Заң органдарына күмән келтіретін өкіл имам
2017 ж. 03 сәуір
3544
6
Атам қазақ: «Айтпаса сөздің атасы өледі» дейді. Бала кезден бауырына басып, хақ діннің асыл нәрінен сусындатып, жарты ғасырдан астам уақыт ислам діні жолында аянбай тер төгіп, халыққа кеңінен насихат жүргізіп келе жатқан алатаудай асқаралы абыз ақсақал (Аллаберген ) Заралхан қажы мен үшін тұғыры биік әзиз жан. «Жау жағадан, бөрі етектен» алған тұста, мен немересі ретінде әділдік жолында үндемей қалуды ар санап, «досқа күлкі, дұшпанға таба қылмай» қолыма қалам алуды ұрпақтық парызым деп білдім.
Көктемнің жайма шуақ күнінде, ай-күннің аманында Семей шаһарындағы бір жарым ғасыр тарихы бар бір мұнаралы «Ағаш» мешітінде үш аптаның ішінде үш рет имам отыратын бөлменің құлпын бұзып, жәшікті қиратып, ондағы қаржыны ұрлап әкету әрекеті тіркелді. Айналдырған жиырма күн ішінде жәшіктегі ақша ұрлығы тұрмақ, аяқ киім де жоғалып көрмеген, бұрын-соңды болмаған жайт, халықтың жағасын ұстатып, әркімді әртүрлі ойға жетеледі. Әйтпесе, азғантай қаржы үшін қатарынан үш рет келіп мешіттегі садақа жәшігін тонау, ақылға сыймайтын нәрсе емес пе? Әрине бұл қылмыстық әрекетті ішкі істер басқармасының құзырына тапсырып, істің ақ қарасы анықталғанша, әліптің артын бағып, көпшілікпен бірге нәтижесін күтуге де болар еді. Бірақ...
Өткен ғасырдың 80-шы жылдардың басында шаһарымыздағы «Ағаш мешітіне» қызметке тұрып, күні бүгінге дейін имамдық қызметті абыроймен атқарып келе жатқан Заралхан қажы Дүйсенбекұлын Семей өңірінің өкіл имамы Мақсат қажы Алтыбай үстіміздегі жылғы наурыз айының 2-сі күні шақырып алып, еңбек шартының бұзылатынын және қолына ескерту қағазын беріп, өз еркімен өтініш жазуын бұйырып, бір айдың ішінде имамдық орнын босатуын талап етеді. (Бұл бір емес, әр көрген сайын «Имамдықты қашан босатасыз» деп, Мақсат қажының абыз ақсақалға жиі айтатын сөзі екенін де жасыра алмаспыз). Қош. Осы әңгімеден соң арада үш күн өткеннен кейін яғни 5-ші наурыз күні Заралхан қажының имамдық қызметінің 40 жылында кездеспеген сұмдық жайттың куәсі болдық. Үнемі жамағатқа есігі айқара ашық, көненің көзіндей болған «Ағаш» мешітте адам айтса сенгісіз жайт орын алып, белгісіз бұзақылар тарапынан құлшылық үйіндегі садақа жәшігі қопарылып, ішіндегі қаржы ұрланып, Жаратушының қаһарын келтіретін әрекет орын алды. Араға бес күн салып, 10-шы наурыз-жұма күні қылмыстық әрекет тағы да қайталанып, имам отыратын бөлменің есігі бұзылып, садақа жәшігіндегі ақша қолды болады. Араға екі апта салып, 25-ші наурыз күні бұл адам сенбес зұлымдық әрекет үшінші рет қайталанып, бұзақылар Жаратушының жердегі үйінде ойран салып, жәшікті күл талқан етіп кетеді. Қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық» демей ме. Мешітте болған осы келеңсіз жағдайлар ел арасында үрей туғызып, суыт хабар лезде тарап, «Қалай? не үшін? кімге керек болды?...» деген сұрақтарды туындатты. Түрлі сауалдардың болуы да орынды еді. Өйткені көнекөз қариялардың айтуынша, кешегі кеңес дәуірі кезінен бері руханияттың ордасы, береке мен бірліктің ұйытқысы болған, Хақ пен халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан құлшылық үйінде бұрын-соңды қаскүнемдер тарапынан мұндай айуандық әрекет болмаған.
Ал Семей өңірінің өкіл имамының мешіттегі қарақшылық әрекетке байланысты айтқан тұжырымы, ойымды сан-cаққа жетеледі. Мақсат имамның: «Вряд ли табылады, іздемейді де олар» деп не мақсатта айтқанын, онымен нені аңғартқанын түсінбей дал болдым. Өкіл имам Мақсаттың ойлаған мақсаты не сонда... Тіпті дін адамының құзырлы органның атынан осындай жеңіл ойлы шешім шығара салатыны таң қалдырды. Егер де адамдар Аллаға құлшылық ететін, имандылық ұйыған орынның жауапты адамы құзырлы орындардың қызметіне осындай сенімсіздік танытса, қарапайым адамдар жайлы не айтуға болады. Өкіл имамның үш рет ұры түскенін сенімді адамдарынан естігенін, қолмен қойғандай айтуы және: «Егерде Сіз орынды босатсаңыз қалталы жігіттер мешітті жөндеуге қаражат құюға да әзір» деген сөзі біртүрлі қораш естіледі екен, сонда ата отырса қаражат құйылмауының сыры неде?.. Сонымен қатар Заралхан қажыға Мақсат мырза: «енді орныңызды босатыңыз, өз еркіңізбен өтініш жазыңыз» деп, бірнеше рет қайталап айтуы, «Сіз ұрлыққа жол бердіңіз! Сондықтан енді амалсыз имамдықты босатасыз» деп сыңай танытқандай. Алайда «Ағаш» мешітіндегі барлық материалдық жауапкершілік бас имамның мойнында болғандығына қарамастан, қылмыстық әрекеттің нәтижесін соңына дейін күтпей, бас имамдық қызметтен асығыс босатуында қандай ой жатыр? Өмірін Алланың ақ жолына бағыштап жамағаттың тек құрметіне бөленген абыз атамызға жала жабылуы, «өз еркімен жұмыстан кетіру» ертең сол жамағаттың алдында өз кінәсін мойындады деген мазасыз ойларға да жетелейтіні түсінікті.
Уа, ағайын, шапаны қырық жамау күнде де иманын кірлетпеген ел едік, бүгінгі өз қолымыз өз аузымызға жеткен заманда мұндай жүректен иман бездіретін әрекетке кім барды екен, және кімнің тапсырмасы болды екен... Қазақта бір қанатты сөз бар «құрастырып айтса – құлдікі жөн, біріктіріп айтса – бидікі жөн» деген, бұл жазылған жәйттарды сол басы біріктіріліп айтылған ашық ой деп қабылдаңыздар.
Қуаныш Смағұлов,