ЖАСАНДЫ ҰРПАҚ ҰЛТЫҢДЫ САҚТАЙДЫ МА?
2017 ж. 26 сәуір
2825
2
Бұрындары «шала қазақ», «дара қазақ» боп бөлінуші ек. Енді «сапалы қазақ» деген ұғым пайда болды. Cоған талпынып жүрміз. Сапамыз неден төмендеп кетті екен? Сауалға жауап іздеп көрдік. Репродуктолог-эмбриолог мамандардың ел ішінде бедеулік пен белсіздіктің белең алып, ұрық сапасыздығын айта бастағалы он жылға таяп қалыпты. Одан беріде оңалғаны шамалы, қайта керісінше нашарлап барады. Бұған әртүрлі жағдайлар себеп.
Бұқараның бәрінің бірдей «ішкені алдында, ішпегені артында» деуге келмейді. Үкіметтің әр азаматтың себетіне өлшеп бергені 40 түрлі азыққа толы болғанымен, өңі тұрмақ, түсінде де ет көрмей күнелткен отбасылар баршылық. «Ас адамның арқауы» демеуші ме еді. Тіпті балалардың дұрыс жетілуі үшін құрамы темір, фосфат, омега, ақуыздарға бай тағамдарды ішіп-жеуі тиіс. 1литр сиыр сүті жанар-жағар майдан да қымбат. Ал, қара нан бұрыннан қымбат. Қазір қара шай да, қара су да қымбат. Қымбаттамаған нәрсе қалмай барады. Ғылым адам болмысының 18-20 пайызында тегіне тартып бітсе, 50 пайызында дұрыс тамақтанумен қалыптасатынын дәлелдеді. Бүгінде баға аспандаған сайын, астың сапасына қарамай арзанына жүгіретін болдық. Әлжуаздық та, тым бақуаттылық та денсаулықты діңкелетіп жатыр.
Төрегелді Шарманов – «Қазақ тағамтану Академиясының» Президенті, Академик
Еуропа Ресейге санкция қойғалы, олардың арзан ет-сүт тағамдарына біздің еліміздің сөрелері толды. Оның үстіне біз ұзақ сақталатын тағамдарды сапалы деп ойлаймыз. Шын мәнісінде, көп сақталған сайын, ет болсын, сүт болсын пайдалы ферменттерін жойып, уға айналатынын білмейміз. Денсаулыққа қауіпті өнімдерді ішіп-жеу әртүрлі ауруларға ұшыратады, тіпті рак ауруларына шалдықтырады.
«Боламын деген баланың бетінен қақпа, белін бу» деген. Жігіттердің белбеуі бара-бара мықынынан төмен түсіп, ышқырлары тізесіне таяп қалды, қазір. Кей қыздардың қыс ауасында да «сирақтары» жалтырап, кіндіктері жарқырап жүр. Ендеше бедеулік пен белсіздіктің дендеуін айтып несіне даурығамыз. Мамандар мықыннан келетін, әрі тар киімдердің денсаулыққа зиян екенін ескертеді. Бүгінде үлкен әйелдерді былай қойғанда, жас қыздар да гормоналдық ауытқуларға, гинекологиялық ауруларға жиі душар болуда. Еркектердің де белсенділігі де, ұрық сапасы да төмендеп барады. Қысқасы, жүре келе пайда болатын бедеулік жас таңдап жатқан жоқ.
Салтанат Байқошқарова – «ЭКОМЕД» Адам ұрпағын өрбіту клиникасының ғылыми директоры
- Бедеулік әртүрлі инфекциялық ауруларға және салауатты өмір салтын
ұстанбаудан туындайды. Оның басты салдары түсік жасату болып тұр. Біздің орталыққа көмек сұрап келген әйелдердің 80 пайызы бұрын 4-5 рет түсік жасатқандар болып шығады. Себебін сұрасаңыз, әлеуметтік және отбасылық жағдайға әкеп тірейді. Сол сияқты, жатыр мен жатыр түтікшелеріндегі паталогия, жыныс мүшелерінің қабынуы, етеккірдің, гармондардың бұзылуы бедеулікке әсер етеді. Ал, еркектердің белсіздігі аталық бездің, қуықасты бездердің қабынуынан пайда болады. Оның үстіне қазір тамақтың да құрамы өзгерді. Бедеулік пен белсіздікке, белсенділіктің төмендеуіне, ұрық сапасының нашарлауына сыртқы факторлар әсер етеді.
