Сәләфилік идеологияның зияны
2017 ж. 18 мамыр
2324
0
Ел бірлігі, халықтың тыныштығы қай мемлекеттің болмасын ең басты қағидаттары мен назарда ұстайтын мәселелерінің бірі болмақ. Бірлігі бар ел азбайды, бірлігі бар ел тозбайды демекші елдің бірлігін ұстап тұру оңай жұмыс емес екенін барша жұрт білетін құндылық. Елімізде көптеген ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіріп бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып басқарып отырған қазіргі саясатымызға сызат түсіргісі келетін діни ағымдардың қаупі орасаң зор. Сондай ағымдардың бірі кезінде уаххабилік, қазіргі кезде өздерін сәләфилік атауымен елге танылған ағым жайлы сөз өрбімек. Бір қызығы уаххабилер, яғни сәләфиттер әр мемлекетте аттарын өзгертіп жақтастар жинағанымен заты мен діни танымы өзгермейтін қалпында қалуда.
Сәләфилік ағымының тарихына қысқаша тоқталатын болсақ, негізін XIIІ ғасырда Ибн Таймия салған, XVIII ғасырда Мұхаммед ибн Абдулуаххаб (1704-1787) ілімін дамытқан. Мұхаммед ибн Абдулуаххаб өзінің еңбектерінде өздері сияқты сенбейтін адамдарды күпірлікке айыптап қарулы жиһадқа үндеген. Өздерін «сәләфпіз» деп санайтындар мұсылмандарды Алланың бірлігіне шақыру, ислам дінін хұрафат-бидағат (дінге енген жаңалық) амалдардан тазалау, дінімізді пайғамбар заманындағыдай яғни орта ғасыр адамдары секілді өмір сүру, араб әлемін біріктіру сияқты діни фундаменталды идеяларды ұранға айналдырып, көптеген адамдарды тура жолдан тайдырған. Сәләфилік ағымының шейхы Мұхаммед ибн Абдулуаххаб практикада ханбали мазһабын ұстанғанымен ақида (сенімде) ханбали мәзхабы бойынша дінді ұстанбайды. Мұхаммед ибн Абдулуаххаб ХVІІІ ғасырдың 40 жылдарынан бастап араб елдерін біріктіру деген ұранмен Дария кентінің әміршісі Мұхаммед ибн Саудты (Суғуд) өз жолында күресуге шақырып, кейіннен династияның ресми идеологиясына айналдырып, қазіргі кезге дейін олар барлық жерде өкіметті қолға алу және сол арқылы өз мақсатына жету үшін тоқтаусыз күрес жүргізуде. Ал негізінде салафилік терминнің анықтамасы «алдыңғы өткендер», «бұрынғылар» деген мағынаны береді. Кейбір ислам ғұламалары мұсылмандардың алдыңғы үш толқынын «сәләфилер» деп атады. Олар – сахабалар (пайғамбарды көргендер), тәбиғиндер (сахабаларды көргендер) және табаға-тәбиғиндер (табиғиндерді көргендер). Бұл дегеніміз «сәләф» ұрпағына VII, VIII, IX, ғасырларда өмір сүрген ізгі адамдар мен Имам Әбу Ханифа, Имам Тахауи, Имам Шафиғи, Имам Мәлики т.б. ғалымдарды жатқызса болады. Ал, X ғасырдан бастап біздің заманымызға дейін өмір сүрген ислам ғұламаларын «хәләф» - деп атаған. Оған Имам Матуруди, Имам Ашари, Қожа Ахмет Ясауи т.б. кіреді. Бірақ қазіргі сәләфилерміз дегендердің діни танымы радикалданып қоғамға зиян тигізуде. Олардың діни танымдары өткен ғасырдағы сахабалар мен табиғиндердің діни танымдарына мүлдем сай келмейді. Себебі, Мұхаммед ибн Абдулуаххаб «Китабт-таухид», (Сенім кітабы), «Кәшфуш-шубуһат», (Күмәнді нәрселерден арылту), және «Китабул-усулис-сәләсә», (Үш негіз кітабы) еңбектерінде таухид (сенім), ширк, бидғат (дінге енген жаңалық) деп өзге ұлттардың сан ғасырдан бері ислам дінімен ұштасып келе жатқан салт-дәстүрін харамға, шірікке теңеп өз ұлтының дұшпаны қылуда. Ұлттық құндылықтарын білмеген, онымен мақтанбаған азаматтарда елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімі жойылуда. Мәселен, Американдық сарапшы Марк Сейджманның зерттеуі бойынша «Террористердің төрттен бірі ғана жағдайы төмен отбасынан шыққан. Террористердің басым көпшілігі жоғары таптан шыққан, жартысы орта таптан шыққан, көбісі отбасылы, діни білім алғандары өте аз, заңгер, дәрігер, инженерлер. Олардың террорист болу себебі дәстүрлі діни таным негізінен айырылып, не батыстық мәдениетті қабылдамады немесе өз мәдениетін білмегендіктен террорист болды» - деп тұжырым жасаған. Сол секілді қаншама қазақтың қара көз қыздары мен ұлдары тарихын, ата-бабалары ұстанған дәстүрлі діни танымын білмегендіктен, жалған діни ағымдардың жетегіне кетіп, бірі Сирия мен Иракқа кетіп жатса, енді бірі туған елінде лаңкестік әрекет жасауда. Лаңкестердің негізгі мақсаты дін үшін күрес емес, керсінше билік пен байлыққа жету. Сол себепті сәләфилердің уаххабилік идеологиясы адамдарды өздерінің топтарына тартып, саналарын радикалдандыру үшін неше түрлі құйтырқы айлаға барады. Солардың бірі – туған туыстарынан, ұлттық бірегейлігінен, соңында өзі тұрып жатқан мемлекетін жат қылып, өз еліне қарсы соғысуға үгіттейді. Қарулы жиһадқа шақырмас бұрын беташар, сәлем салу, ас беру, құран бағыштау, секілді дәстүрлерді ширк, харамға теңеп әбден саналарын улап қоғамнан оқшаулайды.
Бірақ соған қарамастан сәләфилер (уаххабилік) өзара саяси мәселеде бірнеше топтарға бөлінуде. Бұлай бөлінуі барлық ағымға тән құбылыс. Пайда болған кез-келген ағым уақыт өте келе өзара келісе алмай тармақтарға бөлінетіні ақиқат. Олардың бұлай бөлінуі бірнеше себептер түрткі болған. Мәселен, амал етпеген жан «кәпір ме, әлде мұсылман ба?», «кәпірлермен одақтасуға бола ма, болмай ма?» «басшыға бағыну», «патшаның саясатын қолдау немесе қолдамау» секілді әрі ақидаға (сенім), әрі саясатқа қатысты мәселелер төңірегінде келісе алмай «мадхалиттер», «сурурилер», «такфирлер» болып бөлініп кеткен. Аталмыш ағым өкілдерінің ұстаздары мен негізге алатын әдебиеттері бір бола тұра бір-бірлерін адасушылықпен, күпірлікпен айыптап, тек өздерін ғана тура жолда жүрген мұсылман ретінде санауы, шын ислам дініне жат нәрсе. Ал бұндай түсінікті батыстық ғалым Э.Трельч айтпақшы «Діни ағымдарға тән қасиет, тек өздерінің сенімін ғана дұрыс санайды және қоғамнан оқшауланып жүреді», - деген. Қоғамнан оқшауланып, заманға сай өмір сүрудің орнына орта ғасырдағы адамдар секілді өмір сүруді аңсайтын сәләфилерді сыңаржақ, радикалды діни ағым екенін аңғаруға болады. Еліміз дамушы мемлекет болғандықтан діни фундаменталдық идеялар елімізді прогресске емес, регресске апаратыны айтпаса да белгілі.
Сондықтан елміздің тыныштығы мен татулығын сақтау, дамыған елдермен тереземізді теңестіру мақсатында қоғамның діни танымын дұрыс қалыптастыру аса маңызды. Біздің діни танымымыз ата-бабаларымыз ұстанған жол үш тұғырымызбен төрт қағидамызды жандандыруда болмақ. Ал, үш тұғыр дегеніміз ханифи мәзһабы, матуруди сенімі, Қожа Ахмет Ясауидің діни танымы. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың діни танымы төрт қағидаға негізделген. Атап айтқанда, бірінші «заман» заманға сай өмір сүр және жаңа технологиялармен, иновацияларды игеру. Екінші «мәкән» яғни Отан деп туған еліне жеріне аянбай еңбек етіп халқының сүйікті ұлдары мен қыздары болу. Үшінші «ихуан» яғни бауырмалдық деп адамдардың ұлтына, нәсіліне, дініне, түсіне қарамастан құрмет көрсетіп бауыр тұту. Төртінші «Рабта-сұлтан» басшыға бағына отырып әділеттілікті талап ету.
Е.Жақыпов, Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» бөлім басшысы
Abai.kz