«ҚАРА ӨЛЕҢГЕ ҚАРЫЗБЫН...»
2011 ж. 21 сәуір
2963
14
Бүгінде қаламды қару еткендердің киелі қарашаңырағына айналған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Мұзбалақ» атты жас ақындар клубы бар. Түрлі мәдени іс-шараларымен көзге түсіп жүрген бұл ұйымның басты мақсаты да сол – әдебиет теңізіне тамшы болып үлес қосып келе жатқан жас «мұзбалақтарды» әдебиетке қызықтырып, қаламдарын қатайту. Клубтың құрылғанына бір жылдан астам уақыт болса да журналистика факультетінің студенттері, жас ақындар Бауыржан Әлқожа, Олжас Қасымдар бастаған өнегелі іс қазірде жастардың жар дегенде жалғыз ғана бас қосар ортасы. Ал әдебиетшілердің ортасында Қауымбек Қайсар жетекшілік ететін «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубы жұмыс жасайды. Әлқисса! Бұл жолғы басқосуға ақын, Қазақстан Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Жас қазақ үні» газетінің бас директоры Қазыбек Иса мен «Қазығұрт» баспасының директоры, ақын Темірғали Көпбаев қонақ болады дегенде-ақ сап-сап құлақ түріскен студенттер бұл кешке асыға келді. Сәуірдің 13-жұлдызында сағат 15.00-де журналистика факультетінің мәжіліс залында өткен әдеби кештің тақырыбы – «Қара өлеңге қарызбын...» Кештің алғысөзін айтып, журналистика факультетінің деканы Есберген Алауханов бастады. Бауыржан Әлқожа жүргізген кештің қосалқы қонақтары болып өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ақындар мен жезтаңдай өнерпаздар Роза Әлқожа, Бақыткүл Бабаш, «Жібек жолы» тобының әншісі Асқар Әкімбек пен «Қазығұрт» дуэті болды. Кештің қызығына айнала кеткен тағы бір себеп – шараны ұйымдастырушылардың қызықты сұрақтары еді: «Қандай студент болдыңыз?», «Алғашқы махаббатыңызды айтсаңыз» деген секілді «қитұрқылау» сұрақтарға шынын жасырмай, әзіл-қалжың арқылы жауап беру арқалы ақындар кешті одан әрмен қызықтыра түсті. Өнер көшіне ерген талантты әнші Асқар кеш қонағы Қазыбек Исаның өлеңіне жазылған Аманжол Қайырбаевтың «Ұмытпа мені» атты әнінің тұсаукесерін де осы кеште жасап, ән айтқан еді. Сонымен қатар Темірғали Көпбаев та іштегі сырын ашып, жақында ғана дүниеден өткен дүлдүл ақын Қадір Мырзалиевтен басталатын роман-эссе жазып жатқанын айтып өтті. Жыр-жауһардан көсіле, шабыттана оқыған ақындардың жастарға деген ыстық ықыласы бойымызға мөлдір мейірім мен балалық бақыт әкелгендей толқығанымыз да рас. Студенттік кездердегі қызықтарын, бозбалалық махаббаттарын бүкпей айтып, емен-жарқын әңгімелескен дарабоздардың студенттерімізге ала келген сыйлықтары да бар екен. Ақынның ең керемет сыйлығы әрине – кітап. Қос дүлдүлдің Кештің соңына дейін жастардың алып-ұшқан көңілін бағып, көл-көсір шаттықта аттарын сұрастырып, жеке қолтаңбасын қойып беріп жатқан көрінісі көңілімізге медет, дәтімізге қуат сыйлады. Көктемнің гүліндей бүршік атқан жастардың үркер-үміті мен шабыттары шарықтай берсін дейік. Әумин... Ардақ ҚҰЛТАЙ