Назарбаев - Ардагерлерге деген құрметіміз олардың ерлігіндей ұлы болуы тиіс
2017 ж. 09 мамыр
2319
11
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Отан қорғаушылар" монументіне гүл қою рәсіміне қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Құрметті отандастар, қазақстандықтар, Екінші Дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс Күні ұлы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл адамзат тарихындағы ең қиян-кескі соғыс болды, ондаған миллион адамның өмірін қиған ең қатыгез соғыс. Оның қатарында қазақстандықтар да болды. Алты миллион халықтың бір миллион сегіз жүзі, яғни 20 пайызы Ұлы Отан соғысы майданына аттанды. Олардың жартысы оралмады", - деді Президент.
"О дүниеге аттанған және қазір жанымызда жүрген ардагерлер біздің бақытымызға, тәуелсіздігімізге, ашық аспанымызға жол салды. Сондықтан біз Отан қорғаушылар ескерткішіне гүл қойып жатырмыз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Жеңіс болмаған жағдайда бүгінімізге қол жеткізе алмайтынымызды атап өтті.
"Сондықтан ардагерлерімізге деген құрмет олардың ерлігіндей ұлы болуы тиіс. Барлық қазақстандықты, барлық ардагерді Жеңіс Күнімен құттықтаймын. Зор денсаулық, жақсылық тілеймін. Бірінші кезекте жеңіс елдегі барлық халықтың достастығының арқасында келді. Осы ұранмен өмір сүреміз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ұлы Жеңістің 72 жылдығын атап өтуге арналған салтанатты шараға ардагерлер, министрлер, Парламент депутаттары және қоғам қайраткерлері, елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Монумент алаңында әскери әндер айтылды. Жиналғандар ҰОС майданында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Осыдан кейін "Отан қорғаушылар" ескерткішіне гүл қойылды.