйі бар, жағдайы дұрыс, орыс тілді бауырларымыз қолдарына шоқпар алып, бостан-босқа дау көтерді. Ал, депутат болса, халықтың әлеуметтік жағдайын шынайы түсініп, осындай тиімді жатақханалар салып, мемлекет бюджетін дұрыс пайдаланудың жолын айтқан еді. Оның ұсынысын келемеждеп, келекеге айналдырғандардың қазақ үшін қашан басы ауырып, балтыры сыздапты?!
PS: Сонымен, ХХІ ғасырдағы қазақ жастары қашанғы пәтерден пәтерге көшіп, кәріс, орыс сияқты өзге ұлт өкілдерінің көңілдеріне қарап, біреудің босағасында жүруі керек?! Тасбауыр үкімет неге өзінің қандастарына келгенде, «соқыр, мылқау танымас тірі жанды» кейпіне ене береді? Б.Сағынтаев бастаған министрлер кабинеті қашан қазақ жастарының көсегесін көгертіп, қазақ үшін қызмет атқарады?
Міне, осындай иірілген сансыз сұрақтар көп ақ.
Елдос Тоқтарбай,
qazaquni.kz