АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ДЕПУТАТҚА АЛҒЫСТАРЫН БІЛДІРДІ
2017 ж. 09 мамыр
2343
1
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Ақмола облысына арнайы жұмыс сапарымен келгенде «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдаған болатын.
Бұл қабылдауда болған адамдар өз бастарындағы түйткіл-теперішті айтып, шағымданған. Осы адамдардың ішінде Сандықтау ауданынан келген Бауыржан Шобдыр бастаған алты адам өздерінің жалақыларын ала алмай жүргендерін жеткізген-ді. Арызданушылардың өздері жұмыс істейтін жергілікті «Агро Астана» ЖШС-нен алты айдан бері жалақыларын алмақ түгілі, ешқандай келісім-шарт та жасаспағаны анықталды. Жұмысқа қабылдау жөнінде өтініш те болмай шыққан.Қазір барлығы заңға жүгінген заман, егер жаңағы серіктестік пен жұмысшы арасындағы қарым-қатынасты айғақтайтын ешқандай құжат болмаса, депутат та қарыз жалақыны алып бере алмасы анық.
Бұл оңай шаруа бомаса да, Меруерт Қазбекова бұл шағымға ерекше мән беріп, аталған серіктестіктің Астанадағы құрылтайшыларына шығып, жұмысшылардың бірнеше миллион теңге қарыз жалақысын қайтаруды талап етті. Алғашында уәде берген құрылтайшылар бұл істі «сен салар да, мен саларға» айналдырып, жалтарып кетпек те болды.
Жақында Сандықтау ауданынан жақсы хабар алдық. Онда Парламент депутатының Көкшетау қаласында өткізген қабылдауына ауданнан ат сабылтып келген Бауыржан Шобдыр бастаған жұмысшылар өздерінің жалақыларын толық қайтарғанын айтып, Меруерт Қазбекованың атына өз алғыстарын жолдады. «Алдында біз ешкімге сенбеген едік. Талай табалдырықты тоздырсақ та, ешкім қол ұшын бере алмады. Ал, ақжолдық депутат Меруерт Қазбекова біздің миллиондаған теңге қарызымызды бір-ақ күнде алғызып берді. Оған өзіміздің және отбасымыздың атынан шынайы алғыс айтамыз. Ел мүддесі жолында осылай қажырлы еңбек ете беріңіз!» депті ауыл еңбеккерлері.
Облыстық филиалда өңірлерге шыққан Парламент депутаттары мұндай қабылдауларды ұдайы өткізіп тұрады. Қаншама адамдар әртүрлі мәселемен келеді. Партиямыздың белсенді жұмысы арқылы осындай түйткілді мәселелер шешімін тауып жатады.
«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық баспасөз қызметі
qazaquni.kz