Еліміздегі үйленбеген жастардың саны беймәлім. «Оң босағада отырып» қалған қыздардың қарасы 300 мыңның төңірегінде көрінеді. Бір қуантарлығы, жылына 196 мың отбасы құрылады екен. Ал, өкініштісі сол, әрбір төртінші жұптың үй бола алмай ажырасуы. Бұған көбінесе екі жастың мінез-құлықтарының жараспай қалуы, әлеуметтік теңсіздіктері түрткі. Қыз баласының өз төркінінде көрмеген тәрбиесін, келін боп түскен жері де түзей алмайды. «Көргенсіз» деген сөзді естуден қорқатын, өз баласын өзектен теппеген, жетімін жебеп, жесірін жылатпаған, некенің беріктігін сақтаған текті халық ек. Ал, бүгінде отанасы мен отағасы бір-бірін құрметтеуден қалып, «отбасы» деген ұлы құндылықтың қадірі кетіп, қазақ атымызға сын боп жатқан жайы бар.
Талғат Махатұлы - «сүрбойдақ»
Біз бес ағайындымыз. Ортаншы інім ерте үйленген еді. Келініміз не
анамызды, не әкемізді сыйламайды. Топырлатып төртеуін туды. Енді қайдан ажырасады. Өмір сүріп жатыр. «Бауырымның өзіне жайлы болса, болды» деп біз де үндемей келеміз. Қазір менен кейінгі інім бар, ол да, мен де бойдақпыз. Келінімізге қарап үйленуге қорқып қалдық. Жолдастарымыздың да біразы әйелдерімен бір ажырасып, бір табысып жүр. «Әйел үйдің шегесі» деген емес пе? Әйел жақсы болса, ажырасып несі бар? Менің үйленгім келеді, бірақ тәрбиелі қыз таппай жүрмін. Ал, «көргенсіз» келіншегімнің болғанын қаламаймын.
Райхан Алтынбек - «кәріқыз»
36 жастамын, «кәріқыздардың» қатарына қосылдым. Жігіттерге сенбеймін. Өз бетімше өмір сүріп, жүріп-тұрып үйреніп қалғам. Күйеу деген «цензура» орнатып қоятын секілді. Бір қорқыныш бар, күйеуге тию керек десе мені кері тартып тұратын. Қу тіземді құшақтап қалмас үшін, күйеуге тимей-ақ бір бала туып алсам ба деймін, кейде. Бәлкім асырап алатын шығармын.
Бала дегеннен шығады. Біздің елде жалғызжарым бала өсіріп жатқан аналар да жетерлік. Жарты миллионның ар жақ, бер жағында. Ал, жыл сайын үйленіп жатқан жас отбасылардың 20 мыңға жуығы уақытылы перзент сүйе алмай, қиналып жүр. Не ері белсіз, не әйелі бедеу боп шығады. Ондайларға «ЭКҰ» орталықтары өз қызметтерін ұсынып келеді. Мемлекет те біраз жылдан бері жәрдемдесуде. Биылғы жылы 800 отбасыға жатырдан тыс ұрықтандыруға квота бөлінді. Бұл аз, әрине. Десе де «жоқтан бар», жақсы. 15 жылда осындай тәсілмен 25 мың бала өмірге келген. Ал, репродуктологтар ұрық сапасына алаңдаулы.
Салтанат Байқошқарова – «ЭКОМЕД» Адам ұрпағын өрбіту клиникасының ғылыми директоры Қыз баласына күйеуге шығуға қолайлы ең әдемі шақ 18 жас. Жігіттерге 20 жаста үйленген дұрыс. 18-28 жас аралығы келіншектердің бала босануына ең керемет уақыт. Жас ұлғайған сайын ерлерде ұрық азая бастайды. Өйткені, әу-баста шектеулі етіп берілген. Үйленгеннен кейін 1,5 жыл ішінде бала көтермесе, уақыт созбай репродуктолог-дәрігерге қаралуы керек. Және ері мен әйелі бірдей медициналық тексеруден өтіп, екеуі де ем қабылдаулары тиіс. Бізде он жыл өтіп кеткеннен кейін келетіндер көп. Тіпті ЭКҰ қырық жастан асқан әйелдерді ұрықтандыруға шектеу қояды. Әйелдің бала көтеру мүмкіндігі табиғатынан аз. 20 жастағы әйелдің бір етеккір циклында бала көтеру мүмкіндігі - 15-20%, 30 жаста – 10%, 40 жаста – 5%. Ал, экстракорпоралды ұрықтандыру әдісінің жиырма жыл бұрынғыға қарағанда мүмкіндігі 60-80 пайызға артты. Сапасыз ұрықтың сапасын қолдан жақсартуға әрекет етеміз. Есесіне қаншама отбасы балалы боп жатыр.
Екінің бірінің экстракорпоралды ұрықтандыру операциясына шамасы жетпейді. Бұл қызметтің құны 1 миллион теңгеден жоғары. Біреулер бір барғаннан балалы бола қалады. Енді бірі ЭКО орталықтарының табалдырығын тоздырады. Сала дәрігерлері қолдан салынса да, құрсақта ұрықтың тұрақтамауын біріншіден әйелдің бедеулігімен, екіншіден инфекциялық кеселдердің кесірімен, сондай-ақ бұрын төрт-бес рет қасақана жасалған түсіктің салдарымен байланысты екенін айтады. Ондайлар амалсыздан суррогат аналардың қызметіне жүгінуге мәжбүр болады. Олар да әккі, «әкесінің ақысын» сұрайды. 20 мың доллардан кем алмайды.
