Заңсыздық қашанға дейін жалғасады?!
2017 ж. 13 сәуір
2011
0
Әділеттік қылмыстық кодекстің бәрінен де жоғары тұрады. Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы өзінің 2017 жылғы 15-наурыздағы отырысында төрағалық етуші облыстық соттың судьясы Ә.Керімшеев, судьялар Т.Оңғарбаев пен Б.Дүйсебеков Ө.Бөртебаевтың қорғаушысы, әкесі Ш.Бөртебаевтың жаңа ашылған мән-жайларға байланысты, атап айтқан да куәлер Н.Усибалиев, Ж.Абдуллаев, Б.Одаманов, У.Тилесов және Г.Тилесовтің сот отырысында берген куәлік сөздерінің жалған екендігі ҚР ІІМ ОҚО ҚАЖ департаментінің бастығы Қуандықовтың 2015 жылғы 12-тамыздағы №79 бұйрығына сәйкес Т.Абдухалиқовтың инспектор емес, аға инспектор болып тағайындалғандығымен, ал, оның қызметтік міндетті «бөлім бастығының орынбасары» болып табылатынын қызметтік куәлігі арқылы (1-сурет) дәлелденетінін, сондай-ақ мемлекеттік айыптаушының, арнайы прокуратура тергеушісінің және жедел іздестіру қызметінің негізгі айыптаулары Ө.Бөртебаевты аға инспектор, ал, Т.Абдухалиқовты инспектор деген жалғыз уәжге, қылмыстық іс бойынша барлық жасырын аудио және видеожазбалар Т.Абдухаликов пен жәбірленуші Б.Тошиметов арасында болғанына, Т.Абдухаликов пен Ө.Бөртебаев екеуінің де Б.Тошиметовке куратор болғанына қарамастан, түпкілікті ақша алуға тиіс адам өкілеттігі жоғары адам – Ө.Бөртебаев деген болжамға ғана негізделгенін мәлімдеген (2-сурет) өтініш-хатындағы осы аталған себептерге орай іс қозғауын сұраған өтінішін қанағаттандырусыз қалдырды.
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы өзінің 2017 жылғы 28-наурыздағы отырысында төрағалық етуші облыстық соттың судьясы Ә.Рахымбаев, судьялар С.Джақсылық пен Н.Биболов Ө.Бөртебаевтың қорғаушысы, әкесі Ш.Бөртебаевтың жаңа ашылған мән-жайларға байланысты, атап айтқанда 2016 жылғы 26-қаңтарда жасырын жазылған аудиожазбаның дискісі іске тіркелмей, сараптама қорытынды аудиожазбаға емес, хаттамаға сүйеніп жасалған, дәлірегі толыққанды, заң талаптарына сәйкес, дұрыс жасалмаған, ал, кәзір сол аудиожазбаны біз таптық, соның негізінде, сонымен бірге Т.Абдухаликовтың жәбірленушіні қорқытып, пара алуға жасаған іс-әрекетінің дәлелі ретінде оны айына 1 емес, 2 рет келіп тіркеліп тұруы жайлы қолы қойылған құжаттар негізінде істі қайта қозғауды сұраған өтінішін тағы да қанағаттандырусыз қалдырды.
Ол ол ма, біздің судьялар заңды белден басуға әбден үйреніп, еркінсіп кеткені соншалық, олар осы қылмыстық іске тіркелген газеттерде жарияланған 5 (бес) мақаланы жойып жіберген. Біз оларды тауып, орнына қайта тіркеп қоюын талап етіп өтініш-хат жаздық. (2-сурет)
Ең бастысы бұл да емес. Ең бастысы – 28-наурыз күнгі сот отырысында қорғаушы, сотталған Ж.Бөртебаевтың әкесі Ш.Бөртебаевтың судьялар алқасына «баламның кінәлі екенін дәлелдеп, мойнына қойсаңдар – мені қоса соттаңдар. Дәлелдеме соттап, осы бассыздықты жалғастыра беретін болсаңдар мен өзім үкім шығарамын да, өзім оны орындаймын, самосуд жасаймын!» деп мәлімдегені. Мәлімдеген кезде ашынған адамның аузынан «шешеңді!..» деп айтылған балағат сөзі де бар аудиожазбаны бізге сот бермей тұр. Неге бергісі келмейді? Өздерінің кінәлі болғандықтан бүгежектеп, жауап қайтара алмаған мүсәпір ахуалын көрсеткілері келмейтін болса керек...
Халықты ашындыра бергеннің аяғы жақсылыққа апарып соқпайды. Судья мырзалардың 1967 жылғы «шоферлар көтерілісін» ұмытпағандары абзал-ау..
Жаңабек Әбішев, заңгер
qazaquni.kz