Оралмандарға жер беру мәселесі шешілді
2017 ж. 29 сәуір
9993
1
Оралмандардың жер алуы мәселесі оң шешімін тапты. Бұл туралы abai.kz порталы хабарлады.
Оралмандарға жер учаскелерiн беру Қазақстан Республикасының «Жер кодексінің» (2003 жылғы 20 маусымдағы №442) 46, 37, 97 және 100-бабында қарастырылған.
Сондай-ақ, «Халықтың көші-қоны туралы» (2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV) Заңның 23-бабында да Оралмандарға жер учаскелерiн беру оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларының тізбесіне енгізілген.
Өкінішке орай, ауылды жерлерге көшіп келіп, шаруашылық құру үшін жер телімдерін сұрап ұсыныс берген оралмандарға жергілікті атқарушы билік өкілдерінің «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы №248 Жарлығын көлденең тартып, аталған заң нормаларын орындамай отырғаны анықталды.
Осыған дейін, «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі бұл мәселені өз бақылауында ұстап, оралмандардан келіп түскен өтініштерді құзырлы орындарға жіберіп, жауаптар алған еді. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың 10 наурыз күні Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қ.Айтуғанов қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтармен қабылдаған кезде де Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов Ауыл шаруашылығы министрлігінің осы оралмандарға жер беру мәселесінде туындап отырған өтініштерге баса назар аударуын өтінген болатын.
Бірінші вице-министр Қ.Айтуғановтың пәрменімен 24 наурызда ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев аталған министрлікте Ақмола облысының әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясының, ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон комитетінің өкілдерін қатыстыра отырып, бейне-конфереция байланыс режімінде «Дөңгелек үстел» жиналысын өткізді.
Сөйтіп бұл дауға нүкте қойылды. Оралмандардың Жер алу мәселесі оң шешім тапты.
Жиналыс шешіміне сай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 14 сәуір күні Еліміздегі барлық обылыстық, Астана, Алматы қалалық әкімдіктерге және олардың Жер қатынастары басқармаларына ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаевтың қолы қойылған арнайы хат түсірді.
Ақжолтай хатта «Аталған заңнамаларға сәйкес, оралмандарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН ЖАЛҒА БЕРУ МӘСЕЛЕСІ ТОҚТАТЫЛМАҒАНЫН және оларға жер беру барысында «Жер кодексінің» жоғарыда аталған 46, 37, 97 және 100-баптарын басшылыққа алу қажет екенін еске саламыз» делінген.
Ол аз десеңіз, оралмандарға Жер телімдерін беруде «Жер кодексінің» 46-бабы мен «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 23-бабын басшылыққа алу керектігін, ал атқарушы билік (А.Қадыралина мен Е. Нұғыманов) алға тартқан 48-бабының оралмандарға қолданылмайтынын анықтап берген тағы бір хаттың Ақмола облысының прокуратурасынан келгенін де айта кеткенді жөн көрдім.
Айтпақшы, осы «даудың» тууына себеп болған атқарушы билік өкілінің бірі Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов ақсақалды ауылдастары «жақсы адам», «тәжірибелі басшы» деп шаң жуытпай мақтап, дүркі-дүркін телефон соғумен болды маған. Әрине, Ермек Бекенұлының жеке басына, адамдық қадыр-барқына тағар менің зәредей мінім жоқ! Бірақ, мен үшін Елбасының қолы қойылған Заңды жақсы білген және бұлжытпай атқарған әкім – ең жақсы әкім! Ерекең, мүмкін, онан да жақсы әкім болады... Қадыралинаға қатысты айтарымыз да осы...
Сөйтіп, шетелден көшіп келген қандастарымыз «Оралман» мәртебесін алған мезетте өзі тұрақты тіркеуге тұрған ауылдың аудандық Жер қатынастары мекемесіне шаруашылық құру үшін жер телімдерін сұрап, өтініш хат өткізуі керек.
Қысқасы, «Оралман» мәртебелі ағайындар бұдан былай ауылды жерлерден кедергісіз Жер телімдерін алатын болды.
Қапы қалмаңыздар, қандастар!
Ауыт Мұқибек