ҮСЕНОВТЕРГЕ ОТ ТА ЖОҚ, СОТ ТА ЖОҚ
2017 ж. 12 маусым
1659
0
Жер бетіндегі әлегі аз болғандай атышулы Мақсат Үсенов енді әуедегі ұшақта шатақ шығарды. Жол апатын жасап, кісі өлімі болса да жазадан сытылған атышулы бай баласы Алматыдан Бангкокқа қарай бет алған ұшақта стюардессаларға қырғидай тиіп, экипаждың әбден мазасын қашырды.
Тәртіпке бағынбаған дөрекі жолаушыны экипаж Таиланд астанасына қонған бетте полицияға ұстатып жіберген екен. Алайда, қалталы дөкей мұнда да ретін тауып, жауаптан сытылып кетті.
Адам қағып өлтірсе де, жазадан жеңіл құтылған Мақсат Үсеновке тас жол тарлық етіп, енді аспанда айқай-шуға басты. Бір ұшақта болған жолаушылардың айтуынша, ол бортта білгенін істепті. Түтіндетіп темекі шегіп, Бангкокқа жеткенше әркімге бір тиіскен.
– Үсенов стюардессамен өте дөрекі сөйлесті. Әрлі-берлі жүріп, айқайлап, ешкімге маза бермеді. Тіпті, ұйықтап жатқан жолаушылардың бірін келеке қылды. Ұшақ қонып жатқанда да сабасына түскен жоқ, – дейді жолаушы Павел Коктышев.
Таиланд арқылы транзитпен ұшқан Үсеновты Вьетнамға жібермей, кері қайтару мәселесі де қозғалыпты. Алайда, жауапкершіліктен жеңіл құтылудың жолын білетін жігіт мұнда да ретін тауып, сапарын ары қарай жалғастырған.
Үсеновты Таиланд полициясы жазаламаса да, өз елімізде жауапқа тартуы мүмкін. Өйткені, онымен бірге 6 сағаттан аса бірге ұшқан жолаушы Павел Коктышев прокуратураға шағым жазбақшы. Ұшу қауіпсіздігі мен жолаушылардың тыныштығын бұзып, бортта боқтап, білгенін істеген тентекті келесіде халықаралық тұрмақ, Қазақстан ішінде ұшуына тыйым салуды сұрамақшы.
Ұшақта темекі шеккені үшін жолаушыларға 400 мың теңге айыппұл немесе 15 тәулікке қамау жазасы қарастырылған. Қауіпсіздік белбеуін тақпағаны үшін де айыппұл бар. Осы тәртіпті бұзған жолаушы «қара тізімге» енгізіледі. Қазір бұл тізімде 21 жолаушы тіркеліп тұр. Үсенов 22-ші болып толықтыруы мүмкін. Ал, қоғам белсенділері мұндай тентектерді заңмен қатаң жазалауды ұсынып отыр.
Мақсат Үсеновтың салықтық қарызы бола тұра шетелге қалай шығып кеткені де белгісіз. «Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» Мақсаттың әкесі Қажымұрат Үсенов те ЭКСПО-ның ақшасын қалтаға басып, 2 жылға сотталған болатын. Алайда, әкесі де рақымшылыққа ілігіп, оңай құтылған-ды.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz