Сапарбаев балалар үйінің түлегіне үйлену тойын өткізуге сертификат берді (ФОТО)
2017 ж. 26 сәуір
2625
1
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен 2016 жылдан бері өңірде ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларды қолдайтын кешенді бағдарлама жүзеге асырылуда. Жетім балалардың баспаналы болуына қолдау көрсету бағдарламаның басты бағыты болып табылады.
Осы мақсатта Ақтөбеде «Мейірімді жүрек» қайырымдылық кеші өтіп, оған 200-ден аса адам қатысты.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
- Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап мемлекет басшысы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға баса назар аударып келеді. Өсекелең ұрпақтың барлық халықаралық стандарттарға сай білім алуы үшін мектептер, мәдени, спорттық нысандар салынуда. Жыл сайын бағдарлама бойынша 60-70 бала баспаналы болуда. Сонымен қатар, пәтер кезегінде 1310 бала тұр. Олардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін «ТҚЖБ»-мен, бизнес қоғамдастық өкілдерімен үш жақты келісімге қол қойылды, - деген Бердібек Сапарбаев екі айдан соң ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 120 орындық, құны 4 млрд. теңге болатын үй өз жұмысын бастайтынын атап өтті.
Кешенді бағдарлама аясында кәсіпорындардың әлеуметтік-патронаттық қолдауымен 490 жетім бала қамтылды. Салынған қаржы құны 27 млн теңгені құрайды. Нәтижесінде, бүгінде балалар үйінің 10 түлегі қажетті қаражатты жинап, баспаналы болуға дайын.
Облыс әкімі Алға балалар үйінің бір тәрбиеленушісіне «Нектар» тұрғын үй кешенінен бір бөлмелі пәтер алуға және тағы бір тәрбиеленушінің үйлену тойын өткізуге сертификаттар табыстады. Алға балалар үйінің түлегі Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-де тегін білім алу сертификатына ие болды.
Шара кезінде емделуге, сонымен қатар «ТҚЖБ»-дегі шотты толтыруға сертификаттар берілді. Бұдан өзге, толық қаржыны жинаған жастар үйінің төрт тәрбиеленушісі жиһаз сатып алатын сертификаттарға ие болса, астанадағы ЭКСПО -2017 көрмесіне 20 билет берілді.