Министр: Шетелдегі шейхтардан "сигнал" келсе, сәләфтар халыққа қарсы шығады
2017 ж. 09 сәуір
8645
16
Кейбір деректерге қарағанда еліміздегі салафизм ағымындағы адамдардың саны 10 мыңға дейін барады. Ал шетелдерге кетіп, қолына қару алғандардың жартысы өлген. Кеткендердің саны туралы да ресми мәлімет жоқ. Тек, жартысы әйелдері мен бала-шағасы деген әңгіме ғана бар.
Тілші: Нұрлан Байұзақұлы, жақында президенттің қабылдауында болдыңыз. Сол кезде мемлекет басшысы экстремизм мен терроризмге тойтарыс беру үшін бірқатар заңға өзгеріс енгізуді тапсырды. Қандай құжатқа, қандай түзетулер енеді?
Министр: Мемлекет басшысы дін саласында орын алып отырған мәселелерді шешудің пәрменді жолын табуды тапсырды. Заңнамалық өзгерістерге келер болсақ, ең алдымен мемлекеттің дін саласына көзқарасының жүйесін қалыптастыру керек деп есептейміз.
Осыған байланысты ең алдымен министрлік сол мемлекеттік дін саласындағы саясаттың тұжырымдамасын әзірледі. Бұл тұжырымдама көптеген сарапшылар мен дінтанушылардың ой-пікірлерін, ұсыныстарын ескеріп, кең талқылаудан өтті. Қазір тұжырымдама дайын, жақын арада үкіметтің талқылауынан өтіп, бекітілетін болады деп үміттенеміз.
Тілші: Елде дәстүрлі емес діни ағымдардың таралуы бірқатар проблемаларды тудырғаны белгілі. Олардың қауіптілігі неде?
Министр: Қазір біз деструктивті ағым деп кез келген радикалды фанатизмге негізделген, Қазақстанға жат жат діни ағымдарды айтып отырмыз. Бірақ олардың ішінде қазіргі таңда ең өзекті - ол салафизм деген радикалды ағым.
Деструктивті діни ағым, мысал үшін салафизм болсын, олар қателік діни түсініктерді біздің тарихи дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, біздің халқымыздың көп этносты, конфессиялық сипатынан жоғары қояды.
Олар тек шариғатқа, баяғы ежелгі діни талаптарға негізделген мемлекеттің құрылысын дұрыс жүйе деп есептейді. Мұндай шетін идеялар сан ғасырлық тарихымызға, сан ғасырлық мәдениетімізге қайшы келетіні сөзсіз.
Шетелдерден белгілі бір шейхтардан сигнал келсе, ол кез келген уақытта қолға қару алып, өз жерлестеріне, үкіметке, мемлекетке қарсы шыға алады. Сондықтан оларға сенім деген жоқ.
Министрлік мемлекеттік құзырлы органдармен бірлесіп, заңсыз уағыз жүргізіп, заңыз әдебиет таратып, заңсыз діни жиындарға жол бермеу бағытында кешенді жұмыстар атқарылып келеді.
Тілші: Ақтөбедегі терактіден соң президент сойқан салған салафит ағымының өкілдері екенін айтты. Сіз де "бұл ағым біздің қоғам үшін жат, теріс, деструктивті" деп мәлімдедіңіз. Биліктің позициясы - тыйым салмай, тұсаулау. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
Министр: Екі бағытта жұмыс жүргізіліп келеді. Дін саласына қатысты дұрыс сипаттағы білім беру. Экстремистік идеологияны жақтырмайтын көзқарас қалыптастыру.
Екінші бағыт - ол мақсатты реабилитациялау. Ол ең алдымен экстремизм үшін сотталған жазасын өтеуші мен олардың отбасы мүшелерімен жұмыс жүргізу. 2016 жылдың ішінде 70 адам бұрынғы қателік діни көзқарастан, діни райынан қайтты. 150 адам қателік діни сенімге күмәнданды.
Тілші: Басқа елде діни теологиялық білім алғысы келетіндер бар. Оған қатысты биліктің ұстанымы қандай?
Министр: Шетелде жекелеген діни білім беру оқу орындарына кеткен, өз беттерімен кеткен жастардың радикалды діни ағымның ықпалына түсуі әбден мүмкін. Шетелдердегі түрлі діни білім беру иелері солар арқылы қоғамды басқаруды қалайды.
Сондықтан біздің ұсынысымыз, жастар егер шетелге діни білім алуға барғылары келсе, олар алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағылармен ақылдасып, жолдама алып, шетелге барса болар еді.
Егер өз беттерімен шетелге барып білім алса, ҚМДБ оларды жұмысқа қабылдамайды.