ҒАРЫШ – БІЗГЕ НЕГЕ АЛЫС?
2017 ж. 12 маусым
6596
1
БІЗ ӨЗ МҮМКІНДІКТЕРІМІЗДІ ТОЛЫҚ ПАЙДАЛАНБАЙ КЕЛЕМІЗ
Қазақстан 2025-ші жылы қоғамда үлкен шу тудырған улы гептилден біржола құтылмақшы. Қайтадан құрылған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов өзінің сегіз айлық жұмысын қорытындылап, Мәжілісте есеп беру барысында осылай деді. «Протонның» орнына енді экологиялық зияны аз, қауіпсіз отынмен ұшатын «Самұрық» зымырандары келмек. Бұл өте қуанышты жаңалық! Бірақ... Болашақ зымыранның өзін ресейліктер, ал жердегі қондырғысын отандық мамандар жасап жатыр. Бейбіт Атамқұловтың жаңа зымыранның қауіпсіз боларына сенімі мол сияқты. Министр Мәжіліс ғимаратында депутаттарды арнайы әкелген көрмесімен таныстырып, саладағы жаңалықтарымен бөлісті. – Өзіміздің спутниктер бола тұра, әлі күнге шетелдік технологияларға ауыз ашып қарап отырмыз. Яндекс карта, гугл картаға әлі тәуелдіміз. Отандық геокарталардың күні қашан туады, туа ма өзі? – деп сұрады министрден Мәжіліс депутаты Мұрат Теміржанов. Қазақстанның ғарыштан алатын ақпаратының 99 пайызы өз жерсеріктерімізден келеді деген министр, отандық аэроғарыштың әлдеқашан геокарта жасауға қауқарлы екенін айтты. Мәселе тек бағдарлама жазатын ІТ технологтарға қарап тұрса керек. Министр «Протонның» соңғы апатынан келген экологиялық шығынды да Ресейдің толықтай өтемейтінін ақыры мойындаған сыңайлы. –Гептил Байқоңырдың өз басында төгілді. Барлық залалсыздандыру жұмыстарын Ресей өзіне тиесілі аумақта жүргізді. Сондықтан бұл мәселе жабылды. Оның үстіне олар бізге гептилдің зиянын зерттеуге ақша бөлді. Біздің мамандар 10 бағдарлама бойынша сараптама жүргізіп жатыр, – деді бұл жайында министр. Ресей осылайша керек болса өздерің зерттеңдер деп қаржы беріп, «Протонды» ұшыруын жалғастыра бермек. Алдын-ала жоспар бойынша 2021 жылға дейін Байқоңырдан жыл сайын жеті кеме гептилмен көкке көтерілуі керек. Қазақстан 2025 жылы ғана бұл зиянды отыннан біржола құтылмақшы. «Самұрық» деп аты қазақшаланған болашақ зымыранның құны 750 миллион доллар тұрады екен. «Бұл экологиялық таза, коммерциялық құрылғы. Болашақта әуе кемелерін тұрақты түрде ғарышқа жеткізіп тұрады», – дейді министр. Ал отандық аэроғарыш саласының әзірге қолда бар жалғыз жетістігі – электронды білезіктер ғана. Жеңіл қылмыспен сотталған азаматтарды түрмеге қамамай, бостандықта ғарыш арқылы бақылап отыруға мүмкіндік берген төл өнім қазір Ішкі істер министрлігінің сынағынан өтуде. Сынақтан сүрінбей өтсе білезіктер жаппай қолданысқа түспек. Осы тұста депутат Мұрат Теміржановтың өте орынды сұрақ қойғанын алдымен атап өткеніміз жөн. Бұл сұрақ осыдан кем дегенде 15 жыл бұрын қойылуы керек еді. Бұлай деуге де негіз бар. Әлемге аты әйгілі ғарыш айлағының иесі бола тұра сол мүмкіндіктерді толықтай пайдалана алмай келеміз. Байқоңыр айлағы біздің мақтанышымыз болып табылады. Бұл шындық. Біздің ғарыш айлағының өзгелерге қарағанда көптеген артықшылығын шетелдік белгілі мамандар да атап айтқан болатын. Атақты айлақты Ресейге жалға беріп, ғарыш саласында біз өзгелерге тікелей тәуелді болып отырмыз. Жалға беріп, солтүстік көршілерден келген қаржының талан-таражға түскені де жасырын емес. Ол туралы кезінде баспасөзде кеңінен жазылып, қоғамда дау-дамай тудырғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Сондықтан депутаттың осы жайында қойған сұрағын орынды демеске амалымыз жоқ. Техника мен технология шұғыл дамыған мына кезеңде ғарышты игеру – заман талабы. Оның өміріміздің барлық саласына тигізер пайдасы ұшан-теңіз екені белгілі. Қорғаныс, байланыстан бастап ауыл шаруашылығына дейін өте қажет. Қазір ит тұмсығы өтпейтін Джунгли орманындағы «жабайылардың» өздері мобилдік байланысты қолданады. Сондықтан бұл саланы дамытудың елімізге аса қажет екенін дәлелдеудің де қажеті жоқ. Оның үстіне біздің мүмкіндіктеріміз мол, тек соны дамытып, ұқсата білуіміз керек. Рас, бұл бағытта мүлдем жұмыс жоқ деп ауызды құрғақ шөппен сүртуге болмас. Президенттің жарлығымен былтыр елімізде жаңадан Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылды. Демек ғарыш саласын игеру бағытындағы жұмыс жүйеленеді деген сөз. Мамандарды да дайындап жатқанымызға ондаған жылдар болды, тіпті шетел асырып та оқытудамыз. Белгілі бір нәтиже шығаратындай уақыт болды. Әлде ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев айтқандай шетелге білімін көтеруге жіберген жастарымыз сырахананы жағалап кетті ме? Олай деуге болмас, біздің жастарымыз сенімді ақтауға тұрады деп сенеміз. Ең бастысы алған бетімізден бұрылмай соңғы нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Өткен ғасырдың орта тұсынан бері әлем бойынша басқа емес, бірінші болып біздің жерімізден жасанды жерісеріктері ұшырыла бастағаны белгілі. Былайша айтқанда ғарышты игеру біз үшін жаңалық емес, керек десеңіз – ғарыштық державалардың біріміз. Қазір жердің екінші шетіне жетуден ғарышқа көтерілу әлдеқайда тез. Бұл салада қазақстандық ғалымдар мен басқа да мамандардың бұрындар да еңбек еткені жасырын емес. Ғарыштан әлдеқайда алыс жатқан Моңғолия да жақында жерсерігін ұшырып, өз соқпақ жолын салғанын естіп жатырмыз. Оған қарағанда біздің ел ғарышқа баратын жолды таптауырын етті емес пе? «Ортақ өгізден – оңаша бұзау артық» демекші, осы саланы бөгденің көмегінсіз өзіміз жеке игеріп, өзгеге деген тәуелділіктен құтылар кез жеткен секілді... Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz