Астанада тағы бір такси шетелдікті сан соқтырды
2017 ж. 14 маусым
1975
0
Астана қалалық ІІД өкілдері Германия азаматын әуежайдан қонақүйге апарып, 19 мың теңге алған такси жүргізушісіне қатысты оқиғаға байланысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомствоның баспасөз қызметіндегілер алаяқтық дерегіне қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын, сонымен қатар шетелдік азаматты әуежай аумағынан осы такси жүргізушісіне алып келген сыбайласының кім екенін анықтап жатқанын мәлімдеді.
"Тергеу барысында жүргізушінің кім екені анықталды, ол шетелдік азаматпен бірге отырған адамнан жол ақысы үшін 3000 теңге алғанын айтты. Ал шетелдік азаматтың айтуынша, әуежайдан такси тұрағына дейін жеткізіп тастаған адам өз қызметі үшін 16 мың теңге алған. Қонақүй қызметкерлері Германия азаматына әуежайдан қонақүйге дейін жол ақысы шамамен 4000 теңге құрайтынын түсіндірген. Шетелдік қонақ полицияға барып арыз берген", - делінген хабарламада.
Еске салайық, осыған дейін де бұған ұқсас оқиға болған еді. Венгрия азаматын әуежайдан қалаға жеткізген астаналық такси жүргізушісі алдап кеткен еді. 6 маусымда 14.00-де полицияға Венгрия азаматы шағым түсірген, ол белгісіз такси жүргізушісінің алаяқтық жолмен 40 000 теңге иемденіп кеткенін айтқан.
"Жедел-іздестіру шаралары барысында "Сарыарқа" ІІБ полицейлері 33 жастағы жүргізушіні ұстаған, ол шетел азаматын алдап, әуежайдан Желтоқсан көшесінде орналасқан қонақүйге жеткізгені үшін көп мөлшерде ақы алған", - дейді елордалық ІІД өкілдері.