ШЕГІРТКЕЛЕР шеруі ЭКСПО-ға ҚОНАҚТАРДАН бұрын келіп тұрмай ма?..
2017 ж. 17 мамыр
7249
22
Шегіртке шабуылынан қорғануды ұсынған депутат облыс басшылығынан ұрыс естіп, жаламен сотталып отыр...
Астана халқы 1999 жылғы бүкіл республиканы шарпыған «шегіртке шапқыншылығы» кезінде тәулігіне 500 шақырым жерге дейін алатын бұл жәндіктің Елордамызды да басып алғанын ұмыта қойған жоқ болар. Сол күндері оның Жәнібек Кәріпжановты «Ауыл шаруашылық министрі» деген биік лауазымымен қоштасуға мәжбүр еткені де есімізде...
Сол шегіртке биыл тағы Оңтүстік Қазақстан облысына су тасқынынан да жаман апат болып тұр. Сарыағаш, Шардара, Арыс ауданынан хабарласқан ел азаматтары не дейді: «Шегіртке егінді баудай түсіріп барады. Өткен жылы біздің депутатымыз Аманкелді Сопбеков (облыстық мәслихатқа екі рет Сарыағаштан, бір рет Шардара ауданынан сайланған депутат – автор) «Шегірткеге жем болмайық!» деп шырылдаған болатын. Бірақ, сол кездегі облыс басшылығы дереу қолдау көрсету орнына жиналыстағы көпшілік алдында: «Сен бекерге елге үрей туғызба, ешқандай да шегірткеден төніп тұрған қатер жоқ!» деп ұрсып, басып тастаған еді. 2008 жылы да Аманкелді Сопбеков шегірткені айтамын, журналистерді шақырамын деп, басшылардан таяқ жеген болатын...
Былтыр қанша дихан егінінен айрылды! Қанша жеке шаруа банктен алған қарызын өтей алмай қалды. Ал, биылғы жағдай одан да жаман. Өйткені, былтыр жаз жауынды болып, шөп өте қалың шықты-дағы, шегіртке тұқымын көп жерге тастады. Енді биыл даланы қойып, ауылға кіріп жатыр. Бірақ, «шегіртке шабуылға шығады!» деп шырылдап жүрген депутаттарды көрмейміз. Ал, біз сайлаған халық қалаулысы жаламен сотталып, үйінде жұмыссыз отыр екен...
Біз оның қандай айып, күнәсі барын білмейміз, бірақ, Қарттар үйі мен Балалар үйін екі жыл етпен қамтамасыз еткен, Сарыағаш аудандық Ардагерлер кеңесіне Ауди-6 автокөлігін сатып әперген, жетім-жесірдің қолын қайтармай, көмек көрсетіп жүрген, Сарыағаш ауданындағы «Ынтымақ» ауылында бұзақы тәжік өлтірген қазақ жігіттің отбасына қол ұшын созған, оның жеті күндік, қырықкүндік, жылдық асын көтерген, депутат ретінде «Ынтымақта» ынтымақ, бірлік болсын деп бір ай бітімгершілікте жүрген, былтыр Ақтөбеде әскери борышын өтеп жүріп қайғылы қазаға ұшыраған шардаралық солдат жігіттің де отбасына (2016 жылы Шардара ауданынан сайланған депутат ретінде) жәрдем берген, елге өте көп қайырымдылық көрсетіп жүрген жан екенін жақсы білеміз. Бір мешіт салған, 34 мешітті жөндеуден өткізіп берген жаны ізгі жанның ісінің ақ-қарасы анықталса екен, әділетсіздікке жол берілмесе екен. Біздің осы өтінішіміз ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми мырза мен ҚР Бас Прокуроры Жақып Асанов мырзалардың құлағына шалынса екен дейміз» дейді Марат Бекшораев, Әбутәліп Саймаханов, Тұрдалы Ескеров секілді ауылдағы ел ағалары.
Шынында да, Амангелді Сопбеков 2015 жылы ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығының «Жылдың қайырымды адамы» номинанты. Содан бері оны жақсы білетіндер "Алтын жүрек Амангелді" деп атайды. Оның қайырымдылық іс-шараларының шет-жағасын ғана атап өтер болсақ, олар:
-2006 жылы Келестегі су тасқыны кезде бір ауылға 2 КамАЗ ұн тарқатып, нанмен қаматамасыз еткен;
- мектеп салған;
-ОҚО Мақтаарал ауданында 3 көпір салған;
-Дарбаза аулына ауыз су кіргізуге 2,5 млн.теңге бөлген;
-2010 жылы ШҚО, Тарбағатай ауданының тасқыннан зардап шеккен 500 үйіне ұн мен азық-түлік жеткізіп берген;
-Арыс қаласының № 1 Тәжібаев атындағы балалар үйіне 2010 жылы 50 қой, 2014 жылы Рамазан айында облысымыздың 16 мешітіне 5 қойдан 80 қой берген, т.т.
Шардаралық азаматтар Сырдарияның сол жағындағы егістік жерлерде шегірткеге қарсы нақты күрес жүргізілгенін, бірақ, алдағы бір-екі аптада Сарыағаш ауданына қарайтын Бозай ауыл округі аумағынан, сондай-ақ Арыс ауданы жағынан шегіртке шабуылына ұшыраймыз ба деп алаңдап отырғанын жасырған жоқ. Ал, Бозай, Жамбыл, Әлімтау ауыл округіндегілер шегірткенің шындап жетіліп ұшуы әлі алда, мамырдың 25-інен кейін басталатынын айтады. «Қыстан аман шыққан шегірткелер саны жылдағыдан 3-4 есе көп. Оның қалың сепкен тұқымы қайта-қайта бас көтеретіндіктен, былтыр аз қаржымен бетін қайтаруға болатын жауға биыл сонша есе артық шығын жұмсалып жатыр. Күн әлі қатты ысыған жоқ, қатты ысыған кезде оның бәрі дүр етіп көтеріледі» дейді мамандар.
Ал, Арыс ауданындағы дихандардың ахуалы қандай екенін тілмен айтып жеткізу қиын. Оны тек мына бейнетүсірілімдерді көрген адамдар ғана шын сезіне алуы мүмкін...
Бүгінгідей бейқамдық Астана халқын тағы да шегірткеге талатуы әбден мүмкін. 25 күннен кейін сән-салтанатпен ашылатын ЭКСПО-2017-ге шетелдік мәртебелі қонақтармен бірге шегіртке де қаптап кіріп жатса таңғалмаңыз. Себебі, «жауды көрмей тұрып қорық» деп алдын-ала дабыл қағатын елдің жанашыр азаматтары үйқамақта отыр.
Шегірткеге шекара жоқ..
Шуақ Айбалтаұлы, qazaquni.kz [video width="640" height="352" mp4="http://www.qazaquni.kz/wp-content/uploads/2017/05/ffbd944d7fee53ecfb7f12dce50947ac.mp4"][/video] [video width="400" height="300" mp4="http://www.qazaquni.kz/wp-content/uploads/2017/05/e607ecc24b7e5b8a70f1e695e3aceec3.mp4"][/video] [video width="854" height="468" mp4="http://www.qazaquni.kz/wp-content/uploads/2017/05/0194546596975f70cfe8d7594a283630.mp4"][/video]