Майра Уәлиханқызы - «Суррогат ана»
Мен мысалы екі бала босанып бердім. Жат әйелдің аналығында
жетілдіріліп маған салынған ұрық болғандықтан шығар, ол балаға деген ешқандай аналық мейірім болмайды. Өйткені ол менің балам емес қой. Біз, былайша айтқанда «жатырын жалға беруші» саналамыз. Ол ұрықтың егесімен де ешқандай қатынасқа түспегендіктен, ешқандай махаббат болмайды. Робот сияқтысезінем, өзімді.
Жақында Қазақстан мұсылмандары Діни Басқармасының ғұламалар кеңесі жатырды жалға берудің шариғатқа қайшы екенін ресми жариялады. Мүфтияттың бұл пәтуасымен суррогаттықты табыс көзіне айналдырғандар да, олардың көмегіне жүгінушілер де, репродуктологтар да келіспейді. Ұрықтың ерлі-зайыптылардың өзінен алынып, бөтен біреудің құрсағына салынып, одан бала туғанда тұрған не бар дейді, олар. Ал, мүфтияттағылар баланы адал жолмен дүниеге келтірудің тағы бір жөнін ұсынды. «Суррогатты ананы» баланың әкесі некелеп алғаны дұрыс дегенді алға тартады.
Сансызбай Құрбанұлы ҚМДБ Патуа бөлімінің бас маманы
Әйелдің жатыры жалға беретін зат емес. Жүз жерден ұрық баланың өз ата-анасынікі болса да, бөтен біреудің құрсағынан шыққандықтан адал саналмайды. Сондықтан тиым салуды ұйғардық. Бірақ, енді біз ол тиымды жанымыздан шығарған жоқпыз. Шариғаттың шарты солай. Ақыры ол «суррогатты анаға» 20-30 мың долларлап ақысын төлейді екен. Одан да сол әйелді некелеп алсын да, бір үйі қылып отырғызып қойсын. Бұған шариғат тиым салмайды. Қайта құптайды. Есесіне бала адал некемен өмірге келеді. Біздің міндет адамдарды күнәдан сақтандыру. Баяғының бәйбішелері өздері ту алмаса, екінші, үшінші әйел алуға өздері әрекет еткен емес пе?
Ата-бабаларымыз аттан түспеген. «Жылқы мінезді» халық ек. Жегені қазы-қарта, жал-жая, ішкені қымыз, желмаяның сүті еді. Ас-ауқаттың адалын ішіп-жегендіктен шаһуаттың да күші қартайғанша таймаған. Әйтпесе, Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбайлар қайдан пайда болған. Қәзір ұлттық иммунитетіміз де әлсіз, денсаулығымыз да дімкәстау. Содан шығар, сапалы-сапасыз боп бөліне бастағанымыз. Қытайлар бір жылда он жеті миллионға көбейді. Біз жиырма бес жылда он жеті миллионға әзер жеттік. Жыл сайын елімізде екі жүз мыңнан астам бала дүниеге келеді. Деректерге сенсек, жылына он мың аборт жасалады екен. Бейресми түсік қанша екенін, ешкім білмейді. Бәлкім сапалы ұрықтарымыз қоқысқа түсіп жатқан шығар. Не десек те, сапалы ұрық, саналы ұрпақ қажет боп тұр ғой, қазаққа.
PS: Біраз бұрын, Академик Төрегелді Шарманов елдегі қырық жастан асқан ерлердің екеуінің бірінде еркектік белсенділіктерінің төмендеп кеткенін мәлімдеген-ді. Оларға арнап «Жігіт» деп аталатын билологиялық қоспа да ұсынған болатын. Қазақстанда жасалған ол қоспаның шетелдік химиялық препараттардан пайдасы зор деп сендірген еді. Оның қаншалық нәтиже бергенінен бейхабармыз. Ескі кітаптарды парақтап жүріп, бүкіл шығыс халқы қолданған әйел мен ерге пайдалы емдік тәсілді тауып алдым. Оқырмандармен бөлісуді жөн санадым.
Бір литр суға «финики» құрмасының он данасын салып, баяу отта қайнату қажет. Қоймалжың тартқанда оттан түсіріп, суыту керек. Жылымық кезінде жемісімен бірге жеуге болады. Бұл қайнатпаны бойжеткен қыздар мен бозбалаларға пайдалануға тиым салған. Себебі, бұл рецепт бедеулік пен белсіздікке қарсы дәрі, әрі әйелдердің құрсағына, еркектердің шаһуаттарына қуат беретін ем ретінде, сондай-ақ еркектің белсенділікті арттыру үшін ұсынылған. Әр үйде бесік тербеліп, баланың күлкісі естілсін.
Мөлдір Нұрман
qazaquni.kz