АЛАШҚА АРНАЛҒАН ТАҒЛЫМЫ МОЛ КОНФЕРЕНЦИЯ

 Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ-де  ІV-ші халықаралық Фараби оқулары аясында «Қазақстанның жаңа жаһандық жаңғыруы: «Алаш» және «Мәңгілік Ел» идеялары» атты халықаралық ғылыми - теориялық және әдістемелік конференциясы  болып өтті.

    Бүгінде Қазақ елі –  көпұлтты, қарқынды дамып келе жатқан тәуелсіз мемлекет.   Мәңгілік елге айналу үшін тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту басты мақсат болып табылады. Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби ежелгі грек философиясы мен шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түркі дүниесінің «Мәңгілік ел» философиясының теориялық негіздемесін жасап берді. «Мәңгілік ел» болу идеясын жүзеге асыру сонау түркі кезеңінен бастау алса, берісі  Алаш  зиялыларымыздың тынымсыз күресімен сабақтасып, жалғасын тапты. Тәуелсіздік ұғымы халқымыздың мұраты, ғасырлар бойғы арманына айналған, сонау Алаш тұлғаларының зердесі мен өнегесімен келген аманат болып табылады. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік мұраттарына қол жеткізді.   Осыған орай әл - Фараби атындағы ҚазҰУ  тарих, археология және этнология факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен 2017 жылы 6 сәуірде ІV-ші халықаралық Фараби оқулары аясында «Қазақстанның жаңа жаһандық жаңғыруы: «Алаш» және «Мәңгілік Ел» идеялары» атты халықаралық ғылыми - теориялық және әдістемелік конференциясы  болып өтті. Конференцияға арнайы шақырылған қонақтар, шетелдік ғалымдар, профессор-оқытушылар,  докторанттар, магистранттар мен студенттер  қатысты. Конференция «Қазақстанның жаңа жаһандық жаңғыруының тарихи-рухани негіздері», «Мәңгілік ел» идеясы және Отан тарихының өзекті мәселелері», «Е.Бекмаханов мұралары және «Алаш» идеясы мен Алаштану мәселелері», «Тарихты оқытудың инновациялық әдістері мен технологиялары» атты төрт секция бойынша жүргізілді. Конференцияның ашылу салтанатында факультет деканы М.С.Ноғайбаева әл - Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, ҚР  ҰҒА-ның академигі Ғ.Мұтановтың құттықтау сөзін оқып берді. Құттықтау сөзде: «Бүгінгі конференцияда Алаш қайраткерлерінің ел үшін жасаған қызметтері олардың ұлттық идеяға адалдығы, «Алаш» идеясы мен «Мәңгілік Ел» идеясы арасындағы тарихи, әрі рухани сабақтастықтар мәселелері көтеріліп, тың тұжырымдар айтылады, деп ойлаймын» делінген. Конференцияның пленарлық мәжілісінде  "Ақ жол " демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, қоғам қайраткері,  ақын  Қазыбек Иса, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор М.Қ.Қойгелдиев, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор Х.М. Әбжанов, ҚР ҰҒА құрметті академигі, Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерделеудің республикалық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Т.О.Омарбеков, Халықаралық түрік әлемі мәдениет қорының стратегиялық зерттеулер комитетінің төрағасы, филология ғылымының докторы, профессор Ислам Жеменей, Қытайтану кафедрасының меңгерушісі тарих ғылымының докторы, профессор Н.Мұқаметханұлы,  Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі ҚР ҰҒА корр.-мүшесі тарих ғылымының докторы, профессор Б.Б.Кәрібаев және шетелдік ғалымдар, Египет Араб республикасының Аль-Азхар университетінің қауымдастырылған профессорлары Ахмад Али Хасан Махмуд пен Мадих Абдулла Абделжауад Хасан  және тағы басқа да ғалымдар баяндама жасады. Ғалымдар жасаған баяндамалары барысында Алаш қозғалысы жетекшілерінің өзгелермен терезесі тең автономия туралы идеялары  таптық тар саяси шеңбермен шектелгенмегендігін, олар ұлттық мемлекет құру мұратын әйгілі 1905 жылғы патша самодержавиесіне қарсы петицияны ұйымдастырудан бастап, Алаштың Жалпы қазақтық съездеріне дейінгі аралықта қазақ жерін талаған Ресейлік отаршылдық жүйені құрту, патшалық самодержавиені жою, монархиялық басқаруды республикамен алмастыру, Ресей құрамында болса да, өзгелермен терезесі тең автономияға ие болу арқылы саяси жүйені түбірімен өзгертуге бағытталған асқақ саяси идеяны ұстанғандығы туралы тың деректер негізінде пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ  Алаш қайраткерлерінің сол кезеңдегі қоғамдық санада ақиқат жол болып көрінген тап күресін мүмкіндігінше қантөгіссіз, бейбіт жүзеге асыру жолдары туралы мәліметтер қамтылды. Қазақ халқының тарихында Алаш қайраткерлерінің алар орны ерекше. Олар өз ұлтының бостандығы жолында басын бәйгеге тіккен, туған елін отаршылдықтың бұғауынан босатып, тәуелсіз мемлекет құру жолында соңғы  демі қалғанша күрескен озық ойлы, көзі ашық, қазақтың маңдай алды қаймақтары еді. Қазақ халқының тарихында азаттықты аңсап, өз елінің тәуелсіздігін  қорғаған тарихи тұлғалар аз емес, дегенмен  Алаш қайраткерлерінің олардан айырмашылығы мен ерекшілігі бар. Бұған дейінгі бостандық үшін басын бәйгеге тіккен ұлы тұлғалар алға қойған мақсаттарын найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен жүзеге асырмақ болса, ал Алаш қайраткерлері өркениетті елдердің дәстүрімен күресті партия құрып, саяси жолмен жүргізді. Алаш партиясы ұлттық саяси күш ретінде Алашорда үкіметін құрып және Алаш автономиясын жариялап, тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды көкседі. Тағдырлары қайғылы аяқталғанына қарамастан, Алаш қайраткерлері елі мен жерінің, қазақ ұлтының қамын ойлап, оның жарқын болашағы үшін күресті. Олардың идеялық мұрасы саяси санасы толыққан, тәуелсіздік идеясын ту еткен бүгінгі ұрпаққа аманат, атқарған ерен істері өнегелі өсиет болып табылады.  Алаш қайраткерлері өз заманында жасаған жоспар-бағдарлама бүгінгі тәуелсіз қазақ елін басқару, дамытып-өркендетуге, яғни жаңа дәуірге  лайықты жасалды. Алаш қайраткерлері қазақ халқы толық тәуелсіздік алған жағдайда елді қалай басқарып, дамыту, ішкі-сыртқы саясатты жүргізудегі және көрші мемлекеттермен жақсы қарым-қатынаста болу жолдарының бәрін нақты көрсетіп, белгілеп берген болатын. Алаш азаматтарының есімдері халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Ел тағдырының мәні азаттықтыққа қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекеттілікті сақтау болса, осы жолда қаншама Алаш зиялылары тәуелсіздік үшін күрес жолын жалғастырды. Кешегі өткен кеңестік дәуірде  тарихы тереңде жатқан қазақ елін жоққа шығаруға бағытталған әрекеттерге тойтарыс беріліп, «Қазақ жері» деген ұғымның сақталып қалу жолында ерен еңбектер атқарылды. Алаш идеясы, Алаш қозғалысы әлі де таразылайтын тың тақырып. Әлі де оның қайраткерлері толықтай зерделеніп болған жоқ. Алаш идеясын жүзеге асыруда оның көсемдері  тың серпіліс, жаңа тыныс берген, олар өз әрекеттері арқылы Алаш идеясының өміршеңдігі ұрпақтар сабақтастығында  екенін ұғындырып кетті. Ұлттық тарихымызды өскелең ұрпаққа насихаттау, бүгінгідей тәуелсіз мемлекеттігіміздің негізін қалау жолында күрес жүргізген Алаш қайраткерлерінің саяси-қоғамдық және мәдени-ағартушылық қызметтері, Алаш идеясының «Мәңгілік ел» идеясымен сабақтастығы, олардың  рухани мұралары  мен рухын жастардың бойына сіңіру мақсатында өткен конференцияның тағлымы мен танымы мол.   Г.Қозғамбаева, Қазақстан тарихы кафедрасының доценті. qazaquni.kz